Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

ЭКСПО қалашығында «роботтар балы» өтті

411 реткөрсетілді

Жастар арасында инженерлік мамандықтар­ды насихаттау, елімізде роботтық техниканы дамытуды ынталандыру жайын мақсат еткен шара 7 тамызда басталып, қыркүйектің 26-сына дейін жалғасады.

Елордадағы ЭКСПО қалашығына қашан барсақ та қызығы еш таусылған емес. Орталықтағы таңдайқақтырар таңғажайып туындыларға талай тамсанып, инновацияның игілігіне сан мәрте сүйсініп қайтқанбыз. Бұл жолы да ЭКСПО қалашығында тағы бір керемет іс-шараның басталғанын сүйіншілеуге асықпыз. Бұл – «Нұр Әлем» сферасында өтіп жатқан «Роботтар балы».

Келушілерге әркез жаңа­шыл­­дықты жаршылап, заманауи дүниелерге көзайым етуге бейім орталық аталған айрықша балдың бас­талуына орай бұқаралық ақпарат өкіл­дерін шақырып, баспасөз турын өткізді.

«Роботтар балы» робошоуы – Америка, Еуропа, Оңтүстік Корея және Жапония робот-техникасының соңғы жетістіктерін және заманауи роботтар слетін ұсынады. Жас ұрпақтың интеллектуалды әлеуетін дамыту, жастар арасында инженерлік мамандықтар­ды насихаттау, елімізде роботтық техниканы дамытуды ынталандыру жайын мақсат еткен шара 7 тамызда басталып, қыркүйектің 26-сына дейін жалғаспақ. Келушілер назарын аударып, салаға қызығушылық оятуды көздеген ұйымдастырушылар балға қатысушы роботтардың «жетістігін» мейлінше ашуға тырысқан. Мәселен, қойылымның басты хедлайнері ағылшындық робот – гуманоид Теспиан «сегіз қырлы, бір сырлы», «бесаспап» екендігін танытты. Ол сөйлейді, ымдарды көшіреді, ән айтады, тіпті би билеп, күледі, жылайды. Керек десеңіз, Шекспирдің шығармаларын да оқып беретіні айтылды. Соның арқасында заманауи театр қойылымдарында бірнеше рет ойнаған да екен. Жалпы, балға қатысушы роботтар қатары аз емес, олардың әрбірінің ерекшелігі, жасалу тарихы, мазмұны әрқилы. Бастысы, елімізге келген ерекше роботтар Астанамызда әлі біраз уақыт аялдайды. Ал әр роботпен жекелей танысамыз деушілерге ЭКСПО кешенінің есігі әрдайым ашық. Иә, «жақсыны көрмекке» деген...

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Сырттанов туралы сыр

Руханият • Кеше

«Шаңырақтың» шапағаты

Руханият • Кеше

Тағылымы мол кездесу

Аймақтар • Кеше

Аграрлық банк құрылса...

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар