Біздің «ҚМГ» БӨ» акционерлік қоғамы өзі құрылған кезден бастап «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз» ұжымдарының құқықтық мұрагері ретінде әрекет етіп, олардың мойнындағы әлеуметтік міндеттемелердің барлығын жүзеге асырып келеді. Содан бергі уақытта ұжымға бөлінген әлеуметтік шығындар көлемін 5 есе арттырдық. Олар – жұмысшыларды әлеуметтік қорғау шаралары, ұжымдық шарт бойынша міндеттемелер, әлеуметтік саладағы инвестициялар және басқалар.
Біз өзіміз жұмыс істейтін жерлердің барлығында жүйе құраушы компания болып есептелетіндіктен жүктелген әлеуметтік міндеттемелердің барлығын адал атқарып келеміз. Соның ішінде бірінші кезекте жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімге үлкен мән береміз. Осы бағыт бойынша ғана жыл сайын Маңғыстау облысына 900 миллион теңгенің инвестициялары бөлініп келеді.
Мұның сыртында біздің әлеуметтік әріптестік бағытында да жүргізіп жатқан жұмыстарымыз аз емес. Әкімдіктер өздері қызмет көрсететін өңірлерде бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныс жасады. Олардың барлығы атқарылуда. Тек осы бағыт бойынша ғана үстіміздегі жылы 907 миллион теңге қаржы бөлінді. Міне, осы қаржылардың барлығы аспаннан түскен жоқ. Олар компания табатын таза пайда есебінен бөлінуде.
Егер Жаңаөзен қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға келетін болсақ, 2009, 2010, 2011 жылдары ғана біз осы қаланың көркеюіне 20 миллиард теңгеден астам қаржыны шығындаппыз. Міне, осы қаржыларға көптеген инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты, әлеуметтік нысандар салынды. Осыдан 20 жыл бұрын бұл қала қандай еді? Қазір қандай? Мұны қарапайым көзбен-ақ айқын ажыратуға болады. Бүгінгі күні мұндағыдай спорттық-сауықтыру кешенін басқа қалалардан кездестіру тым қиын. Мұнда спорттың 15 түрімен шұғылдануға болады. 300 орындық стадион халықаралық талаптарға сәйкес. Тек өткен жылдың өзінде ғана 100 ауланы тәртіпке келтіріп, 10 шағын футбол алаңын іске қостық. Фитнес-клуб, бассейн, тағы басқа да әлеуметтік инфрақұрылымдар – біздің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасаған тартуларымыз. Міне, осылардың барлығы мұнайшылар мен қалада тұратын халыққа жасалған жақсылықтар.
Тек биылғы жылдың өзінде ғана ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орайластыра 3,7 миллиард теңге қаржы бөлдік. Бұл біздің мойнымызға алған әлеуметтік міндеттемелерімізден тысқары жасалынып жатқан жағдайлар.
Каспий теңізінің жағалауынан 250 орындық лагерь, жылына 3300 адамға қызмет көрсететін медициналық сауықтыру орталығы салынды. Жаңаөзендіктер осы әлеуметтік орындардың барлығының игіліктерін көріп отыр. Медициналық ерікті сақтандыру қызметі бойынша тек өз қызметкерлерімізді ғана емес, сонымен қатар, қала халқын тегіс қамтып отырмыз. Мұндай қызмет 14 мың адамға көрсетілді.
Мұның сыртында біз мұнайшыларды тек өз елімізде ғана емес, сонымен қатар одан да тысқары жерлерге курорттар мен санаторийлерге тегін жолдамамен жіберіп келеміз. Тіпті балаларды да назардан тысқары қалдырып отырған жоқпыз. Әр жыл сайын 4-5 мың бала Ресейдің, Украинаның сауықтыру және демалыс орындарында, өз еліміздің – Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларында демалады. Жыл сайын балалардың демалуына 700 миллион теңге қаржы бөлеміз. Біз балалардың алыстағы қалаларға барып-қайтуын ұшақ бойынша арнаулы чартерлік рейстер арқылы қауіпсіздік жағдайында қамтамасыз ететін бірден-бір компаниямыз.
Ұжымның әрбір қызметкеріне әр жыл сайын бөлетін әлеуметтік пакеттер бойынша қаржымыздың өзі 1 миллион теңгеден айналады екен. Әрине, бұл жалақыдан тыс жүргізіп келе жатқан төлемдеріміз.
Сондықтан мен компанияның әлеуметтік салада жүргізіп келе жатқан жұмыстарын біздің мұнайшылар бағалайды және дұрыс түсіністікпен қарайды деген үміттемін. Біздің тіршілігіміздің басты негізі – бірлік. Сондай жағдайда ғана барлығымыз бірлесіп, алға баса беретін боламыз.
Орал ЫДЫРЫСОВ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің директоры.