Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Шымкентте Шәмші әндері әуеледі

1006 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 «Менің Қазақстаным» ән байқауының оңтүстік өңірі үшін ғана емес еліміз үшін маңызы үлкен. Жас таланттар өзін таныту­ға мүмкіндік алса, өнер­сүйер, әсіресе сырлы ән­мен қазақ халқының бітім-болмысын, шына­йы бей­несін си­патта­ған ұлы ком­позитор Шәмші Қа­л­даяқов­тың шығар­маларын тыңдаудан жал­ық­пай­тын, тіпті қосы­ла шыр­­қай­тын жұрт та бұл байқауды асыға күтетін болған. 

Шымкентте Шәмші әндері әуеледі

Елімізге танымал Шәки­зада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұр­лыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжа­зира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, «Сарын» тобы сынды көптеген өнер иелері 1992 жылдан бері дәстүрге айналған осы байқаудан қанат қаққанын айта кетелік. Әр жылғы байқаудың өзіндік ерекшелігі, жаңалығы бар. Мысалы, биылғы жетістігі ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен тыңдарманға жол тартты. Олар­дың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Тыңда мені, достарым» сынды әндер бар.

Биыл 26-шы рет өткізілген байқау өнерсүйер қауымға жаңа есімдерді әйгіледі. Алды­мен Түркістан облысының мәде­ниет және тілдерді дамыту басқар­масы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орта­лы­ғы­ның ұйымдастыруы­мен өткен ән байқауы «Шәмші әле­мі» гүлзарындағы композитор ескерт­кішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жалғасын тапты. Мақсаты – Шәмші Қалдаяқов­тың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындау­шылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлға­лар­дың қалыптасуына ық­пал ету, әншілердің орындау ше­бер­ліктерін арттыра отырып, оларға қолдау көрсету жә­не отансүйгіштікке баулу, ұлт­тық рухта тәрбиелеу болатын дәстүрлі өнер додасының аудан, қалада өткен бірінші кезеңіне 200-ге жуық үміткер өтініш білдірген. Оның ішінен 21 үміткер финалға кезеңге жолдама алды. Өнер бәйгесіне 15 - 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Ал үміткерлердің талантын шәмшітанушы, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі төрағалық еткен қазылар алқасы таразылады.

Көпшілікке керемет әсер сыйлаған, Шəмші Қалдаяқов­тың туған күніне орай ұйымда­с­тырылған «Менің Қазақстаным» ән байқауының жеңімпаздары анықталып, алдымен облыс әкі­мі­нің арнайы жүлдесі берілді. Айту­лы марапат Шардараның жас таланты Гүлмарал Жақып­байға тапсырыл­ды. Жүлделі 3-орын­ға Арыс қаласының тумасы Ердос Сейілхан лайық деп таныл­ды. Екінші орынға Жетісайдың үкілеген үмітін арқалай келген ару Малика Қалдыбай ие болды. Бірінші орынды Келес ауданы­ның әншісі Бексұлтан Ота­рбеков еншіледі. Ал басты сый – бас жүлдені Түлкібас ауданының таланты – Бағдат Нысанбай жеңіп алды. Жеңімпазға 500 мың теңге қаржылай сый-таралғы тапсырылды. Марапаттау рәсімі, осы өнер додасынан түлеген және өзге де жергілікті өнер жұл­дыздарының қатысуымен қорытынды-концертке ұласты.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар