Мектептер мемлекеттік нормативтерге сәйкес келмегендіктен аудандық әкімдіктер қаулысымен жабылды. Қазір облыс бойынша жалпы білім беретін 514 мектеп бар. Соның 345-і шағын жабдықталған білім ошақтары. Ал 108 мектеп нормативтік желіге сәйкес келе бермейді. 7 білім беру мекемесі орта мектептен орталауға, орталаудан бастауышқа айналды.
«Облыс өңіріндегі 175 елді мекенде мектеп жоқ. Ал ол жерлерде мектеп жасындағы 1621 бала тұрады. Олардың 250-і мектеп-интернаттарында оқиды, 55 бала мектебі бар ауылдардағы туыстарының үйінде жатады, 1316 баланы мектепке көлікпен тасиды. Ол үшін облыста 139 автобус бар. Баланы мектепке тасуға облыста 29 автобус жетіспейді» деді Бәтима Бексұлтанқызы.
Өткен оқу жылы Сарыкөл ауданында осы мақсатқа бір автобус алынған, ал Қостанай ауданында қаржы бөлінген, бірақ әлі көлік алынбаған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл мәселені тездетіп шешуді, ол үшін лизингтік жүйемен автобус алуға шұғыл құжаттар дайындауды тапсырды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай