23 Ақпан, 2010

Мәриям МҰҚАНОВА

2124 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың асыл жары, айрықша ақыл, парасат иесі, болмыс-бітімі бөлек біртуар жан, халқымыздың аяулы қызы, ұлтына пана, ұрпағына ана бола білген Мәриям Мұқанова 101 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Мәриям Қожахметқызы 1909 жылы 15 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Майбалық ауылында дү­ниеге келген. 16-дан жаңа асқан шағында Сәбеңмен қосылып, 47 жыл бірге өмір сүріп, төрт ұл, екі қыз, он екі немере, он алты шөбере, үш шөпшек сүйген ана. Қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті қаламгер Сәбит Мұқановқа аяулы жар, ақылшы дос бола білген Мәриям Қожахметқызы Жамбыл, Кенен, Сәкен, Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден бастаған әдебие­ті­міздің алыптарының көзін көрген, со­лармен дәмдес-тұздас, сыйлас болған жан. Ол өзінің кемел ақыл ойымен, мейір­бан жүрегімен, елжандылығымен, көпшіл, қонақжайлылығымен қазақтың зиялы қа­уы­мы арасында үлкен құрметке ие болды. Сәбит Мұқановтың соңын­да қалған асыл мұрасын жи­нап, сақтауға, Алматыдағы мұ­ражай үйінің халыққа игі қыз­мет көрсетуіне үлкен үлес қо­сып, жазушының қағаз-қаламынан, кітаптарынан бастап, тұтынған заттары мен бағалы мүліктеріне дейін түгелдей мұражай қорына тапсырып, ел игілігіне жаратуға өнегелі жұмыс жасады. 2000 жылы ЮНЕСКО дең­гей­інде атап өтілген С.Мұқа­нов­тың 100 жылдық мерейтойы шараларының ортасында жүрді. Сәбең туралы “Менің Сәби­тім”, “Сағынышым Сәбитім” атты естелік кітаптар жазды. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Мәриям Мұқанованы “Ел анасы” деп атап, құрметтеді. Қарапайым даналық пен жарға адал­дықтың үлгісін көрсете білген, ғасыр жасаған бәйтерек, Мәриям Қожахметқызы Мұқанованың аяулы бейнесі елінің жүрегінде әрдайым сақталады. Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы. ЕЛ АНАСЫ Мәриям апаның дастарқанынан дәм тату, қолынан шай ішу бақыты маған 1950 жылы бұйырған еді. Мәскеуде тұрған жел Қазақстанға дауыл болып жететін бір кезең туғанда мен Қазақтың мемлекеттік оқу құралдары баспасында (қазіргі “Мек­теп”) аға редактор болып жүргенмін. Мек­теп оқулықтары мен тарихтан, әсіресе, зар заман ақындарын “қуып”, олар­дың орнына Белинский, Черны­шевский, До­бролюбов, Толстой, Гоголь, Горькийлерді қазақ мектеп­терінің оқулықтарына кіргізіп жатқан шағымыз болатын. ҚазПИ-дің үшінші курсында оқып жүрген, кейіннен қазақтың халық ақыны болған Қалижан Бекхожинмен бірлесіп, 8 сыныпқа арнап құрастырған “Қазақ әде­биеті” хрестоматиясының 1941 жыл­ғы бесін­ші басылымын (300 бет болған оқу құралын) 1950 жылы 200 бетке әрең жет­кізіп шы­ғарған едік. Сәбеңнің “Артил­лерия” (қазір­гі Құрман­ғазы) көшесіндегі пәтеріне апа­рып беруге тура келді. Сонда Сәбең кел­ген­­­ше мені баласынбай көріп, шайын беріп, аналық махаббатын төккен Мәриям апай бола­тын. 1960 жылы Сәбиттің алпыс жылдығы халықтық той болып өтті. Сонда өзбек делегациясына, қарақалпақтан сәйгүлік әкелген төрт ақын-жазушыға Мырзабек Дүйсенов екеуміз қызмет еткеннен кейін Сәбең “қара жұмысқа” жегілген оншақ­ты жігітті әйелдерімен той тарқар дас­тарханына шақырғанда Мәриям апай үлкен парасаттылық танытып, Сәбең екеуі­нің бізге қызмет еткені жарлары­мыздың алдында бізді Алатаудың асқа­рына шығарғандай әсер етіп еді. Мен Мәриям апайдың өнеге-үлгісін бүгінгі келіндері, қыздары