Өнер • 10 Тамыз, 2018

Аяқ-киім шебері Юрий Жуков

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жолаушыға ой серік. Жаңа ғана жеңіл көліктің ішіндегі радио желісінен оқыс оқиға жайлы ақпарат естігенбіз. Он алтыдағы бозбала көп қабатты үйдің алтыншы қабатынан секіріп кетіп, опат болыпты. Себеп, ата-анасы ноутбук әпермеген. Байғұс бозбала. Аман болса, алда қанша ғұмыр бар, әлденеше ноутбук, бәлкім одан қымбатын ұстамас па еді?..  

Аяқ-киім шебері Юрий Жуков

Степняк қаласына жет­кенбіз. Қонақ үйге орна­ластық. Зәуі бір себеппен екінші қабаттағы аяқ киім жөндейтін шеберханаға бас сұққанбыз. Сұңғақ бойлы, қараторы жігіт қарсы алды. Өз жайын ыммен ұқтырған. Тілсіз екен. Біз қолымыздағы қалам мен блокнотымызды көрсеттік. Соған қарап, қай кәсіптің адамы екенімізді ұққандай. Қалыпты машықпен ауаны айқыш-ұйқыш сызғылап, әлденені айтып жатыр. Өкінішке қарай ымын ұға алмадық. Дес бергенде біздің жайымызды көрген жігіт ағасы осындағы са­ңы­раулар қоғамында Роза Айтмағанбетова есім­ді аудармашының бар екен­дігін жеткізген. Жур­налист екенімізді айтқан соң Роза апай бірден келісе кетті.

Шебердің аты-жөні Юрий Жуков. Тумысынан тілсіз. 2016 жылы өз қаржысына аяқ киім жөн­дейтін шеберхана ашып алыпты. Содан бері ел ал­ғысына бөленуде. Тозған аяқ киімді жамап-жасқау бағасы арзан әрі келген адам­ды жылышы­­­­раймен қарсы алады. Тілсіз-ақ тә­мам елмен тіл табысып жүр. Жалғыз аяқ киім жөндеумен ғана емес, спортпен де ай­налысады. Аудан, облыс былай тұрсын, рес­публикалық спартакиадаларда топ жарған. Мүм­кіндігі шектеулі «Үміт» спартакиадасының әлде­неше мәрте жеңімпазы. Ауыр атлетика және армрестлингпен күнделікті шұ­­­ғылданады. Жатып кө­теруден 75 келі салмақ межесінде. Менің көз ал­дыма ауыр зілтемірді емес, тағдырдың салмағын қи­налмай көтеріп жүр­гендей елестеп кетті.

Сұңғақ бойлы, әде­міше жігіттің жүзінде тағ­дыр талқысына деген торығу жоқ. Қайта өмірге құш­тарлықтың лебі есіп тұр.

– Жарысқа дайындалып жатырмын,– дейді ол аудармашы арқылы айтқан әңгімесінде, – бұрын жағ­дайым қиындау еді, қазір бір бөлмелі үй алдым. Анам екеуіміз тұрып жатырмыз. Өз табысым өзіме жетеді. Анам Надежда Коркина қырық жыл мұғалім болған кісі.

– Өте еңбекқор, та­за,­ адал жігіт. Аудан ор­та­лығын­дағы мұқтаж жан­ның бәрі осында келеді. Кей­­біреулерді мүсіркеп, тегін де көмектесе салады. Анада бір келсем, он екі мүшесі сау, тепсе те­мір үзетін өзіміздің бір жігіт Юрийге тегін істеп бер­ші деп қолқа салып тұр екен. Ұялғаным-ай, – дей­ді көлденеңнен киліккен Қап­пас Жансүгіров ақсақал.

Күн астында жүргенмен, күрсінуге себеп көп қой. Әйт­се де тағдырдың сал­ған­ ісіне мойымаған ше­бер­дің тіршілігіне тәнті бол­­дық. Сол кезде ата-анасына болмашы зат үшін өк­пелеп, дүниеден баз кешкен бозбаланың есімізге түскені.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»