22 Желтоқсан, 2011

Жұртшылықпен келелі кездесу

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нұротандықтар кеше павлодарлықтарға өздерінің сайлауалды тұғырнамасын та­ныс­тырды.  Ол «Қазақстан. 2017 мақсат­та­ры. Жаңа іс-қимыл жоспары» деп аталады. Жалпы, ел Президентінің салиқалы саяса­ты­ның нәтижесінде Отанымыз 20 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізді. Әуелі партия өкілдері соңғы жылдардағы жетістіктерімізге тоқталып, іле-шала өзде­рі­нің тұғырнамаларына қарай ойысты. Ондағы басым бағыт­тардың бірі – эконо­ми­ка­ны дамытудың жаңа өлшемдері. Эконо­ми­калық өсудің басты нәтижесі – кіріс­тер­дің өсуі. Алдағы 5 жылда ІЖӨ көлемі 15 мың АҚШ дол­ларына дейін жетеді. Партия 2017 жылға дейін ана мен бала өлімін 1,5 есеге дейін төмендетуді мақсат етіп отыр. Мемлекет әлеуметтік жәрдемақы көлемін біртіндеп өсіріп, ал әлеуметтік көмек пен зейнетақы­ның арқаулық көлемін күнкөріс деңгейінен 60 пайызға дейін өсіретін болады. Республикалық штаб өкілдері бағдар­ламалық құжаттың негізгі бағыттарын «Дос­тық үйіне» келіп, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен талқылады. Қала орта­лығындағы сәулетті ғимараттың кең за­лында балалардың өз халқының тілін, әдет-ғұрпын үйренуге мүмкіндік беретін Ұлттық жаңару мектебі орналасқан. Бүгінгі кездесуде этномәдени бірлестіктер өкілдері Ел­ба­сы саясаты мен партияның жүргізіп отырған жұмысына кең қолдау білдірді. Нұротандықтардың тағы бір кездесуі облыс орталығындағы бір аулада өтті. Айта кетерлігі, 20 жылда облыс орталығы өзгер­ді, жақсарды, жаңа зәулім үйлер бой кө­терді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын жаңғырту бағдарламасы бойынша ескі үйлерді жөндеу жұмысы да басталып кетті. Қалалықтар барлық оң өзгерістерді Президенттің атымен байланыстырады. Сапар барысын қорытындылаған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орын­басары, республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Нұрлан Нығматулин: «Нұр Отан» партиясы бүкіл еліміз білетін нағыз халықтық партия болғандықтан, біз үшін осындай кездесулердің орны да ерекше, маңызы да зор. Себебі, партиямыздың сайлауалды тұғырнамасын және барлық мемлекеттік бағдарламаларды орындау үшін осы кездесулерде айтылған ұсыныс­тарға назар аударатын боламыз, – деді. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.