Кино • 08 Тамыз, 2018

Отандық фильмдер «The Most Credible Award» кинофестиваліне қатысады

203 реткөрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Қазақстан мәдениетін Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдерге таныстыру шаралары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «KOZ Production» Бас директоры, актер Мұхаммед-Расул Көздібай, «KOZ Production» директоры, актер-сценарист Бауыржан Аңқабаев, кастинг директоры Әділет Қапаш, «KOZ Production» компаниясының спорт және туризмді дамыту департаментінің директоры Константин Маслов қатысты.

«Елбасы Н.Назарбаев елімізді Орталық Азиядағы үлкен ірі іскерлік транзиттік хабқа айналдыруға шақырған болатын. Шетелдік инвесторлар кеңесінде Елбасы «Жаңа Жібек жолы» ауқымды жобасын іске қосуды ұсынған.  Сонымен қатар  «Бір белдеу, бір жол» форумы еліміздің геосаяси жобаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. Елбасы «Қазақстан өзінің тарихи рөлін қайта жаңғыртып, Орта Азиялық аймақтағы ең ірі іскерлік хабқа, Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналуы тиіс, деген болатын. Әлем Қазақстанды тек қана мұнайлы ел ретінде емес, сондай ақ мәдени жаңалықтары арқылы да тану керек. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да айтылған. Сондықтан да біз Қазақстанның заманауи мәдениетін әлемде көрсететін жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Еліміздің мәдениет, сондай-ақ туризм саласындағы жаңалықтарымен таныстыру үшін қазан айында Шанхайда өтетін «The Most Credible Award 2018» халықаралық кинофестивальде Қазақстанның кинотуындыларын көрсетеміз», дейді «KOZ Production» Бас директоры, актер Мұхаммед-Расул Көздібай.

Жібек жолы бойындағы елдерден келген қонақтардың қатысуымен өтетін бұл шарада отандық өндірістегі фильмдер де ұсынылатын болады.

«Бұл кинофестиваль біздің кинематографымыз Азия және Еуропаның бірқатар елдерімен бәсекелесуге қабілетті екендігін көрсетіп, еліміздің мәдениетін дамытуға айтарлықтай серпін береді. Аталған іс-шара Қытайдың өнер жұлдыздары Донни Йен (Ип Ман, Жұлдыздар соғысы), қытайлық танымал режиссер Чжан Чжи Зонг, актер Саммо Хун және басқа да танымал әртістер, әншілердің қатысуымен өтеді. Ал кештің негізгі қонақтарының бірі – біздің таланты әншіміз Димаш Құдайберген және тағы басқа қазақстандық бірқатар әнші, акетерлері де қатысатын болады», деп атап өтті кастинг директор Әділет Қапаш.

Сонымен қатар Мұхаммед-Расул Көздібай «The Most Credible Award 2018» халықаралық кинофестиваліне 20-ға жуық фильм қатысатынын айтты. Оның ішіндегі ең үздік деген алты жеңімпаз фильм Жібек жолының елдеріне және Қытай кинопрокат нарығына шығады. Кинофестивалде 10-ға жуық  отандық туынды бақ сынамақ.

Кинофестиваль әлемнің 124 еліне трансляция жасалады. Іс-шараға қатысушылар 9-дан аса елден ірі БАҚ өкілдерімен танысуға мүмкіндік алып, арықарай ынтымақтастық арқылы жаңа жобалар пайда болуы мүмкін.

Рауан ҚАЙДАР

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Әдеби өлкетану» - жаңа жоба

Аймақтар • Бүгін, 09:30

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Сауаптан құр қалмаңыз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар