Аймақтар • 19 Тамыз, 2018

Маңғыстаулық құрылысшылар төл мерекесін атап өтті

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салтанатты жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев, мемлекеттік органдардың, өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары және құрылыс саласының ардагерлері қатысты.

Маңғыстаулық құрылысшылар төл мерекесін атап өтті

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы құрылыс қарқыны бойынша Астана және Алматы қалаларымен бірге үздік үштікке еніп отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 197 млрд. теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 833,022 мың шаршы метрді құрады. 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 75 млрд. теңге немесе былтырғы жылдың 6 айымен салыстырғанда 119%, ал тұрғын үй көлемі 649 мың шаршы метр немесе 128% болды.

Ақтау қаласының 33 шағын ауданындағы құрылысы көп жылдар бұрын басталған тұрғын үйлердің 1-кезеңі аяқталып тапсырылса, «Облыстық онкологиялық орталық», Ақтау қаласындағы №2 канализациялық-тазарту ғимараты, «Ана мен бала орталығы» сияқты нысандардың құрылысы қолға алынды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша Мұнайлы және Қарақия аудандарында 312 пәтерді құрайтын тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді.

«Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, республикада алғаш болып, әрқайсысы 72 пәтерлік, 9 қабатты 4 үйді ақпараттық модельдеу немесе ВІМ-технологиямен жобалауға тапсырыс берілді. Бұл технология салынатын нысанның құрылысының толық ақпараттық сипаттамасын жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, жалпы шығындарды 15%-ға дейін қысқартуға және де барлық бақылау жүйесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, құрылыс саласын ақпараттық модельдеу технологиясы ақпаратты басқару процестерінің дұрыстығын қамтамасыз ететін болады» , деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Сәкеев.

Шара барысында өңірдің құрылыс саласының дамуына зор үлесін қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен Мейрамбек Қымбатов - «Бисентин» ЖШС бас инженері,  Вера Ефименко, Гиджран Габибов -«Le Pes»ЖШС прорабы,  Галина Ким - «Альянс LTD» ЖШС директоры, Медеу Кенжетаев -«Айком ЛТД» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы, Сұңғат Мұңалбаев - «Актау БС Строй» ЖШС бас директоры марапатталды. Сондай-ақ, үздік құрылысшыларға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Алғыс хаты табысталды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше