Алматы хайуанаттар бағы – Қазақстандағы ең көне және беделді зообақтардың бірі. Аумағы 21 гектарды қамтитын демалыс орнын 385 түрге жататын 4 мыңнан астам жануар, құс және бауырымен жорғалаушы мекендейді. Олардың 76 түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қауіпсіздік тізіміне, ал 24 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
«Өткен жылы зообаққа келушілер саны 1,2 миллион адамға жетті. Бұл біздің зообақтың елдегі және аймақтағы танымалдығын айқын көрсетеді. Жыл сайын келушілер санының артуы – біздің жұмысымыздың және табиғатты қорғау миссиямыздың көрінісі», дейді Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

Былтыр Алматы хайуанаттар бағы Еуропалық зообақтар мен аквариумдар қауымдастығының толыққанды мүшесі атанған. Бұл мәртебе зообақтың халықаралық стандарттарға сай екенін, жануарларды қорғау және ғылыми зерттеулерде жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізетінін растайды.
Данияр Әлиевтің айтуынша, бақ биыл ауқымды реконструкциядан өтеді. Жобаның мақсаты – келушілерге жайлы ауан сыйлау һәм демалыс орнын танымдық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру. Жоба ойдағыдай аяқталар болса, зообаққа жылына 2 миллион адам келеді деп жоспарланған.
Шетелдік туристер Алматы хайуанаттар бағын – жануарлар әлеміне жетелейтін танымдық алаң ғана емес, балалар мен ересектерге білім мен әсер сыйлайтын ерекше орын деп бағалаған. Жаңа кезеңде зообақ Алматының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ең ірі заманауи орталығына айналмақ.
АЛМАТЫ