Спорт • 16 Тамыз, 2018

Канаданың хоккейшісі «Барыста» ойнайды

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Канаданың 28 жастағы танымал хоккейшісі, 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарының  қола жүлдегері Брэндон Козун алдағы күндері Астананың «Барыс» клубы сапында ойнайды. 

Канаданың хоккейшісі «Барыста» ойнайды

Брэндон АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында дүниеге келгенімен, оның әке-шешесі ертеректе Канадаға қоныс аударды. Шайбалы хоккей әліппесін ол Калгари қаласында үйренді. 2010 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысып, күміс медальді мойнына ілді. 2014 жылға дейін Козун екінші деңгейлі дивизиондара өнер көрсетсе, 2014/2015 жылғы маусымды Ұлттық хоккей лигасының «Торонто Мейпл Лифс» (ҰХЛ) клубында өткізді. Одан кейін Құрлықтық хоккей лигасына (ҚХЛ) ауысып, Хельсинкидің «Иокериті» және Ярославльдің «Локомотивінде» ойнады. Шабуыл шебінде еркін ойқастаған сұрмерген 2015/2016 жылғы маусымда 58 рет мұз айдынына шығып, 49 ұпай (15 гол+34 пас) жиды. 2016/2017 жылғы маусымда 59 кездесу өткізіп, 56 ұпайды (23 гол+33 пас) иеленді.

Канаданың ұлттық құрамасы сапында Брэндон Козун бірқатар халықаралық турнирлерде олжаға кенелді. Солардың арасындағы ең маңыздысы – 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында қола медальді иеленуі. Сол жарыста ол гол соқпағанымен, әріптестеріне екі мәрте нәтижелі пас берді. Ал 2016, 2017 және 2018 жылдары Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі ҚХЛ-дың «Жұлдыздар матчында» өнер көрсетті.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»