Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Кеншілер қаласы көркейе түседі

567 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалалы жерлерде оқушылар демалысы ата-аналар үшін әжептәуір өзекті мәселе екенін қазір барлығы біледі. Үш ай бойы баланы үйден шығармай отыруға бола ма? Демалыс лагерьлері бар баланы қамти алмайтыны тағы анық. Ал үйде отырған бала зерігеді, зеріккен соң көшеге шы­ғады, бос жүреді. Сандалудан сан соғып қалатындар да кездеседі.  

Кеншілер қаласы көркейе түседі

Бұл мәселе Рудный қаласында да жиі көтерілетін. Соның бірі қала тұрғыны Берен Үсенова жасөспірім ұлы Абайды қолынан жетектегендей болып жүруші еді. Әрине Абай спорт секцияларына барады. Бірақ бос уақыттың барлығын ол спорт залдарында өткізбейді ғой. Бала­ның аты − бала, ол да ойна­ғы­сы келеді. Биыл біткен игі іс кен­шілер қаласындағы бар ата-ананың ойынан шыққандай бол­­­ды. Памп-трек пен скейт сая­бағын орнату бастамасын «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоға­мының президенті Береке Мұха­мет­қалиев көтерген болатын. Өйткені өндіріс басшысын да алып кәсіпорында еңбек ететін 18 мыңға жуық жұмысшының бала тәрбиесі, кеншілердің демалысы туралы мәселе ойландыратын. Кен алыбының басшылығы 30 миллион теңге бөліп, қаланың қақ ортасындағы алаңнан памп-трек пен скейт-саябағын салды. Сөйтіп айнадай тегіс жолдарда скейтборд тебу рудныйлық бар баланың демалыс орнына  айналды.

– «Бала ойынмен өседі» дейді халқымыз. Үш ай жазда бала кешке қарай үйден шығып кетсе бірнәрсеге ұрынып қала ма деп, уайымдап отыратын едім. Скейт бақ ашылғалы балам кешкілік бос уақытын сонда өткізеді. Әрі ойын, әрі шынығады. Балалар үшін өте жақсы болды, – дейді Берен Үсенова. 

– Біз Рудный қаласын тартымды және заман талабына сай дамыта беруіміз керек. Скейт саябағы – біздің жастарға қажет уақыттың бренді. Біз оларды әр­дайым қолдаймыз және саламатты, жан-жақты дамыған, қуат­ты, ой-өрісі кең жастарға ерекше сенім артамыз. Дәл осындай  жастар «Соколов-Сарыбай кен өнді­ру бірлестігінің» болашақ маман­дары деп білеміз, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.

Жастар болашағы үшін па­триот­тық қимыл жасаған тек «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» ғана емес. Көктемде  кеншілер қаласындағы №2 гимназия мен №1 орта мектепте «Қазақстан аллюминийі» акционерлік қоғамы STEM лабораториясын жасақтап берді. Онда оқушылар түрлі робот­тармен тәжірибелік жұмыс­тар жүргізеді.  Олар мектеп қабыр­ғасынан-ақ робот құрастыруды, оларды өндірісте пайдалануды білетін болады. Ертең жо­ғары оқу орнына түскенде қинал­майды, білгенін одан әрі жалғастырады. Мүмкін өндіріс пен экономиканың басқа салаларында табыс көзіне айналар жаңалықтар табуға талпынар. Бизнес кәсіпорындары барлығы 891 миллион теңгеге түрлі әлеу­меттік көмек көрсеткен.

– Кеншілер қаласын көркей­туді тек бюджеттің арқасына жүк­теп қоюға болмайтынын «Атамекен» бағдарламасы айқын меңзеп отыр. Рудный қаласында бизнес саласы өкілдерінің туған жерге жасаған қолғабысын жер­гілік­ті тұрғындар, ірілі-ұсақ­ты кәсіпорындар қолдап кетті. Қаланы көркейту үшін жұрттың барлығы да кен алыбы секілді миллиондап қаржы бөле алмайды. Әңгіме қаржыда тұрған жоқ екен, қарекетте екен. Оны рудныйлықтарға бастамашыл­ жастар дәлелдеді, – дейді  «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы жөөніндегі жобалық офистің жетекшісі Айбарша Суханова.

Айтса айтқандай, Рудный қаласындағы Дмитрий Зюбанен­ко мен Денис Боярский деген жап-жас жігіттерді қазір бү­кіл қала тұрғындары біледі. Олар қаланың ескі тұрғын ауданындағы Пионер көшесінде орналасқан, сонау 60-шы жылдары салынған ең ескі үйден өздеріне арзан бағаға пәтер сатып алады. Тозығы жеткен үйлердің ауласында олардың сәбилері ойнайтын   аула да, отыратын орындықтар да болмайтын. Екеуі өздері тұратын үйлердегі тұрғындарды ұйымдастырып, әр отбасынан ақша жинап, үйдің сыртына, ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізді, балалар ойнайтын алаң салды, гүлзар жасады. Олардың бұл игі ісі ескі үйлерде тұратын өзге тұрғындарға да қозғау салып екі жігіттің бастамасымен тағы да 5-6 үй осындай жөндеуден өтті. Былтыр жүдеп-жадағандай болып тұратын ескі үйлердің қазір сырты боялып, ауласы жайнап сала берді.

Рудный қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мекте­бінің директоры Валерий Галым­зянов­тың бастауымен баскетболшылар тобы бастама көтеріп, өздері ақша жинап, тозып кеткен 2 баскетбол   алаңын жөндеді. Спортшылар оны тапсырар кезде міндетті түрде жолдастық кездесулер өткізіп отырады.

– Кеншілер қаласында осындай бастамалар қазір көбейіп, дәстүрге айналып барады. Мы­салы, қаладағы  «Хорошее дело» газетінің редакторы Есенгелді Қуанышбаевтың бастамасымен жасалған жоба да қызық. Олар газетті сатқанда әр данасынан 5 теңгені әдейі ашқан жи­нақ шотына аударып отырады. Оларға қаладағы «Такси Сана» кәсіпорны  қосылды, әр мінген жолаушы төлеген ақыдан белгілі пайыз ақша әлгі шотқа салынады. Тұрғындар жүз мың теңге жинаса, редактор бастамасымен жиналған қордан оған  үш жүз мың теңге қаржы қосып, балалар алаңын салады. Осы тәсілмен олар қалада 4 балалар алаңын салып берді, – дейді Айбарша Суханова.

Рудный қаласының қарапа­йым тұрғыны Анатолий Қадірме­нов­тің бастамасы жастар, қала әкімдігі, жалпы қалалықтар тарапынан өте қызу қолдау тауып­ отыр. Анатолий көктемде То­был өзенінің жағасын тазалау­ға кіріскен. Біраз жылдан бері лас­танып кеткен өзен жағасынан жиналған қоқыс тонналап сыртқа шығарылып, көзі жойылған. Жұрттың шомылатын, демала­тын, қыдыратын орны айнадай тазарып, табиғат бір сергіп қалғандай болды.

Міне, кеншілер қаласы көп­тің қарекетімен, ықыласымен гүлденіп, көркейе түсті. Туған жердің қасиеті болар, бұл.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Рудный қаласы