Өнер • 10 Тамыз, 2018

«I`m a Singer Kazakhstan» талант-шоуының жүлде қоры 50 000 000 теңгеге жетті

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде танылмай жүрген таланттарды табуда теңдессіз жобалар жеткілікті. Оның  ішінде тек жанды дауыспен өнер көрсетіп, тыңдарманына қиянат жасамайтын дарындардың орны бөлек.

«I`m a Singer Kazakhstan» талант-шоуының жүлде қоры 50 000 000 теңгеге жетті

Өткен жылы әлемнің алты елінде таратылған, 200 миллионнан аса адам тамашалаған үлкен жоба жалғасын табады.

Сонымен, Алматы қаласын­­да «31 арнаның» ұйымдасты­руы­­­мен халықаралық «I`m a Singer Kazakhstan» талант-шоуы­ның екінші маусы­мы­ның тұ­сауы кесілді. Биылғы мау­сым­ның сыйлық қоры 50 000 000 теңгеге жетті. Қазақ­стан­да бала­масы жоқ ғаламат жобаға әлем­нің әр түкпірінен ең мық­ты дауыс иелері жиналады.

Халықаралық талант-шоуы­ның жаңа басталуына орай жоба жетекшілері бас­ты жаңа­лықтарымен бөлісіп, ресми түрде жоба кастингінің аяқталғанын хабарлады.

Осы өнердің өзі де өміріміздің бүкіл салаларымен сабақтас болғандықтан, «31 арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметов аталмыш жоба Қазақстанның көрікті мекендерін қамтуға, туризмді де насихаттауға күш салатындығын айтты. Өйткені биылғы байқауға шет мемлекеттерден де қатысуға тілек білдіріп отырған таланттар көбейді. Мәселен, биылғы жанды дауыс­тар жарысына қатысуға 4 мың­нан аса адам өтініш жіберді. Олардың арасында Қазақстаннан бөлек, Ресей, Украина, Өзбек­стан, Қырғызстан, Әзербай­жан, Иран, Армения және Бела­русь мемлекеттерінен ниет білдір­гендер де бар.

Әнсүйер қауымның есінде болса, танымал әншілеріміз бұл жоба былтыр басталғанда бақ сынауға аса ықыласты болмап еді. 2017 жылы күз-қыс телемаусымының ең ауқымды музыкалық оқиғасы атанған «I’m a Singer Kazakhstan» жобасының бірін­ші маусымына 6 елден 8 кәсіби ән орындау­шы қатысып, қазақ­стандық әнші Қайрат Түн­теков жеңіске жеткен-ді.

Есесіне биылғы жобаға еліміздің 30 шақты танымал эстрада жұлдызы қатысқалы отыр. Және қатысатын мемле­кет­­тердің де саны артты.

Сондай-ақ биыл ғаламат шара­­ның ережелеріне өзгеріс­тер енді. Бұдан былай шоуға 16 жас­­қа толған, өзіне сенімді кез кел­ген үміткер өтініш білдіре алады.

«Бұл жоба – кез келген музы­­калық эстраданың дәр­ге­йін көтеретін шоу, – дейді «31 арна­ның» бас директоры Бағдат Қожах­метов. – Ол жай ғана ән сайысы емес, оны жұл­дыздардың өнері деп қарау қате. Ол, ең алды­мен, өзіндік драматургиясы бар, әншінің ішкі жан тебіренісін бейнелейтін бірегей оқиға. Мұндай жобалардың басым бөлігі көптің арасынан біреуді суырып алып шығып, жұлдыз жасауды мақсат тұтса, бұл шоудың мақсаты – керісін­ше жұлдыздың да адам екенін көрсету. Бір ұқсастығы, екеуінің де құралы – ән».

Биылғы маусымда сарапшылар да жұрттың сүйікті әнші­­­лерінен құралған. Олар­дың арасында Сәкен Май­ғазиев, Мақпал Жүнісова сынды әнші­лер бар.

– Мұндай ауқымды халық­аралық жобаға қазылық ету – үлкен мәртебе. Бас жүлдегер Алматыда жеке концертін өт­кізіп, жаңа әнін жазып, бейне­баян түсіруге және оны қазақстандық радиостанцияларда, музыка телеарналарында жыл бойы ротациялауға мүмкіндік алады, – дейді шоу жаңалықтарымен бөліскен байқау төрешісі Сәкен Майғазиев.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»