Әдебиет • 14 Тамыз, 2018

Ұлы Абайдың туған күні тұңғыш рет Ташкентте тойланды

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімдері аясында бауырлас өзбек жұрты арнайы қаулы қабылдап, 2018 жылды «Өзбекстандағы Абай жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы келісім шеңберінде ұлы Абайдың туған күні биыл тұңғыш рет Ташкент шаһарында кең көлемде аталып өтті. Айтулы шараға Шығыс Қазақстан өңірінен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бастаған арнайы делегация қатысып қайтты.

Ұлы Абайдың туған күні тұңғыш рет Ташкентте тойланды

Өзбек елінің астанасындағы салтанатты шара Абай көшесіндегі Абай ескерткішінің жанында, Қазақстан елшілігінің еңселі ғимараты алдында басталып, оған еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Өзбекстан Республикасының Ұлтаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Рустам Курбанов секілді құрметті қонақтар қатысты. «Биыл наурызда қабылданған Өзбекстан Президентінің қаулысында Абай шығармашылығы Қазақстанмен қатар, өзбек халқының да рухани дамуына зор ықпал еткені атап көрсетілген. Абай ескерткішінің алдында ақынның туған күні қарсаңында өлең оқу бұдан былай дәстүрге айналмақ», - деді шараның ашылуында сөз алған Ерік Өтембаев.

Шығыс Қазақстаннан арнайы барған делегация Ташкентке құр келмепті. Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратында өткен конференцияда белгілі ғалым Арап Еспенбетов «Абай әлемі» сериясымен басылып жатқан 100 томдық топтаманың алғашқы бес кітабын өзбекстандық әріптестеріне тарту етті. Семей қалалық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық әмбебап кітапхана қызметкерлері әзірлеген көрмені Ташкенттің зиялы қауымы қызыға тамашалады.

Ақын ескерткіші алдындағы салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ұлы Абайды ұлықтап жатқан бауырлас мемлекетке Шығыс Қазақстан халқының атынан алғысын жеткізді.

«Ташкент төріндегі тойға ұлы Абайдың жерлес ұрпақтары ретінде қатысу – біз үшін үлкен абырой. Ақынның мұрасы өзі туған өңірде де кеңінен насихатталуда. Оның шығармасы бүгінде әлемнің 28 тіліне аударылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ұлы ақынның мұрасын түгендеуге көп септігін тигізуде. Биылғы жазда ғана 2000-нан астам мектеп оқушысы ұлы Абай туған Жидебай өңіріне саяхат жасап, Абай әлемімен тыныстап қайтты. Бұл мазмұнды саяхатқа Өзбекстан оқушыларын да шақырамыз», - деді Ә.Нүсіпова.

Шара аясында Ташкенттегі қазақ жастары Абай өлеңдерін қос тілде жатқа оқыса, семейлік дәстүрлі әнші Берік Омаров һәкімнің әндерін нақышына келтіре шырқап, көрерменнің көңілін бір селпілтіп тастады. Елшілік алдындағы іс-шара ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен түйінделіп, Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратындағы конференциямен жалғасты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше