Соңғы жылдары еліміздің беделін өсіріп, дамушы экономикалар шоғырынан берік орын алуына тұғыр болған Қазақстанда ашылған жаңа технологиялар емес екендігі де ақиқат. Қазақстан экономикасының бүгінде ауыз толтырып айтар жетістігі негізінен қазба байлықтардың арқасы. Ендеше барша қазақтың атадан қалған ұлы мұрасы − қазақ жерінің минералды-шикізаттық базасының бүгінгі жай-күйі қалай?
2003 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес дүние жүзіндегі анықталған табиғи қазба байлықтардың қоры бойынша Қазақстан қорғасын, мырыш, хром, барит кендері бойынша − бірінші орынды, уран, күміс, жез, марганец бойынша – екінші, темір, кобальт, фосфорит бойынша – бесінші, көмір, мұнай және алтын қоры бойынша тиісінше алтыншы, жетінші және сегізінші орындарды иеленген. Қазақстанның мол минералды-шикізаттық базасы қай кезеңде болсын мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының сенімді іргетасы болды. Ұлы даланың қыртысын қопарып, пайдалы кен орындарын игеру сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында белең алды.
Ал 1920-1930 жылдардағы индустриаландыру науқаны Қазақстанның табиғи байлығын барынша игеріп, пайдалы кен қазбаларын шетке шығару ұранына ұласты. Тарих сахнасында жетпіс жылдан астам үстемдік құрған КСРО шежіресінде ұлан-ғайыр жердің қопарылмаған қыртысы қалмады десе де болғандай. Жетпіс жыл бойы қазба байлықтар тиелген жүк пойыздары шекара асып, жүйткіп жатты. Қазақстан қызыл империя үшін шикізат қорының сарқылмас қоймасына айналды. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» демекші, осылай жалғаса беретін болса, ұлы даланың қазба байлықтардан жұрдай болуы да мүмкін еді.
Өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін Қазақстанның қазба байлығын шикізат күйінде шетелге шексіз шығара беруге тосқауыл қойылатын шығар деген үкілі үмітіміз де ақталатын емес. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде талай-талай қарқынды құрылыс, қампиған қаржы «көбіктері» пайда болып, ізсіз жоғалып жатыр. Бірін-бірі алмастырып, индустриялық-инновациялық бағдарламалар қабылданып, миллиардтаған доллар инвестициялар құйылып жатыр. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас» дегендей, экономиканың негізгі базасы табиғи қазба байлықтарына иек артып, әлемдік рыноктағы бәсекеге қабілетті қазақстандық өнім сол баяғысынша жомарт жердің қыртысынан қопарылған табиғи шикізат ресурстары болып қалуда.
Ол ол ма, жаңа кен орындарын ашып минералды-шикізаттық базаны игеру көлемі тәуелсіздік алған жылдары бұрынғыдан еселеп артпаса, бір кеміген жоқ. Мәселен, 1991-2015 жылдары мұнай өндіру үш есе артып, 26,6 млн тоннадан 79,3 млн тоннаға жетті. Осы жылдар ішінде жез өндіру 1,4 есе, алюминий тотығы 1,6 есе, мырыш өндіру 1,4 есе артты. Сондай-ақ алтын, қорғасын, темір, хром, көмір және уран кендерін өндіру кеңестік кезеңдегі межеден асып түсті.
Соңғы жылдары әлемдік нарықта алтын бағасы көтерілді. Қазақстанда алтын өндіру көлемі бірнеше есе артып, жаңа кен орындары игеріле бастады. Алтын қорының мөлшеріне қарамастан, жеңіл игерілетін кен орындары көптеп ашылып, жылдам пайда табуға құныққан инвесторлар да белсенділік танытуда.
Кешегі кеңес дәуірі кезеңінде Қазақстанның геологиялық зерттеу саласы қатты дамыды. Еліміздің барлық өңірінде дерлік геологтар шықпаған тау-тас, геологиялық зерттеу жүргізілмеген жер қойнауы қалмады десе де болғандай. Осындай жан-жақты зерттеулер нәтижесінде қазба байлықтар анықталған өңірлердің арнайы геологиялық картасы жасалды. Пайдалы табиғи элементтер табылған өңірлерге белгі қойылып, қандай кен орындарын ашып, игеру тиімді, қандай кен орындарын игеру тиімсіз екендігі «тайға таңба басқандай» нақты көрсетілді. Оңай игерілетін қазба байлықтары бар таулы өңірлердің қыртысы қопарылып, тұмса табиғат шұрық-шұрық тесілді. Жеңіл қазылатын көмірі мен темірі таусыла бастаған кен орындары жабылып, келесі кен орнының қыртысы қопарылды. Сөйтіп тұмса табиғатқа орны толмас зиян келуде.
Сарапшылардың айтуынша, қазір Қазақстанның минералды-шикізаттық базасы сарқылуға жақын көрінеді. Еліміздегі кейбір пайдалы қазба байлықтарының қоры таяудағы 10 жыл көлемінде таусылатын түрі бар. Бұл қорды толықтыратын жаңа кен орындары жоқ немесе әлі зерттелмеген. Тығырықтан шығар жол қайсы?
Бірінші кезекте кенжелеп қалған қазақстандық геологияны жандандыру қажет. Жедел түрде Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау орталығын қалпына келтіру керек. Осы орталықтың күшімен барлық өңірде жан-жақты геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалы табиғи қазба байлықтардың жаңа геологиялық картасы жасалуы керек. «Судың да сұрауы бар» демекші еліміздің минералды-шикізаттық базасы мемлекеттік бақылауға алынуы қажет. Жер қойнауындағы қазба байлықтарын игеру, оны шикізат күйінде импорттау заңды түрде халық тарапынан өкілеттілік берілген қоғамдық ұйымдардың басты назарында болуға тиіс. Ұлы даланың қойнауындағы минералдық-шикізаттық ресурстарда ертеңгі ұрпақтың да еншісі бар.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»