үйреніп, жал­ғас­тырса, қазақ халқының дәстүрі жар­қырай түсер еді деген ниетпен айтып отырмын. Сәбең дүниеден өткеннен кейін жиі араласып тұрдым. Сәкен Сейфуллиннің пенделік сырын білейін деп бір жарым сағаттай сұхбат алғанда Мәриям апай­дың біліміне, сұңғылалығына, ой айту, пікір түйіндеу мәнеріне таң қалғаным бар. Қал­жындаса беретін әдетіме бағып, “Апай-ау, Сәбеңнің көп шығармасын өзіңіз жазып, айтып бергенсіз ғой”, деп едім: “Тәйт, сен де қайдағыны айтады екенсің”, деп күлкімен жауап берген еді. Біздің үйдің соғым басы Мәриям апай бастаған командаға бұйыратын. Соң­ғы екі жылда үйден шыға алмай, Қа­ли­жанның үйіндегі Зайда жеңгейге теле­фон арқылы бұйрық, “жарлық” беріп жатады. Былтыр Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы Нұрлан Оразалин, Сәбең, Ғабең музейінің директоры, ақын Әділғазы Қайырбеков үшеуміз Мәриям апайдың 100 жылдығын қазақ арасында бұрын-соңды болмаған деңгейде өткіз­ге­німізде бүкіл Алматыда өзін қазақпын деп есептейтіндер мың алғыс жаудырып еді. Мәнді ғұмырды Сәбеңмен бірге өткі­зіп, артында қалғаннан кейін музейін аш­ып, бүкіл дүниесін бір тиын алмай, мем­ле­кетке өткізуі азаматтық қасиетінің жоғары болуынан-ау тегі. Шіркін, қазақта осындай абзал Аналар көп болса, көсегеміз тезірек көгерер еді. Мәриям апа, алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын. Сағынып жүрген Сәбитіңе баратын жол даңғыл болып, артыңызда қал­ған елге, өзіңізге тәнті болғаны үшін емес, үлкен парасаты үшін Сіз қадір тұт­­­­қан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ба­ла­ңыздың қайраткерлігіне тілекші болыңыз. Тұрсынбек КӘКІШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор. МӘРИЯМ АПАЙДЫҢ “ГВАРДИЯСЫ” ЕДІК Мұқановтардың отбасымен аралас­қанымызға жарты ғасырдан да асып кетіпті. Жұбан соғыстан қайтқан соң ол кісілермен араласа бастадық. 1954 жыл­да­ры Алматыдағы Фурманов пен Құрман­ғазы көшелерінің қиылысындағы бір қабатты үйлерде тұрушы едік. Сол кезден бастап балалар да бір-бірлерін танып өсті. Сәбең Жұбанның анасы қайтыс бол­ғанда: “Жеңгейдің қолынан талай ас ішіп едік, енді келіннің қолына қара­дық”, деп еді. Ал Мәриям апай жалғыз Жұбанға ғана емес, барлық ақын-жазушыларға жең­ге болды. Ол кісінің қолынан шай іш­пе­ген қазақтың зиялысы кемде-кем болар?! Мәриям апамыз бүкіл қазақ халқы­ның әйелдеріне ана болды. Ол кісіден үлгі алатын едім. Кісі сыйлағаны мен қонақ күткенінде керемет келісім бар еді. ...Жұбан да өмірден озды. Оның талай замандастары бақилық болғанда бір топ ақын-жазушының әйелі жесір қалдық қой. Сол 5-6 әйел қонақта үнемі бірге жүретін едік. Мәриям апайды ортаға алып келе жатсақ, бізді сол кісінің “гвардиясы” дейтін жұрт қалжыңдап. Мәриям апайдың дастарқаны бүкіл ақын-жазушылардың әйеліне үлгі еді. Нағыз жазушының жарына лайық сый көрсететін. Мен де ол кісіні өзіме тірек көріп, те­ле­фонмен хабарласып, ақыл сұрайтын едім. Барлық нәрсенің жөн-жосығын ай­тып, жол сілтеп отыратын. Жұбан қайтқан кезде де Мәриям апайдың кеңесіне сүйендім. Енді, міне, Мәриям апамыз да дүние­ден қайтты. Ұлтымыздың анасы­мен қоштастық. Жүз жасады десек те, жақсы адамды қимайды екенсің. Мұқановтар отбасының шырағы бала-шағасы, немере-шөберелері барда маздап жана береді-ау. Бірақ, Мәриям апайдың орны бөлек еді... Софья МОЛДАҒАЛИЕВА. ЕЛІНІҢ ТІЛЕКШІСІ БОЛА БІЛДІ Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай дүниеден озды. Халқының сүйіктісі болған бұл екі адам сирек туатын тұлғалар қатарынан еді. Өткен және мына ғасырда еліне есімі бұл екеуінен кең жайылған, сәнді де абыройлы жұп болған да жоқ шығар. Мәриям апайды алғашқы көргенім күні бүгінге шейін көз алдымда суреттей елестейді. Көзі ботадай келбетті, тал бойы ақыл-көркіне сай, ауыз әдебиетіндегі хор қызындай көрінген. Сол қалпымен ол Сәбең шығармаларының кейіпкеріне айналды. Біз, 50-ші жылдардың жас келіндері, ол кісінің бетіне тура қарауға да жасқанатын едік. Әруақты еді. Бізді танып, бауырына тартты. Ұзақ жасап, феодализмнен социа­­лизм­ге өтіп, Сәбеңнен кейін капитализмді қай­та басынан өткерген 100 жылдық өмірінде Мәкең өзінің шын парасатын, ақыл-ойын, кемеңгерлігін дәлелдеп кетті. Ол Сәбеңмен бірге өмір қызығын да көрді. Одан кейінгі 37 жыл ішінде қайғы араласқан тауқыметін де аз тартқан жоқ. Соның бәрінде де ау­зы­нан тәубесі түспе­ді, заманына риза­лығын айтудан жаңыл­мады. Сәбеңе деген халық құр­ме­тін, оның өмірін жалғастырған мұражай­ын жұба­ныш тұтты. Өзі сол мұражайдың шырақ­шысы болып өтті. Біз 60 жылдай Мәкеңнің соңынан ер­дік. Алдымызда ол кісінің үлгісін ұстанған Зейне, Сара, Айтбала, Мүнира сияқты апа­ларымыз бар еді. Жазушылар орта­сы­ның ұйытқысы да солар болатын. Сол кезде ұй­ым­дасатын жиындардан улап-шулап шы­ғатын ақын-жазушылар алды­мен Мә­кеңнің дастарқанына соғып, ойнап-күліп, достасып тарағанын талай көрдік. Ол ылғи да Сәбеңнің мәртебесін көтеріп, маңайына дос жинап отыратын. Сол дастарханның шетінен бізге де орын беріп, өзіңді үй иесі сезінуге, жар сый­лауға, дастархан ұстауға, әйел-ана болуға баулығанын қалай ұмы­тайық. Мәкең жазушылардың ғана емес, бүкіл зиялы қауымның ортақ анасы болды. Содан халық анасы атанды. Біз ол кісінің бойынан кеше ғана ауылдан келген қазақ әйелінің Сәбеңе ере жүріп өскенін, көргені мен білгенін ойына тоқып, бойына да­рыт­қан дана кейпін таныдық. Ол ел жаңа­лы­ғына құлағын түріп отыратын. Тәуел­сіз­дікке де, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­қа да тілегін қосты. Сәбеңнің 100 жылдығы күндері Прези­дентпен жүздесіп, Елбасымыз туралы ойын халық алдында айтты. Сәбеңнен кейін өзінен туған төрт ұл (Арыстан, Марат, Алтай, Ботажан), төрт ұлымен бірге өзі бауырына салған үлкен немересі Бақыттан айырылған күндерде де ақыл-есін жоғалтпай, өмірге деген сенімін сақтап, немере-шөберелерін өсіріп, ұрпа­ғын күткен. Олардың бойына атадан өсиет, анадан қасиет дарытқан ұлы ана осын­дай-ақ болар. Сәбеңнің атын атаған аза­маттардың барлығы да Мәкеңнің бауы­­рынан табылатын. Былтыр өзі 100-ге толғанда, ақылды сөз сөйлеп, жазу­шы­лардың қамын, әдебиеттің дәстүрін сақтау жөнінде айтты. Бұл оның қаламдастар қау­ымына қалдырған соңғы өсиеті сияқты еді. Қош, бақытты ана Мәке. Жаның жән­натта болсын. Академик  Әлия БЕЙСЕНОВА. АНАЖҮРЕК АЯУЛЫ Ғасыр ғұмыр кештіңіз, Қайран қалдық бәріміз. Ғарыш жаққа көштіңіз, Сағынармыз әлі біз... Тәрбиеңіз бір мектеп, Тектілікті таныған. Қарады ел құрметпен Мұқановтың жарына! Ардақ тұтқан алашы, Анажүрек аяулы! Қоштасамыз, қарашы, Қаралымыз, қаяулы... Түсіндірген періште Тіршілік не екенін... Нұрың шалқып пейіште, Жарық болсын мекенің! Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ. ДАНА БЕЙІЛ – АЯУЛЫ АНА Алматыдан жеткен суыт телефон “Мә­риям апайдан айырылып қалдық” деген суық хабар әкелді. Өзінің аналық мейір-шапағатымен туған анаңдай болып кеткен аяулы адамның қазасы мұңға ба­тырады кісіні. Адам райында өміріне көп үңіліп едім, аналық өнегесін көп алып едім. XX ғасыр басында отағасы түйнектен жастай жан тәсілім етіп, күйреп түскен бір шаңырақтың жалғыз перзенті ретінде Зейнеп әже бауырында бұла өскен, ойлы өскен жалғыз қыз еді Мәриям! Тоқпақтай қос бұрымы жарысып тобығына түсетін 15-тен 16-ға шығар таң дидарлы қыз бала жаңа заман жаршысы Сәбит Мұқановқа жар болған күннен бастап “қазақтың әйелі қандай болады?”, “жазушының жары қандай болуы керек?” – өзінің бар өмірін жар-қосағына бағыштап есігін ақ күзетіп, бесігін құт қолмен адал тербеткен Мәриям анамыз өз өмір үлгі­сімен сол сұрақтарға жауап беріп өтті өмірден. Сәбит Мұқановтай жазушының ал­дын­дағы Сәкен, Ілияс, Бейімбетке ке­лін­дік ізетімен “Сұлушаш келін” атанған, Ғабит, Ғабиден, Асқар, Жақанды (Сыз­дықов) құрмет тұта жүріп құрметін асыр­ған, Әбділда, Әлжаппар, Мұхамеджан, Бауыр­жанды туған қайнысындай жақын тартқан, Сафуан, Әбдіжәміл, Сырбай, Ғафуды баласындай бауырына басқан қайран дана бейіл, дархан Мәриям анам! Жарлары 1937-ші жылдың зұлматына ұшырап, аңырап қалған Гүлбаһрам, Күл­жамалды абысынындай көріп, түн бала­сына “халық жауларының” жары тоңба­сын деп, шанамен сексеуіл тасып, келінге айналып қызмет ету арқылы сөн­ген көңілдерінде үміт отын жағып, жарынан айырылған Күл­жамал Мәуленова, Зай­дахан Бекхожина, Софья Молдағалиева, Бәтіш Ыдырысова, Бәдеш Қайырбекова, Қазына Нұрмаханова-Әбдіразақоваға ене болып, қайғылы сәтте сабырға шақы­ра­тын өмірдің алтын арқауындай қайран Мәриям анам! Зерек зердемен табиғат заңдылығын тү­сінген Ана өзі үшін емес, жары – Сә­бит Мұқанов үшін тіршіліктің жүзіне қайтадан тік қарап өмір кешті. Ол бар саналы ғұмырын казақ әдебиетінің бір классигі – Сәбит Мұқановқа арнады. Тірлігінде жазушыға шығарма жазу үшін не жағдай керек, бәрін жасады Мәриям анамыз! Дүниеден көшкен соң “артын күту” аталатын қаралы рәсімнің өзін биік өреге көтеріп атқара білді Мәриям анамыз! Алғаш ұлы Ботажан қайтыс болғанда: “1937 жылы өмірге келіп, қарайған кө­ңі­лімізді ағартып, кесілген үмітімізді оятқан бала еді. Тағдырдың таяғы тиіп кетті ғой”, – деп еді ауыр күрсініп жаны жаралы Мәриям анам! Арыстан, Марат, Алтай... бі­рінен соң бірі араға жыл, жыл жарым са­лып төрт ұлы бірдей бақилыққа аттан­ға­н­да “Атамайлатсаң – атамайлат, бота­майлатпа!” – деуші еді қазақ! Сәбит-ау, қасыңа ұлдарыңды шақыра бергенше, мені неге шақырмайсың? Балалардың жүре тұрғаны мақұл еді ғой қарайып”, – деп еді аһ ұрған жаны қаралы Мәриям анам! Жазушы Сәбит Мұқанов әдеби мұра­сын зерттегенім үшін-ақ мені баласындай бауырына басып, анам Бибі-Ғайшаны қадірлі қонағына айналдырып – төріне оздырып, сүйікті ұлыма Сәбит есімін беріп еді-ау аяулы Ана! “Құйрықты жұлдыздай” Сәбитім үзіліп түскенде өзі жылап отырып бізді жұбатып еді-ау, қайран Мәриям анам! Жазушыға қызмет ету арқылы – әдебиетке қызмет етті Мәриям анамыз. Құрдасы һәм құдасы Ғабит Мүсіреповтің: “Мәриям қазақ әдебиетінің әжесі” дейтіні содан! Ол ерге қызмет етті. Ерге қызмет етудің асыл үлгісін көрсетті. Ерге қызметті өзінің ақыл-парасатымен елге қызмет ету дәрежесіне көтере білді Мәриям анамыз. Оны тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: “Мәриям апай – Ел анасы!” – дейтіні содан! Қош, Дана бейіл – аяулы Ана! Перзенттік пейілден, Құлбек ЕРГӨБЕК.