Әдебиет • 20 Тамыз, 2018

Талдықорғанда Тыныштықбек Әбдікәкімұлының кітабы талқыланды

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісулық жас оқырмандар ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Алқоңыр дүние» атты кітабы туралы пікір алмасты. Бас қосу көрнекті ақынның өлеңдерін оқумен басталып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған кітап жайында еркін талқылауға ұласты.

Талдықорғанда Тыныштықбек Әбдікәкімұлының кітабы талқыланды

Жалпы, Тыныштықбек ақынның шығармашылығына жетісулық жастар әбден қанық. Мұқым қазақтың сүйікті ақыны жайлы ыстық ықыласқа толы лебіз білдірген ынталы жастар «Алқоңыр дүние» кітабының  еліміздің бас марапаты – Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанына қуанышты екен. Өңірдегі әдеби ортаның көрігін қызыдырып жүрген жас ақындар аға буынның шығармашлығы жайлы әңгімелесіп тұру шығармашылық байланысты нығайтып, әдебиеттің танымалдығын артырады деген сенімде.

- Бүгінгі бас қосуда  Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылығын талқыладық. Тыныштықбек ақын қазіргі қазақ поэзиясындағы құбылыс қой. Өлеңдері өте ойлы, терең. Өкініштісі, ақының атын естігенімен, шығармашылығынан хабары аз жастар да бар екен. Бүгінгі кездесуде олар өздеріне бір сырлы әлемнің қақапасы нашқандай болып отырды. Сондықтан, осындай рухани бас қосудың жиі өтуін қалаймыз, - деп өз ойын білдірді жас ақын, Жазушылар одағының мүшесі Жангелді Немеребай.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының басшысы, ақын Ерлан Жүністің ұйымдастырумен өткен шығармашылық бас қосу енді тұрақты жалғаспақ.

- Алғашқы пікірталасқа Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Алқоңыр дүние» кітабы негіз болды. Алдағы күндері Ақұштап Бақтыгерева, Мархабат Байғұт, Өтеген Оралбаев, Ғалым Жайлыбай секілді қаламгерлердің шығармашылығына қатысты талқылаулар өткізуді де жоспарлап отырмыз, - дейді Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының басшысы, ақын Ерлан Жүніс.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы