Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Атымтайлар анықталды

725 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамның аз қамтылған мүше­лері қай кезде де қолдауға зәру. Со­нымен қатар ауылды абаттандыру, тұрғындарға көмек көрсету сияқты демеушілік жұмыстар да нағыз Атым­тай жомарттың қолынан келетін дү­ние болса керек. Бүгінде Әулиеата өңірінде көпшілікке көмек қолын созып, тұрғындар тілегіне құлақ асып жүрген азаматтар баршылық. 

 

Атымтайлар анықталды

Жуырда Т.Рысқұлов аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» сый­лығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өтті. Осы уа­­қытқа дейін Жарлысу ауылына балабақша, интернат, мешіт, аллея, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік нысандар салып берген жергілікті «Шәу­шен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев «Жыл ме­ценаты» аталымына лайық деп танылды.

Ал Көкдөнен ауылындағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына көмек көрсетіп, сондай-ақ ауылға мешіт салып, сол ауыл мешітіне, ауылдық мәдениет үйіне демеушілік жасап, ауыл ақсақалдарын Астана және Алматы қалаларының көрікті жерлерін аралатуға қолдау көрсеткен Азаматхан Әміртаев «Туған өлке» аталымының иегері атанды.

Сонымен қатар  Абай ауылындағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге өз есебінен демеушілік жасаған, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға жыл сайын 300 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіп келе жатқан «Сүйін» шаруа қожалығының басшысы Әлихан Бәрменқұлов, Қорағаты ауылындағы аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілік көмек көрсетіп келе жатқан «Аққайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Сұлукүл Дәлібаева, Құлан ауылындағы «Сұлтан» орталық ме­шітінің салынуына демеушілік жа­саған, сондай-ақ Ш.Уәлиханов атын­дағы шағын орталықта орта мек­тептің әлеуметтік тұрғыда аз қам­тыл­ған отбасыларының балаларына тұ­рақты көмек көрсетіп келе жатқан Т.Рысқұлов ауданының құрметті азаматы Сәбит Садықов, аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көмек берумен айналысып келе жатқан «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қонысбай Сағынбеков, I және II топ мүгедектеріне қайтарымсыз көмек көрсетіп келе жатқан «Тазалық» жеке кәсіпкерлігінің төрайымы София Канарова және Жақсылық ауылын­дағы Қ.Сұлтанбеков атын­дағы орта мектепке пән кабинетін жасақтап, сыйға тартқан Мұрат Бәйтіков сияқты кәсіпкер азаматтар «Жүректен жүрекке» аталымымен марапатталды.

Сондай-ақ аталған шарада «Жыл­дың үздік ұйымы» номинациясын аудан орталығы Құлан ауылындағы мектептер мен әлеуметтік аз қамтылған от­басыларға тұрақты демеушілік көр­сетіп жүрген «Құлан энерго-жылу» мекемесі жеңіп алса, «Ерен еріктілік» аталымына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және қараусыз қалған отбасы мүшелеріне демеушілік көрсетіп жүрген «ЭлАй – Құлан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марлан Әденов, ал «Батыл жүрек» номинациясына Әбжапар ауылындағы су тасқыны кезінде ауылдастарына азаматтық көмегін берген азамат Әлібек Әнтаев лайық деп танылды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы