Бизнес • 16 Тамыз, 2018

Қарағанды облысында катодты мыс өндіретін кәсіпорын іске қосылды

54 реткөрсетілді

Облыстағы қойнауы құт Шет ау­данында катодты мыс шы­ғара­тын зауыттың құрылысы осы­дан екі жыл бұрын басталған болатын. Қазіргі таңда құны 14 млрд теңге болатын бұл жоба толық жүзеге асырылып, катодты мыс өндіру зауыты сынамалы режімде жұмыс істей бастады. 

Зауыттың жобалауы мен құрылысын «Caravan Resources» тобына кіретін қазақстандық компания мамандары іске асырды. Бүгінде өндірістік үдеріс сынамалы режімде іске қосылып, дайын өнімнің сынақ партиясы алынды.

– 2016 жылы жобаны гео­ло­гиялық барлау жасаудан бас­таған едік, сонан соң техноло­гияны зерттеуге кірістік. Со­нымен қа­тар бір мезгілде жоба­лаумен айна­лыстық, – дейді «Sa­ry-ArkaCopperProcessing» ЖШС-на кі­ретін «Caravan Re­sou­rces» компа­ниялар тобы директорлар ке­ңесінің төрағасы Қайрат Сатыл­ғанов. – Екі жылда ауқымды жұ­мыстар атқарылып, бүгінде жоба­мыздың құрылысын аяқтадық. Жоба жылына 9 мың тонна катодты мыс өндіруге мүмкіндік береді. Өнім түгелдей экспортталатын болады.

Жаңа зауыт халықаралық стандарттарға сай заманауи үлгіде салынып, жабдықталған. Атап айтқанда, кәсіпорын цехтарында «OUTOTEC» (Финляндия), «BatemanAdvancedTechnologies LTD» (Израиль, Италия), «TELESTACK Ltd» (Ұлы­бри­та­ния), «DYNAPOWER LLC» (АҚШ), Metso тобы (Финляндия) секілді осы саладағы көшбасшы компаниялардың озық үлгідегі технологиялық құрылғылары орна­тылған.

Ерекше атап өтерлігі, өндіріс толығымен автоматтандырылған және «Индустрия 4.0» бағдар­ла­масының талаптарына сай келеді. Автоматтандыру Outo­tec фин компаниясы жасап шығар­ған Proscon технологиялық үдеріс­терді басқару жүйесі негізінде құралған.

Бүгінде зауытта 550 адам жұмыс істейді. Олар негізінен жақын маңдағы аудандардың тұрғын­дары. Жұмыскерлер үшін бар­лық жағдай жасалған. Кәсіп­орын базасында тұруға арналған бес корпус бар, жеке асхана жұ­мыс істейді.

Зауыт құрылысы облыс әкім­дігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің бел­сенді қолдауымен жүр­гізілді. Ком­пания Қарағанды облы­сының кәсіп­керлікті қолдау картасының субъектісі болып саналады. Со­ның арқа­сында оған салықтық жеңіл­дік­тер жасалған. Сонымен қатар компанияға қаржылық инсти­туттар үлкен қолдау көрсетті. Нақты айтар болсақ, «Цесна­банк» 60 млн АҚШ долларынан астам сомаға несиелік ресурс ұсынған.

Атап өтерлік тағы бір жайт, катодты мысты өндіру енді шетелдік мамандардың қаты­суынсыз жүзеге асырылады.

– Зауытты өз күшімізбен сал­дық. Дәлірек айтқанда бұл ау­қымды істі түгелдей  қазақ­стан­дық мамандар жүзеге асырды. Енді міне, облыс әкімінің, Инвес­тициялар және даму ми­нистрлігінің және «Цесна­банк­тің» қолдауымен зауыт өзінің жұмысын сынамалы режімде бас­тап отыр, – деді Қайрат Са­тыл­ғанов қуанышын жасыра алмай.

Жаңа кәсіпорын сынамалы режімде өз жұмысын бастаған күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Sary-ArkaCopperProcessing» ЖШС-ында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Өңір басшысына мыс кен орны, үгіту-сұрыптау кешені, шоғырлы сілтісіздендіру учаскесі мен өндірістік ғимараттар – экстракция және электролиз цехтары көрсетілді.

Әкім әңгіме барысында кәсіп­орынның қоршаған ортаға тигізер залалы бар-жоқты­ғына баса мән берді. 

– Бұл өндіріс экологиялық тұрғыдан қаншалықты қауіпсіз? Қазіргі бар қор қаншаға жетеді? – деп сұрады Ерлан Қошанов компания дирек­торынан.

– Бірінші саты – минералды шикізатты қайта өңдеу. Үгіту кешені үш үгіту кезеңінен және екі жолақтан құралып салынған. Мұнда дайын өнім үгітілген кен.Оны шоғыр­лы сілтісіздендіру учаскесіне жібереді. Онда 60 бірліктен құралған қойма кешені орналас­қан. Цикл толығымен тұйықталған, яғни экологиялық жағынан қауіпсіз. Бірінші экстракция цехына түсетін ерітінді бір литрге 45 грам­ға дейін байытылады. Цех жарылғыш жағынан қауіпсіз болғандықтан қорғау деңгейі өте жоғары, арнайы өткізгіштік режім және автоматты түрде өрт сөндіру жүйесі бар. Біз өндірістегі қауіпсіздікке қатты мән береміз. Ең соңында біз екінші электролиз цехына жіберілетін электролит аламыз. Технологиялар бойынша айтарым, дайын өнім – катодты мыс алуға болатын минералды шикізатты металлургиялық қайта өңдеудің толық циклы. Кен қоры 15-20 жылға же­теді, – деп мәлімдеді «Sary-Arka­CopperProcessing» ЖШС директоры Рустам Дүсіпов.

«Sary-­Arka­Copper­Pro­ces­sing»­­­ ­ЖШС-ға кіретін «Caravan Resources» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғановтың ай­туын­ша, шілденің соңында дайын өнімнің бірінші топтамасы алынды. Кәсіпорын қазірдің өзінде ірі халықаралық трейдер­лер­дің бірі – Trafigura компания­сымен өнімдерін экспорттау жөнінде ірі келісімшарт жасас­қан екен.

– Бүгінде әлемдік нарықта мысқа сұраныс өте жоғары. Сондықтан экспорт және сатуға қатысты мәселелер туындамауы тиіс деп ойлаймыз. Қазір катодты мыс өндірумен қоса жобамызды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз, – деп Қайрат Сатылғанов алдағы жос­парларымен бөлісіп.
Сарыарқаның төсінде сынамалы режімде катодты мыс өндіріп жатқан жаңа кәсіпорын жоспар бойынша жыл соңына дейін толық жұмыс істей бас­тайды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар