Өнер • 21 Тамыз, 2018

Бұқар жырындағы бүгінгі тұрпат

82 реткөрсетілді

«Абайдың өзге ақындармен сөз жарыстыруынан» оқы­ғаным бар-тын. «Ханым – сен, қарашың – мен, басы­байлы, Ханы жақсы болса, қарашысы жасымайды. Жаманға жақсы қолы ұжымақтай, Әлханжан, бері таста насыбайды» дегенін. Мұны еске түсірген – жазушы Мағауиннің бер­тіндегі бір жазбасы. «Қараша халық емес, дұры­сы қарашы» деп еді. Кеше қарасам, Бұқар жырауда да жүр «қарашы» деп. Абайды түсінбеген қазақ Бұқарды оқып жарыта ма?!

Абай Бұқар туралы айтқанда, заман беті басқа арнаға ауса да, қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан ескі әдетті нұсқаса керек-ті. «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты» (Шортанбай) деп жатсынғаннан гөрі, соның тілін таппасаң, осылай таз қалпыңда далада қаласың дегені, бәлкім. Хакімнің бұл өлеңі – жалпы ақындыққа қойылған талап. «Мал үшін тілін безеп, жа­нын жалдап» немесе «Ескі ақын­ша мал үшін тұрман зарлап» деге­ніне қарағанда. Әйтпесе, хан мен қара­шы­ның арасында әділетті ту етіп, қайрылмай тұрып алған жырауың осы «Көмекей әулиенің» өзі еді.  

Бұқар жырауды оқысаң, көз ал­дыңа хан мен қарашы һәм бүгінгі дүдәмал дүние елес береді. «Көзінен басқа ойы жоқ, Адам­ның надан әуресінің» (Абай) бірі кез­деспейді. Сол кездегі мем­ле­кет­тік, ұлттық сана мен бұқара­ның халі, болашақты болжап, алысты көру бар. «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған ақыл­ман не айтса да, елдікті, тұтас­тықты жырлағанын байқау қиын емес. Солай болғасын, хан кеңесшісі сайланбай қалсын ба? 

Хакім Абайдың жоғарыдағы өлең­ге қойған талабы бүгінде орын­далса қайда? Осы күнге дейін Аста­наны жырламаған ақын кем де кем. Бірақ Бұқар­дың «Бағаналы орда – басты орда, Байсал орда қонған жұрт» толғауларынан асырып айтқаны жоқ. Бағзы заманда өмір сүрген бабамыздың жыр-толғауларында айтылған ойлар бүгінгі Қазақстанның іргетасы болып қаланып жатқандай көрінеді кейде. Жыл басында Астананың 20 жылдығына орай материал ұйымдастырғанда, осы 

«Бағаналы орда,басты орда – 

Байсал орда қонған жұрт.

Қара түлкі – қармалжық

Қас сыпайы киген жұрт. 

Ақсары атан аспалап,

Ел жайлауға шыққан жұрт.

Хақтың жолын күзетпей,

Жамандықты ұққан жұрт. 

Бас, аяғың бай болып,

Бәсеке дәурен сүрген жұрт...», деп басталатын толғаудан асқан келісті сөз таппай қалдық. Тәуел­сіз ел астанасының образы осында тұр. Бүгінгі Астана кейпі бұрынғы дәуірде, Бұқардың тілінде сомдалып қойған. Сенбесеңіз, толғау­дың толық нұсқасын мұқият оқыңыз. Өне бойында «мал үшін тілін безе­ген» қылуадай сөз жоқ, тек астаналы мемелекетті сипат­таған асқақ рух қана тұр. Тіпті «Көп жылдарға бек сақтап, Есен де есен болған құтты жұрт» деп бүгінге жеткен қазақтың қилы тағдырын да сипаттап кеткендей екен. «Мамырасып ел болып, Байсалды жайлау табылды. Көлдей қамқа төсеніп, Көрікті ханым түскен жұрт. Ханым берген қамқа тон, Жырау киіп кеткен жұрт» деп бейбітшілік пен келісімді, татулық пен жарас­тықты да келістіре жырлайды.

Әсіресе бүгінгі күнмен астасатын – «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» толғауы. 

«Байлар ұғлы шоралар

Бас қосыпты десін де!

Маң-маң басып жүріңіз

Байсалды үйге түсіңіз.

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз», дегені Абайдың «Біріңді – қазақ, бірін – дос, көр­ме­сең істің бәрі – бос» идеясы­мен астасады. Бейбітшілік пен татулыққа үндеген Бұқардың бұл ойы бүгінгі Ассамблеяның түпқазығындай? Осыны ол бас­та аңдап, жүзеге асырған Елба­сының көрегендігі өз алдына бөлек әңгіме. Жоғарыда жырау өсиеттері бүгінгі Қазақстанның ірге­тасы болып қаланып жат­қан­дай деуіміздің бір ұшы осында.   

Жәнібек ӘЛИМАН

ҚАРАҒАНДЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар