22 Желтоқсан, 2011

Сапар жайын айтты

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жалпыұлттық со­циал-демократиялық пар­тиясының 18 адамнан құралған комис­сиясы­ның бір­қатар мүшелері 21 желтоқсан күні Ақтау қаласына келіп жетті. Осы са­пар­дың жай-жапсарын білмекке Жалпыұлт­тық со­циал-демократиялық партиясының тең төр­ағасы Болат Әбіловпен байланысқа шыққан едік. Ол төмендегідей жәйттерді мәлімдеді. – Біз әуежайдан бірден  әкімдіктің ал­дын­дағы Ынтымақ алаңына келдік. Бұл жер­де 200-дей мұнайшы тұр екен. Олар: «Өмірзақ Шөкеевпен кездестік және ол кісі бізге жаңа жұмыспен қамтамасыз етуге уәде берді. Бірақ, біз тек бұрынғы жұмыс орындарымызға қайта оралғымыз келетінін жеткіздік», дейді. Осыдан кейін бізді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қаныбек Жұмашев деген кісі қабылдады. Ол кісі Жаңаөзен мәсе­ле­сі­не орай өз пікірін айтты. Біз де өз тарап­ы­мыз­дан мақсатымыз – Жаңаөзендегі жергілікті билікпен және мұнайшылармен тікелей жүздесіп,  пікірлесу екендігін білдірдік. Жетібай деген жерге жеткенде  блок-постта полиция қызметкерлері бізді тоқтатып, әрі қарай жіберген жоқ. Ол жерде 15 шақты әскери адам тұр. Бір сағаттай күтуге тура келді. Милиция майоры кешірім сұрап, бізге ешкімді жібермеуге тапсырма  келді, деп әрі қарай баруға рұқсат бермеді. Содан кейін Ақтауға қайтуға мәжбүр болдық, – деді Болат Әбілов. Оның төтенше жағдай жарияланған қаладағы ерекшелікті дұрыс түсінгені де құптарлық деуге болады. – Жаңаөзен мәселесінің ақиқаты бір күнде ашылмайды. Қолымыздан келгенше осы іске араласып, көмегімізді бергіміз келеді. Арамызда тәуелсіз қоғамдық комиссия мүшелері Рысбек Сәрсенбайұлы, Гүл­жан Ерғалиева, Владимир Козлов, Мұхтар Тайжан мен журналистер бар, – деді партияның тең төрағасы одан әрі. Ал алдағы сайлауға қатысты таяу күндері бұл партия жетекшілері тағы да бір тоқайласып,  қандай шаралар атқаратын­дығын ойласып, жоспарда тұрған шаруаларды «пісіре» түспек. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.