13 Тамыз, 2018

Аграрлық саладағы болашақ мамандықтар

2054 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өз­герістер жүзеге асырылады. Жаңа тех­нологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл ша­руашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.

Әрине, таяу жылдардың өзінде ескі ұғымның іргесін қақыратуға тиіс үлкен де төтенше өзгеріс салада еңбек ететін адам­дардың мамандықтарына, кәсіптік ерек­шеліктеріне де әсер етпей тұрмайды. Көптеген жаңа мамандықтар дүниеге келетін болады. Сарапшылар мен футурологтардың пікірінше, мұндай мамандықтардың жаңа қырлары қазірдің өзінде айқындала бастаған.

Мәселен ауыл шаруашылығындағы негізгі кәсіп иесі фермерлер екені белгілі. Фермер деген кім? Ол – жер теліміне иелік ету немесе оны жалға алу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкер шаруа. Қаланың ішінде ауыл шаруашылығы жерлері болмайтындықтан фермерлер әдетте қаладан тыс жерлерде, біздіңше айтқанда, далада еңбек етіп, өмір сүреді.

Енді фермер туралы осы негізгі түсініктің өзіне өзгеріс енгелі тұр. Алдағы уақытта «қалалық фер­мер» немесе «қалалық шаруа», соған сәйкес «қалалық фермер шаруашылығы» деген ұғымдар да пайда болмақ. Өйткені жердің тапшылығына байланысты ауыл шаруашылығының өзі қала ішіне қарай сыналап ене бастады. Батыстың көптеген елдерінде қалалардағы тұрғын үйлердің төбесінде немесе үйдің астынан қазылған жертөлелерде күн орнына қызмет ететін лампалар күшімен азық-түлік өнімдері өндірілуде. Қалалардағы мейрамханалар мен дәмханалардың олардың өнімдеріне қызығушылығы артып келеді.

Себебі жабдықтаушының өзі дәл іргеден пайда болып отыр. Енді алдағы уақытта қаладағы көпқабатты тұрғын үйдің орнына көпқабатты жылыжайлардың пайда болатындығын да ешкім жоққа шығара алмайды. Осы үдерістер «қалалық фермер» ұғымын міндетті түрде қалыптастырмақ.

Қазіргі уақытта гендік түрлендірілген өнімдердің қауіптілігі немесе тигізетін әсерінің белгісіздігі туралы әңгімелер көптеп айтылып жатқанымен мұндай өнімдер де ауыл шаруашылығы нарығын бірте-бірте жайлап келеді. Сарапшылардың болжамынша, енді осы үдерістің ықпалымен «гендік агроном (агроном-генетик)» мамандығы пайда болмақ.

Бұл мамандық иелері өсімдіктерді гендік түрлендіру ісімен шұғылданады. Биотехнологиялар жетістігін тәжірибеде қолдану арқылы жаңа өсімдіктерді белгілі бір аумақ пен климатқа жерсіндіру, өнімділігін молайтып, дәмділігін күшейту, ұзақ сақталу қабілетін нығайту секілді мәселелермен айналысатын гендік агрономдар өз жетістіктерінің нәтижесінде қоғам тарапынан зор құрмет пен сұранысқа ие болуы әбден мүмкін.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникаларының жылдан жылға күрделене түскендігін көріп отырмыз. Өйткені оларға түрлі деректерді жинақтап, қалыптастырушы және кеңес беруші компьютерлер орнатылуда. Демек, алдағы уақытта ақылды трактор мен комбайнды жөндеу үшін қазіргі механиктің білімі мен дағдысы жеткіліксіз болып қалмақ.

Өйткені механик енді микроэлектроника, компьютерлік бағдарламалау және желілік технологиялар жөнінде жаңа білімді меңгеруі және егіншіліктің жаңа тәсілдерінен жеткілікті хабардар болуы қажет. Міне, осы жағдай бұрынғы «механиктің» орнына «агроинженер» мамандығын өмірге әкелмек.

Ауыл шаруашылығы мәселелерімен шұ­ғылданатын ғалымдар мен сарапшылар алдағы онжылдықтарда ауыл шаруа­шылығының дамуы экологиямен тығыз байланысты болады деп есептейді. Құнарлы егістіктердің азаюы жағдайында қоғамда ауыл шаруашылығы саласында жаңа тұрпатты экологтар армиясын әзірлеу қажеттігі пайда болуы мүмкін.

Олардан табиғи ресурстарды сақтаудың жаңа тәсілдерін меңгеру талап етілетін болады. Сондықтан «ауыл шаруашылығы экологі» аталатын бұл жаңа мамандық иесі жекелеген мәдени дақылдарды өндіргеннен кейін қалдықтарды қайта өңдеу немесе жою, жер құнарлылығын қайта қалпына келтіру, сондай-ақ белгілі бір егістік алқаптарға арнап таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің бағдарламасын жасап, оның әдіс-тәсілдерін айқындау мәселелерімен шұғылдана алатындай білімді болуы тиіс.

Өйткені белгілі бір компаниядан немесе фермерден ауыл шаруашылығы өнімін топтап сатып алушы сатып алған өнімінің экологиялық тазалығына бірінші кезекте мән беріп, осыған кепілдік талап етуі де әбден мүмкін.

Футурологтар мен сарапшылардың болжамынша, міне, таяудағы 10-15 жылдың өзінде осындай мамандық иелері әлемнің әр елінде пайда болуға тиіс. Демек, қазіргі күні Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығын цифрландыру ісімен белсене шұғылданып жатқан еліміздегі жоғары немесе орта арнаулы оқу орындары осы мәселеге мән берсе, ауыл шаруашылығындағы болашақ мамандықтар тізімін айқындап, оларды даярлау ісіне көңіл бөлсе, жөн болар еді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше