Медицина • 14 Тамыз, 2018

«Хрущевкалардан» құтылудың тиімді тетігі

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеңес Одағын Никита Хрущев басқарған тұста алып державаның түкпір-түкпірінде айналуға келмейтін тар, бірыңғай сұрғылт үйлердің салына бастағаны белгілі. Оның көпшілігін екі қабатты тұрғын үйлер құрады. 

«Хрущевкалардан» құтылудың тиімді тетігі

Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың бас кезінде тұрғызылған «хрущевкалар» егемен ел аумағында әлі де жетерлік. Басым бөлі­гі­нің тозығы жеткені, тіпті бір­қатарының апат алдында тұрғаны да жасырын емес. Хрущев Кеңес Одағын басқар­ған тұста Қазақстандағы облыс орталықтарының бірі атанған Ақтөбеде шағын пәтерлі екі қабатты үйлер өзге өңірлермен салыстырғанда көбірек салын­ған екен. 

Облыс орталығында көптен бері пайдаланылып келе жатқан 2 мыңға таяу көпқабатты үй бар. Жылжымайтын мүлік­ке қатысты жасалған мони­торингтік зерттеулер 230 үйдің тұруға жарамсыз болмаса да, тозу мен ескіру деңгейі жоғары екенін айғақтайды. Соның ішінде 15 үй апатты жағдайда деп белгіленген. Егер бұл көрініс сол күйінде қала берсе, жаман айтпай жақсы жоқ, оның арты күндердің күнінде қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырмасына кім кепіл?..

«Біз қауіп еткенннен айтамыз» дегендей, осы қауіптің алдын қалай алуға болады деген тұста Ақтөбедегі апатты үйлердің азаюына бас-көз болып жүрген жанашыр тұлғалар бар екеніне көз жеткіздік. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе өңірлік филиалы мен «Керемет үй» тұрғын-үй құрылыс кооперативі ЖШС осы мәселеге алғаш рет қозғау салып, апатты тұрғын үйлерді жоюды немесе оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы жаңғырту ісін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігімен жүзеге асырғанды жөн көреді. Дей тұрсақ та, бұл іске ең алдымен өңірдегі әлеуетті құрылыс ком­паниялары қатысып, апат­ты жағдайдағы тұрғын үй­лер­дің жылжымайтын мүлік нарығындағы қазіргі құнын өтемесе әлеуметтік сипаттағы жоба жартыкеш күйінде қалып қоймақ. Бұл туралы ой-пікірін білдірген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңір­лік филиалының директоры Нұрлыбек Мұқанов: 

– Мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы жаңа үйлер салынса, облыс орталығындағы апаттық жағдайдағы үйлердің саны азайып, тұрғындар сың­ғырлаған су жаңа пәтер­лердің кілтін иеленеді, – дейді. 

– Бұл жағдайда үй құры­лысын салушы компаниялар шығынға қалып жүрмей ме?– деген сұрағымызға ол:

– Жоқ, олай болмайды. Өйткені олар апатты жағ­дай­дағы үйдің орнына салын­ған нысанның белгілі бір бөлігін бұрынғы үйлердің иелері­не береді де, қалғанын коммер­циялық баға бойынша сата алады. Бұл рәсімді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы да реттеуге болады,– деп жауап берді. Нұрлыбек Мұқановтың айтуын­ша, жаңа үйлердің құры­лысын жүргізе­тін кәсіп­­керлер тұрғындармен жүзбе-жүз келісім жасауға тиіс. Жаңа тұрғын үйлер сол келісім­дердің нәтижесіне сәйкес тұрғызылмақ. 

Тағы бір атап өтерлік жайт, Ақтөбе қаласында жер телімдерін иелену тәртібі негізінен аукцион арқылы жүргізілетінімен байланысты. Ал аукционның аты –аукцион. Мұндай жағдайда арзан, қолжетімді жер көлеміне қол жеткізу мүмкіндігі екіталай. Қазіргі сараптамалар ескі үйлер аумағында басы артық жер телімдері бар екенін көрсетеді. Өз кезегінде мұны құрылысты жобалаушылар автотұрақ немесе балалар алаңы ретінде пайдалана алары анық. 

Қалай дегенде де негізгі мәсе­ле қаржы моделін екі жаққа да тиімді түрде қарастыруға тіреледі. Яғни тұрғын үй өтем­дерін өтеу мен төлеу ісі тек инвесторлар мен тұрғындар арасындағы өзара келісім мен олардың ортақ ұйғарымына негізделуі тиіс. Қазір бұл тетік құр жоба емес, нақты іске айнала бастағаны қуантады. 

Жоғарыда тозығы жеткен және апаттық жағдайдағы үйлерді жою ісіне бел буған құрылымдардың бірі «Керемет үй» тұрғын үй құрылыс кооперативі екенін айтқанбыз. Бұл бағытта олардың қолға алған қадамына тоқталайық. Аталған заңды тұлға иелері қазірдің өзінде сегіз пәтерден тұратын алғашқы екі қабатты апатты үйлердің құнын нарықтағы бағаға сай өтеп, алып үлгеріпті. Осы жұмысқа қатысты аталған тұрғын үй кооперативінің төрайымы Анар Кенжеғалиеваға хабарласқан едік. Оның әңгімесінен көңілге түйгеніміз, компания сонау алпысыншы жылдардың бас кезінде салынған ескі үй­лердің иелерімен кездесіп, ор­тақ мәмілеге келіпті. Бірін­шіден, тұрғындарға апатты жағдай­дағы үйлердің тиісті бағасын өтейтіні ескертілген. Тұрғын­дарға сол өтелген қаржыға өз қаражаттарын қосу арқылы қаланың кез келген ауданынан өздеріне баспана алуға мүмкіндік берілетіні айтылған. 

Әу баста тұрғын үй құрылыс кооперативі ескі пәтерлерді сатып алу үшін белгілеген ортақ баға 7 млн теңге төңірегінде болды. Әйтсе де бұған кейбір пәтер иелері келіспеген. Өйткені кей пәтерлердің аумағы 38 шаршы метр болса, енді бір пәтерлер 42 шаршы метрді құраған. Өзара кеңесе келе пәтерлер­дің алғашқысының бағасы 7 млн, кейінгісі 7 400 000 теңге көлемінде белгіленген. Осыған тұрғындардың бәрі де келісіп­ті. Сөйтіп Ақтөбедегі апатты үйлерде тұратын пәтер иелері алғаш рет өздері қалаған жаңа да жайлы қоныстан, кей­бірі жылжымайтын мүліктегі екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алып, көңілдері орнық­қан. Осылайша Ақтөбедегі ескі, апатты жағдайдағы үйлердің алғашқы кезегі жойылды. Бейнелеп айтқанда, «хрущев­калардың» біразы күресінге ысырылып тасталды. Олардың орнына әрқайсысы бір подъезден тұратын тоғыз қабатты, елу төрт пәтерлі сәнді де жайлы үйлер салынуда. 

Бәрін айт та, бірін айт, тозығы жеткен тұрғын үйлер­ді жою ісінде сең қозғалды. Тек Ақтөбе облысында ғана емес, республиканың барлық өңірінде қазынадан қаражат жұмсамай-ақ «хрущевкалардан» құтылудың тиімді тетігі жасалды деуге болады. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше