22 Желтоқсан, 2011

Рухани мәселелерге ден қоюда

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Руханият» партиясының атынан де­путаттыққа кандидат, танымал режиссер Еркін Рақышев өзінің сайлауалды үгіт-насихатын өзгеше қадамнан бастады. Жуыр­да ғана «Айша» атты жеті сериялы жаңа туындысымен ұлттық кино кеңістігіне жылт еткен сәуле түсірген режиссер Алматы қаласындағы №1 балалар үйінде қайырымдылық шарасын өткізді. «Қазақфильм» студиясымен бірлесіп түсірген «Айша» фильмі қарапайым да қызықты сюжет арқылы ұлттық құнды­лықтарды қастерлеп, көздің қарашығындай сақтауға, өскелең ұрпақ бойында ұлттық-патриоттық сезімді қалыптастырып, қоршаған ортаны сыйлауға, қоғамға титтей де болса пайдалы үлес қосуға үндейді. Осы партиядан депутаттыққа кандидат Қайрат Бодаухан Жаңаөзен оқиғасы бой­ын­ша құрылған Үкіметтік комиссия төрағасы Өмірзақ Шөкеевке арнаған мәлімдеме жасады. Онда үміткер «...оқиғаға кінәлі орал­мандар, сондықтан оларды басқа өлкелерге көшіру керек...» деп мәлімдеуіңіз мемлекет пен ұлттың абыройына үлкен сын болды деп есептейміз. Көші-қон, оралмандар мәселесі мемлекеттік стратегия ретінде әркез ел сая­са­тынан ұмыт қалған емес. Алайда, атқарушы биліктің қырсыздығы мен оралмандардың саяси, құқықтық шектеулігі көп тауқымет­тің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік бермеді, сол себептен қоғамдағы әлсіз топқа оралмандардың бір бөлігі қосылды. Сіздің комиссия төрағасы ретінде Жаңа­өзен оқиғасына оралмандардың қатыс­ты­лығына қатысты объективті баға беруіңізді сұраймыз», делінген мәлімдемеде. Енді аталған партияның тұғырнамасына қысқаша тоқталатын болсақ, онда руханияттықтар ел экономикасын көтеруді, әлеуметтік мәселелерді шешуді, биік адамгершілікті және рухани жағынан толысқан қоғам қалыптастыруды өздерінің басты бағдарлары етіп алған. Партияның кезектен тыс өткен VIII съезінде партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин «Руханият» партия­сының Жарғысына өзгеріс енгізілгенін айта келіп, партия ұсынған кандидаттардың барлығы дерлік жоғары білімді, саясаттан хабары бар, көзі ашық адамдар екенін алға тартқан болатын. Бұл сөздің шындыққа сәйкесетініне ешкім дау айта қоймас. Қанат ЕСКЕНДІР. АЛМАТЫ.