Каспий маңы мемлекеттерінің бір-біріне деген шынайы сенімі, құрметі анық көрінген Ақтау саммиті, онда қабылданған Конвенция жөніндегі ақпараттар мазмұны, сарапшылардың пікірлері аталған жиынның өңірдегі саяси тұрақтылық пен орнықты дамуға жаңаша серпін беретінін растай түсуде. Осы орайда отандық сарапшылар да V саммиттің сәтті өткенін, қол қойылған Конвенцияда қамтылған мәселелердің өзекті екенін айтуда. Сондықтан бүгін біз елімізге танымал бірқатар мамандардың көзқарастарын, пікірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Әріптестік өрісі кеңейеді
Ақтау саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан және Ресейге ортақ тарихи құжаттың қабылдану сәтіне куә болдық. Құжаттың қабылдануына 20 жылдан астам уақыт жұмсалып, бүгін ол қоғам арасында бейресми «Каспий теңізінің конституциясы» деп аталып та үлгерді. Конвенцияда Каспий теңізіндегі экологияның, көлік пен табиғатты пайдаланудың, шектеу қою мен қауіпсіздік сипаттарының барлық аспектілері қамтылды.
Қазақстанның жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшін оның сенімді құқықтық негізін жасақтау қажеттілігін уақытында түсінуі үлкен нәтиже берді. Бүгінгі таңда Қазақстан Каспий теңізіне қатысты 18 келісімшарттың қатысушысы екенін айта кеткен абзал. Оның 9-ы бесжақты тарап негізінде қол қойылған құжаттар болып табылады.
«Каспий бестігінің» туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұдайы іздестіріп, ортақ бітімге келуге ұмтылуын бұған дейінгі өткен келіссөздер барысында орын алған объективті қиындықтарды еңсеруі мен дипломаттардың қажырлы еңбегінен байқауға болады. Нәтижесінде негізгі мәселелер бойынша бес ел консенсусқа қол жеткізді. Әсіресе жағалау елдері тәуелсіз жаға шегі мен жеке-дара құқықтарға байланысты, теңізде жүзу режімдері, әлемдік мұхитқа Каспий теңізінен барлық көлік құралдарымен еркін еніп-шығу, суасты құбырларын салу бойынша келісімге келе алды.
Қабылданған Конвенция және қосымша құжаттар энергия ресурстарын өндіру мен тасымалдаудан бастап, ауқымы кең жаңа біріккен жобаларды жүзеге асыруға, экология мен қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге келуге мүмкіндік берді. Бұл аймақтық деңгейде Каспий маңы елдерінің ғана емес, Орталық Азия елдерінің ынтымақтастықты арттыра түсуіне жол ашып отыр. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасын ұштастыру Қазақстанның аймақтық және ғаламдық деңгейде өзін көрсетуіне мүмкіндік береді.
Теңіздің құқықтық мәртебесінің айқындалуы «Каспий бестігіне» әріптестіктің жаңа белесіне көшуіне негіз болып отыр. Құжат Қазақстанның тұйық континентальды елден теңіз державасына айналуына мүмкіндігі бар екенін көрсетуде. Осылайша Қазақстан жерінде Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан сауда, туризм, өнеркәсіп, экономиканың басқа да салалары бойынша халықаралық-құқықтық күші бар жаңа құжатқа ие болды.
Каспий маңы елдері теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдау арқылы кең құқықтық базаға ие болғаны сөзсіз. Бұл шекаралас елдердің түрлі салаларда ортақ әрекет етулеріне жол ашады. Мемлекеттер басшылары деңгейінде қол қойылған Конвенция мен маңызды саяси шешімдер Каспийге байланысты көптеген сұрақтардың шешілуіне үлкен ықпал ететіні даусыз.
Гүлзат КӨБЕНОВА, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ММ директорының орынбасары
Табысты жобаларға жол ашылды
Тек Қазақстан емес, Каспий маңы елдері Ақтау саммитінің қорытындысын үлкен үмітпен күткені шындық. Себебі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін нақтылаған саяси-экономикалық осы құжаттың келешекте атқарылар көптеген іс-шаралардың алғышарты болатыны сөзсіз еді.
Құжат бойынша, Қазақстан 15 миль тәуелсіз су айдынына, әрі қарай 10 миль балық аулау аймағына иелік етеді, одан әрі ашық теңіз аумағына кіреді. Ал теңіз түбін секторлық түрде бөлу тұрғысынан келу өте маңызды болды. Бұған дейін Қазақстан Ресей, Әзербайжан елдерімен теңіз түбін делимитациялағаны туралы екіжақты келісімшарт бар. Конвенциядан кейін Түрікменстан, Иран елдерімен теңіз түбіндегі шекараны анықтаса, Қазақстан үшін Каспий теңізінің қазақстандық үлесі құқықтық тұрғыдан толық айқындалады.
Бұл Қазақстан үшін өз аумағындағы теңізді игеру енді басталады дегенді білдіреді. Әсіресе мұнай-газ ресурстарына байланысты жобалардың жаңа тынысы ашылып, транзиттік жобаларды Әзербайжан елімен тікелей шешуге мүмкіндік алды. Талай табысты жобалар бұрын конвенция қабылданбағаны себепті жүзеге асырылмай, көптеген қиындықтар туындатқан болатын.
Енді конвенция қабылдануынан кейінгі орын алатын жағдайлар турасында ойларымызды жүйелесек. Бұл орайда алдымен қазақстандық жобаларға қаржы көздерін, инвестициялар тартуға байланысты жобалар ойға оралады. Каспий теңізінің айқындалған құқықтық мәртебесі, теңіз игіліктерінің үлестік айқындалуы, бес елдің парламенттері ратификациялаған конвенция инвесторларға болашақта осы игіліктерді игеруге құқықтық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ екендігіне дәлел бола алады.
Болжам бойынша, таяу келешекте Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан елдері теңіз байлығын игеру жұмыстарын белсенді жүргізетін болады. Екіншіден, көмірсутегін транскаспий арқылы тасымалдау мәселесі. Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі түбімен құбыр тарту арқылы еліміздің, Түрікменстан көмірсутегін Әзербайжанға тасымалдау екіжақты келіссөздер арқылы шешілетін болады. Бұрын теңізге қатысты кез келген шешімді қалған төрт елмен келісу міндетті болатын. Келешекте әр ел өз бетінше шешім қабылдап, әрекет ете алады.
Рахим ОШАҚБАЕВ, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры, экономист
Тиімді келісім
V Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті табысты өтті деуге толық негіз бар. Өйткені Саммит аясында әзірленуіне 20 жылдан астам уақыт кеткен тарихи Конвенцияға, одан бөлек маңызды 6 құжатқа қол қойылды. Ендігі жерде Каспий маңы мемлекеттері теңіз айдынындағы, түбіндегі таласты аумақтарда орналасқан мұнай және газ кен орындарын өңдеуге, энергия ресурстарын тасымалдауға, теңіз түбіне мұнай-газ құбырын жүргізуге байланысты мәселелерді шеше алатын болды.
Кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірістің жедел дамуы Каспий теңізінің табиғатына салмақ түсіруде. Соның салдарынан теңіздің биологиялық алуандығын сақтау мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігі туындауда. Бұл орайда қабылданған Конвенция ең алдымен экологиялық сипаттағы мәселелерді шешуге, көпжақты тиімділікке негізделді.
Каспий маңы мемлекеттері теңіздің құқықтық мәртебесін нақтылау бойынша өткен келіссөздер үдерісі бес елдің дипломаттарынан үлкен еңбекті, табандылықты талап еткені анық. Олар көптеген мәселелерге маңыз аударды. Соның бірі қауіпсіздікке, лаңкестіктің алдын алуға бағытталды. Бұған қоса экономиканың баламалы саласы саналатын балық аулаудан бөлек, браконьерлік мәселесі де шешімін тапты.
