Елбасы мультимодальды хабтың Бесінші Каспий саммитінің қарсаңында іске қосылуының символдық мәніне тоқталып, бұл жобаның тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл Еуразия құрлығы үшін маңызы зор екенін айтты.
Мемлекет басшысына таныстырылған Құрық порты Ақтау қаласынан 70 шақырым, Қарақия ауданының Құрық ауылынан 17 шақырым қашықтықта орналасқан. Тасымал жұмыстарына ыңғайлы шығанақта орналасқан Құрық тәуелсіздіктен бері ашылған қазақстандық алғашқы порт болуымен де ерекше. Астық, тыңайтқыштар, мұнай өнімдері, химиялық заттар, халық тұтынатын тауарлар, машиналар мен түрлі жабдықтар және өзге де жүк түрлерін тиеп-түсіруге негізделген нысан географиялық орналасуы жағынан Ақтау және Баутин порттарынан да қолайлы.
67,4 гектар аумақты алып жатқан аумақта екі айлақ, автомобиль өтпе жолы, темір жол металдық өту көпірі, кеден және шекаралық бақылау қызметтері бар диспетчерлік, кедендік ресімдеу ғимараты, уақытша сақтау қоймасы, әкімшілік және өндірістік ғимараттар, сұрыптау стансасы, автомобильдерді және жолаушыларды бақылау-өткізу пункті бар. 2016 жылы сыйымдылығы 4 миллион тонна Құрық портындағы темір жол паромы кешенінің бірінші фазасы іске қосылып, 2017 жылдан бастап коммерциялық қызметі басталды. Өткен жылы порттың темір жол паромындағы терминалда алғашқы миллион тонна жүк тиеп-түсірілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,5 миллион тоннаға, қатынаған кемелер саны 320-ға жетті.
Сондай-ақ өткен жылдың соңында Құрық портынан «Әзербайжан Каспий теңізінің кеме шаруашылығы» ЖАҚ «Бястякар Гара Гараев» кемесімен алғашқы жеңіл және жүк көліктері жөнелтілді. Ұзындығы 125,25 метр, ені 16,22 метр, 3463 тонна жүк көтеру мүмкіндігі бар алып кемеге 27 жүк көлігі, 1 жеңіл көлік тиеліп, 30 жолаушы отырған болатын. Ал 2018 жылдың жеті айы ішінде тиеп-түсірілген жүк көлемі 1,2 миллион тоннадан асып түсті.
Мультимодальды көлік хабының таныстырылымында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамытудың маңыздылығына назар аударып, оның Еуразиялық құрлықаралық көлік жүйесіне қосылуы мемлекетіміз үшін стратегиялық міндет болып саналатынын атап өтті.
– Соңғы жылдары 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, 12 мың шақырым автомобиль жолы қайта жөнделді. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. Жүк тасымалдайтын вагондар жаңартылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль транзиттік дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңартылды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты құрылды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы соңғы он жылда Қазақстанның көлік-логистика жүйесін дамыту үшін тартылған инвестиция көлемі 30 миллиард долларға жеткенін және Құрық мультимодальды кешені осы ауқымды жұмыстың маңызды бөлігі болып саналатынын айтты.
– Бүгін іске қосылған Құрық портының автожол инфрақұрылымы көлік транзитін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірлерінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүк тасымалдаудың тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 2020 жылға қарай Қазақстанның транзиттік тасымалдан түсетін кірісін жылына 5 миллиард долларға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев
Көлік және логистика туралы сөз қозғағанда, ірі көлік-логистикалық хаб болуға қажетті барлық мүмкіндіктерге ие Маңғыстау өңірі мен халқымыз еліміздегі жалғыз теңіз деп қастерлейтін Каспий айрықша аталады. Ақтау және Құрық порттарының ел экономикасындағы ғана емес, сыртпен байланыстағы әлеуеті жыл санап артып келеді.
Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің артуына мультипликативті ықпал ететінін және қайта қалпына келген Жібек жолы арқылы өтетін сауда легіне тың серпін беретінін, сондай-ақ өңірдегі ынтымақтастықты кеңейтуге және экономиканың ілгерілеуіне септігін тигізетінін атап өтті.
– Бүгінде Маңғыстау облысы әуе, автомобиль жолдары, темір жол және теңіз көліктері желісі тоғысқан ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Каспийдегі екі заманауи порт өзара бірін-бірі толықтыратын болады. Бұл өңір үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қызмет көрсету секторын ілгерілетіп, трансұлттық компанияларды тарту керек, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдейтін өндірісті дамытқан жөн. Бұлардың бәрі туристік индустрияны дамытуға жол ашады. Бұл аймақ экономикасын диверсификациялау үшін аса маңызды. Бізге осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты шарада Мемлекет басшысына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ.Алпысбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы Құрық порты паром кешені құрылысын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Айта кетуіміз керек, өңірде аталған бағдарлама аясында стратегиялық маңызға ие бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара, Шалқар – Бейнеу, Боржақты – Ерсай жаңа теміржолдары салынған болатын.
Жалпы алғанда, соңғы он жылда Еуразиялық көлік дәлізін дамыту мақсатында көлік-логистика саласына 30 млрд доллар шамасында инвестиция құйылған. Жаңа инфрақұрылым жасақтау құрылысы мен жаңғырту жұмыстары және IТ-инфрақұрылым жасалуда. 2020 жылдары бұған 8,4 млрд доллар жұмсалатын болады. Бұл «Ұлы Жібек жолының» жаңғыруына серпін бермек.
Салтанатты шарада сөз алған Өзбекстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Раматов «Ұлы Жібек жолының» жаңғырғанын, Транскаспий бағдарында тасымалдың өскендігін жеткізсе, COSCO компаниясының басқарушы директорының орынбасары Суйт Цзюн «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу – бір жол» бастамашылығының тоғысып, екі мемлекет басшыларының тапсырмаларымен орындалғандығын атап өтті.
«Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ басшысы Д.Гурбановтың айтуынша, Құрық порты Қазақстан мен Әзербайжан арасында темір жолды дамытудағы технологиялық көпір болып саналады. Әзербайжан теміржолшылары қазақстандық әріптестерінің логистикалық іс-тәжірибесімен бөлісіп, темір жол мен теңіз көлігіндегі мултимодальдық шешімдерді бірге шығарады.
Соңында Елбасы Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп мультимодальды хабтардың – Ақтау және Құрық порттарының базасында қосымша өндірістер мен қызмет көрсету секторын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
– Жергілікті атқарушы органдар индустриялық және сервистік өндірістерді жаңа жағдайларға бейімдеу үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, кадрларды жаңа мамандықтар бойынша оқытуға және қайта даярлауға, сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміз үшін маңызы зор жобаларға атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, көлік саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы