Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері, Қаржы министрі, Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберіндегі тапсырмасына сәйкес елімізде қылмыстық сот ісін жүргізуді электронды форматқа кезең-кезеңмен көшірудің жүзеге асырылып жатқаны аталып өтті.
Бас прокурордың мәлімдеуінше, жобаны іске асырудың басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және сот төрелігіне жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ету.
Жалпы, саланы автоматтандыру қылмыстық процестің барлық сатысын, атап айтқанда, қылмысты тіркеуден бастап үкім орындалғанға дейінгі сатыларды қамтиды деп күтілуде.
Сондай-ақ істерді электронды форматта тергеп-тексерудің артықшылығы ретінде оңтайландыру, дәлелдемелерді жинау және процестік құжаттарды жасау рәсімдерінің жеңілдетілуі, сондай-ақ прокурорлық және сот бақылауын күшейту туралы айтылды.
Отырыста келтірілген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда 5 мыңға жуық іс электронды түрде тергеп-тексерілуде, оның 2,3 мыңы сотқа жолданған.
Ал Үйлестіру кеңесінің төрағасы – Бас прокурор Қайрат Қожамжаров атап өткендей, электронды сот ісін жүргізуді толыққанды енгізу үшін қылмыстық қудалау органдарын қаржыландыру, тиісінше техникалық жарақтандыру және қызметкерлерге оны жүргізу дағдыларын оқыту мәселелерін шешу қажет.
Осыған байланысты, Үкімет мүшелері жобаны одан әрі іске асыру үшін қаражат бөлу мәселесін талқылады, ал құқық қорғау органдарының басшыларына қылмыстық процесті кезең-кезеңмен автоматтандыру мерзімінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Одан кейін қылмыстық процесте азаматтардың қорғалу деңгейін көтеру, оның әсіре қатаңдығын төмендету, қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын оңтайландыру бойынша уәкілетті органдардың қабылдап жатқан шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.
Жиында белгілі болғандай, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғыртуға бағытталған заң қолданыста болған 7 ай ішінде ұсталғандар (9 789-дан 6 508-ге дейін), күзетпен ұсталғандар (8 835-тен 6 148-ге дейін) және бас бостандығынан айыруға сотталғандар (12 414-тен 4 231-ге дейін) саны үштен бірге азайған.
Осы жылдың наурызынан бастап соттар жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге 8 мың санкция берген. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен 600-ден астам іс аяқталған.
Бас прокурор, сонымен қатар жасырын тергеу әрекеттеріне бастама жасау кезінде заңдылықтың сақталуын және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берілмеуін, азаматтарды негізсіз ұстау фактілерін болдырмауды, дәлелдемелерді жинау бойынша адвокаттардың өкілеттіктерін іске асыру кепілдігінің қамтамасыз етілуін тапсырды.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсынымдар әзірленді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»