Өнер • 15 Тамыз, 2018

«Егеменнің» қолдауымен «Ұлы Дала рухы» фотокөрмесі өтті

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10-12 тамыз күндері Мажарстан астанасы Будапешт қаласында түркі халықтарының «Үлкен Тұран құрылтайы» өтті.

«Егеменнің» қолдауымен «Ұлы Дала рухы» фотокөрмесі өтті

Көшпелі жұрт өкілдерінің басын қосқан айтулы шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Башқұртстан, Дағыстан сияқты әлемнің 30-дан астам елінен делегация қатысты. Осы жиын аясында республикалық «Егемен Қазақстан» газеті мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің, сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Қазақстанның Венгриядағы елшілігі ұйымдастырған «Ұлы Дала рухы»  фотокөрмесі ашылды.

Туысқан елдердегі өзара мәдени және достық байла­ныс­тардың жарқын үлгісіне айналған дәстүрлі құрылтай биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Құрылтайдың ашылу салтанатында ежелгі «Тұран» әскери шеруі өтіп, көшпелілердің жауынгерлік дәстүрі жаңғыртылды. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, құрылтайда республикалық «Егемен Қазақстан» газеті мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің, сондай-ақ Халық­аралық Түркі акаде­мия­сының қолдауымен Қазақ­стан­ның Венгриядағы елшілігі «Ұлы Дала рухы»  фотокөрмесін ұйымдастырды.

Астананың 20 жылдығына арналған көрмеде «Егемен Қазақ­стан» газеті мен «ҚазАқпарат» ХАА-ның Ерлан Омаров, Мұхтар Холдорбеков, Виктор Федюнин, Александр Павский және Ильзат Сафаргалиев сынды фототілшілерінің таңдаулы жұмыстары көптің назарына ұсынылды. Қазақстанның бай тарихы мен бүгінгі қайталанбас келбетінен сыр шертетін фотосуреттерге құрылтай қатысу­шылары мен қонақтар ерекше қызығушылық білдірді. Көрмеге арнайы қатысқан Мажарстан парламентінің вице-спикері Шандор Лежак жоғары деңгейде өткен шара үшін ұйымдастырушылар алқасына ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек, Бугац шағын ауданындағы екі күнге созылған құрылтай алаңы театрландырылған сан алуан шоу-бағдарламалар мен түрлі этнотоптардың ән салуы­мен, археологиялық-антро­поло­гиялық көрмелер мен көздің жауын алар қолөнер жәрмеңкесімен толыға түсті.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»