Жазғы спорт • 18 Тамыз, 2018

Жакартада Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индонезия астанасы Жакартадағы Гелора Бунг Карно стадионында XVIII Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Стадионның сыйымдылығы 78 000 адамға арналған болса, Ойындардың ашылу салтанатын осыншама адам тамашалады десе болады. 

Жакартада Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті

Биылғы Азиада Индонезияда осымен екінші рет өтіп жатқаны белгілі. 1962 жылы өткен төртінші Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты да дәл осы стадионда ұйымдастырылған-ды. Ресми ашылу салтанаты «Гаррис» атты Индонезияның ұлттық биімен басталды. 1500 қыз бала билеген биде елдің бүкіл әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және мәдениеті сыйдырылған. 150 бишінің киіміне 30 мың метр мата жұмсалып, оны 50 мыңға жуық тігінші үш ай тіккен. Биді хореограф – Денни Малик қойған. Индонезия байрақты бәсекенің ашылу салтанатына 17 апта дайындалған.

Осыдан кейін жарысқа қатысатын елдердің спортшылары сап түзеп, кезек-кезегімен стадионның алаңын айналып жүріп өтті. Біздің елдің делегациясы 15-ші болып шықты. Ал мемлекеттік туымызды бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аманқұл Әбілхан ұстап жүрді. Осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азиядада бокстан Олимпия ойындары жəне əлем чемпионатының күміс жүлдегері Əділбек Ниязымбетов алып жүрген-ді. Осылайша, қатарынан екі Азия ойындарында көк туымызды ұстап шығу боксшыларымызға бұйырып отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, Оңтүстік пен Солтүстік Корея спортшылары Жазғы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет бір тудың астында шықты.

Ресми шараның соңында Индонезия президенті Джоко Видодо сөз сөйлеп, Жазғы Азия ойындарының ашылғанын жариялады. Сондай-ақ жарысқа қатысып жатқан саңлақтарға сәттілік тілеп, барлығына соңына дейін күресіп, жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді. Сонан соң ашылу салтанаты театрланған көрініспен жалғасты.

Айта кетейік, Жазғы Азия ойындары 2-қыркүйекке дейін жалғасады. Өкінішке қарай, Индонезиядағы спорттық оқиғаны отандық телеарналар тікелей эфирде көрсетпейді. Дегенмен, Қазақстандық спортшылардың нәтижесімен ең бірінші болып egemen.kz сайтынан біле аласыздар.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

ФОТО: Данияр Майлыбаев, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі