Футбол • 20 Тамыз, 2018

Бүгін футзалшыларымыз Жаңа Зеландиямен күш сынасады

155 реткөрсетілді

Футзалдан Алматыда өтіп жатқан студенттер арасындағы әлем біріншілігінің тұсаукесер кездесуінде Чехияны 4:3 есебімен ұтқан Қазақстанның ерлер құрамасы бүгін сағат 20:00-де Жаңа Зеландиямен күш сынасады.

«Алматы Арена» спорт кешенінде өтен әлем біріншілігінің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасының Президенті –Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде экономика, әлеумет, мәдениет, спорт және басқа да салаларды дамытуда көптеген игі шаралардың жүзеге асып жатқандығын баса айтты. Расында да, былтыр Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесінің және Алматыдағы қысқы Дүниежүзілік Универсиаданың ұйымдастырылуының арқасында аталмыш қалаларда бірқатар көркі көз сүйсіндіретін, заман талабына сай ғимараттар пайда болды. Спорт саласына қатысты айтатын болсақ, қазіргі кезде Алатау бөктерінде бой көтерген «Астана Арена» мен «Халық Арена» кешендерінде жүздеген шаралар өтіп, көптеген үйірмелер жұмыс істеуде. Соның арқасында мыңдаған жастардың еш алаңсыз даярлануына жағдай жасалып отыр.

Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) вице-президенті Мариан Дымальский де сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осы шара барысында жиналған қауым қыршын кеткен даңқы спортшы Денис Тенді еске алды. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары және басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген әйгілі мәнерлеп сырғанаушы жайында бейнеролик көрсетілді. Содан кейін ортаға көк туымызды өрендеріміз алып шықты. «Алматы Аренада» Қазақстанның әнұраны шырқалып, жарысқа қатысушылар ант берді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда өтіп жатқан әлем біріншілігі 26 тамызға дейін созылады. Бұл жарыста 17 мемлекеттен келген 500-ден аса спортшылар бақ сынауда. Атап айтсақ, ерлер арасында 16 және әйелдер сайысында 9 команда шеберлік байқасуда. 

Қазақстанның әйелдер құрамасы да бүгін Жаңа Зеландиямен кездеседі. Бұл бәсеке 18:00-де басталады. Еліміздің қос командасы да топтық турнирдегі өз ойындарының барлығын «Алматы Аренада» өткізеді. Ертең біздің жігіттер Болгариямен, ал қыздар Португалиямен күш сынасады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз әуені

Руханият • Кеше

Хат қоржын (15.07.2019)

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар