22 Желтоқсан, 2011

Қоғамдық көлік тиімділігі зор

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда елімізде сайлау додасына түсіп жатқан саяси күштер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын насихаттау үшін қаржылық қиындықтарға қарамастан, барлық амалдарды қолданып бағуда. Және онысы нәтижесіз де емес. Мәселен, Қазақстан Патриоттары партиясының белді мүшелері қалалық қоғамдық көлік­тер­ді өз мүдделеріне ұтымды пайдалана бастады. Қоғамдық көліктерде жолаушыларға ән айту арқылы өздерінің жетістіктерін де насихаттап отыр. Мәселен, кеше Алматыда патриоттықтар трамвай көлігімен «Орбита» шағын ауданынан Көкбазарға дейінгі аралықты жүріп өтіп, насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұдан басқа да шаралар оңтүстік аста­на­мыздың бірқатар жерлерінде ұйымдасты­рыл­ғандығын айта кету керек. Мэлс Елеусізов, Алла Рыжкова бастаған партия белсенділері кеше Әл-Фараби атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінің гео­графия факультетінде студенттермен кездесу өткізді. Аталған кездесу барысында жастар мәселесі, соның ішінде, студент­тер­дің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы кеңінен сөз болды. Әсіресе, студенттер жатақ­хана­сының жетіспеушілігі, олардың жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі жұмысқа орна­ласуы проблемалары сияқты бірқатар мәселелер ортаға салынды. Партия негізінен кедейшілікті еңсеру және азаматтарды әлеуметтік қорғаудың мем­лекеттік жүйесін одан әрі дамыту сая­са­тын жүргізіп келе жатқаны белгілі. Бұдан басқа, экология проблемасы кеңінен сөз болды.  Әсіресе, Арал теңізі, Семей поли­го­ны, Байқоңыр ғарыш айлағы проблемала­рын шешуге ерекше ден қойылып, оларға әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуға күш салу қажеттігі айтылды. Осы ретте партия Каспий теңізі шельфі мен елдің барлық аумағында жұмыс істейтін шетелдік инвесторлардың экологиялық стандарт­тарын қайта қарауға қол жеткізуді де назарда ұстауды өздерінің басты қағидаттары ретінде қарастырып отыр. Ал Астанада Қазақстан Патриоттары партиясының жетекшілері ЕҚЫҰ байқау­шы­лары миссиясы өкілдерімен кездесіп, алдағы сайлау барысын әңгіме өзегіне айналдырды. Ұйым өкілдерін, әсіресе, әске­рилердің, жастардың және мемлекеттік қызметшілердің  сайлау барысына қан­дай­лық қатысатындығы қызықтырған көрінеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.