Әлемдік бекіре көлемінің 80 процентін иемденетін теңізде ретсіз балық аулаудан бөлек, айдынның мұнай қалдықтарымен ластануы себепті қортпа мен бекіре популяциясы азайып кетті. Қазақстан тарабы көтерген бекіре тұқымдас балықтар генофондын сақтау мәселесі қолдау тапты. Осылайша мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімге созылған келіссөздер нәтижесі көптеген мәселелерді кезең-кезеңімен реттейтін болды. Конвенциямен бірге дайындалған экономикалық сипаттағы құжаттар Каспий маңы елдерінің транзиттік әлеуетін кеңейтіп, көліктік бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігін арттырады деп үміттенеміз.
Әділхан ҒАДЕЛШИЕВ, ҚСЗИ Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің аға ғылыми қызметкері
Өзара сенім жемісі
Ақтау саммитін өткізу күнінің 12 тамызға белгіленуінің өзіндік мәні бар. Жыл сайын Каспий маңы елдері бұл күнді «Каспий теңізін қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның» күшіне енген күн ретінде атап өтеді.
Каспий – көмірсутегі, ірі акватория, түрлі сыртқы жүйелі геосаяси ойыншылардың алуан бағыттағы мүдделері тоғысқан жер. Бес ел теңізді үлестік бөлу бойынша қайшылықты пікірде болғанымен, бұған дейін өткен мемлекетаралық және көпжақты форматтағы келіссөздер мен жиындар салиқалы, бейбіт түрде жүзеге асқанын айтқан жөн. Сондықтан конвенцияның қабылдануын Каспий маңы елдерінің өз мүдделерін қорғауының жаңа кезеңі деп қарастыру керек.
Каспий – 70 млрд баррель және 15 триллион текшеметр мұнай мен газ көзі. Кеңестік кезеңде мұндағы көмірсутегі өнеркәсібі маргиналдық көзқарас тұрғысынан өндірілгені белгілі. Кейін теңіз жағалай қонған үш тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы таза экономика тұрғысынан табиғи бәсекелестікті күшейтті. Егер Араб түбегі елдеріне, араб монархиялары мен Иран үшін Парсы шығанағы, ал Мексика түбегі АҚШ үшін қаншалықты маңызды болса, Каспий де теңіз маңында орналасқан бес ел үшін соншалықты маңызды болып отыр.
Территориялық немесе теңіздік даужанжалдары бар өзге аймақтарға қарағанда Каспийдің ерекшелігі бар, ол – бес ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі факторы саналатын сенім. Каспийден әлемнің басқа аймақтарына, атап айтқанда Орталық Азияға, Кавказ елдеріне және Таяу Шығысқа шығу жолы өте оңтайлы. Аймақ көптеген әлемдік және аймақтық державалардың мүддесі тоғысып жатқан құдды бір «геосаяси үшбұрыш» сияқты көрінеді.
Жалпы, Каспий бассейнін минералды және биоресурстар тұрғысынан қарайтын болсақ, ол әлемдегі мұнай өндіретін ең көне айлақтардың бірі. Осыған қарамастан теңіз қойнауы әлі түпкілікті зерттеліп болған жоқ, ал мұнай қорына байланысты мәліметтер болжамдарға ғана негізделген.
Осы процеске қатысушылардың ізгі саяси ерік-жігері Каспий теңізі бассейнін кикілжіңнің емес, экономикалық ықпалдасудың тетігі деп қарауға септігін тигізіп, Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық мүдделерінің бұлжымас қағидасына айналуы тиіс. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде пікір қайшылықтарынан ажырап, әлемдегі ынтымақтастық өркендеген өлкеге айналуы қажет.
Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі одан өрістейтін Каспий шельфін игеру, әлемдік шикізат нарығына шығу, оның ішінде құбыр тарту бағыттары және экспорттық хабқа айналдыру ісін қамтиды. Қазір ондағы кеніштерге байланысты әр мемлекеттің жүзеге асырылған, жүзеге асырылып жатқан және жоспарлы инвестициялық жобалары бар және оларды жүзеге асыру мен қаражат тарту да оңай іс емес.
Келтірілген дәйектер Конвенцияның бірегей теңіз жағалауындағы мемлекеттердің саяси-құқықтық, әскери, экономикалық тұрғыда Каспийді қалыпты, тұрақты дамыту мәселелерін шешетін маңызы жоғары құжат екендігін көрсетеді.
Мұхит-Ардагер СЫДЫҚНАЗАРОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры