22 Желтоқсан, 2011

Үгіт пойызы жолға шықты

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қарағанды қаласының темір жол вокзалынан Қазақстан Коммунистік халық­тық партиясының сайлауалды жұмыстарын жүргізетін топтарынан құралған үгіт пойы­зы өңірдің елді мекендерін аралауға ат­тан­ды. Үгітшілердің негізгі құрамы ҚКХП об­лыстық филиалының белсенділерінен жа­сақталған. Екі аптадан артық мерзімге жоспарлан­ған үгіт пойызының сапары Қарағанды облысының ауылдық аудандары мен Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск сияқты қала­ларында жалғаспақ. Үгіт бригадасының жетекшісі Тимур Сайфуллиннің айтуынша, сапарға шыққан үгіт пойызының басты мақсаты – жер-жердегі тұрғындармен тікелей жүздесу. Бір жағынан, осы кездесулер барысында ҚКХП-ның сайлауалды тұғыр­на­масымен таныстырып, жан-жақты үгіт жұмыстарын өткізу болса, екінші жағынан, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, депутаттықтан үміт­керлерге айтатын аманаттарын қа­былдау. ҚКХП облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Александр Зевахин бұл үгіт пойызын дайындауға мүгедек балалары бар аналардың мүддесін қорғайтын «Қамқор» қоғамдық бірлестігінің ерекше белсенділік танытқанын атап көрсетті. Оның айтуын­ша, Қарағанды облысында коммунистердің сайлауалды үгіт-насихат жүргізу жұмысы ерекше белсенділікпен басталған. Үгіт жұмыстары бастау алған кезеңнен бері ҚКХП құрамынан ұсынған үміткерлердің саяси көзқарасын айқындайтын бірнеше ақпараттық билбордтар ілінген. Бұл ретте жергілікті билік органдары коммунистерге ешқандай кедергі келтіріп отырмағандығын да облыстық штаб жетекшісі атап айтты. – Біз үй-үйлерді аралап, ҚКХП үміт­кер­лерінің бағдарламаларымен таныстырып жүрміз. Тұрғындар бізді жылы қарсы алуда. Қазірдің өзінде мен қараған­дылық­тардың көпшілігі біздің партияға жылы қабақ танытып отырғандығына куә болып жүрмін. Алдағы уақытта біз жұмысы­мызды осы қарқынмен қызу жалғастыра бермекпіз, – дейді ҚКХП-ның жас үгітшісі Арман Лезбаев өз ойымен бөлісіп. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыс­та­рын барлық өңірлерде қызу жүргізуде. Оған партия тарапынан белгіленген үгіт­ші­лердің белсенді қимылы айғақ болғандай. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Соңғы жаңалықтар