Кино • 21 Тамыз, 2018

«Тақиялы періштені» төрткүл дүние көреді

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақфильм» киностудиясы ТМД мен Шығыс Еуропадағы ең ірі халықаралық онлайн-кинотеатр MEGOGO арқылы отандық киноларды интернет желісінде көрудің мүмкіндігі қарастырылған келісімшарт туралы ресми хабарлады. 1 қыркүйектен бас­тап Қазақстан студиясының жүзден астам ө­німін бүкіл әлемнің ғаламтор қолдану­шылары тамашалай алады.

«Тақиялы періштені» төрткүл дүние көреді

– MEGOGO-ның контент саясатындағы негізгі бағыттарының бірі – әр елдің отандық өндірісінен шыққан фильмдерді халықаралық деңгейде таныс­тыру. Яғни әлемнің кез келген нүктесінен қалаған елдің қызықтырған туындысын тамашалауға таптырмайтын мүмкіндік туды деген сөз. Бұл әлеу­меттік сұрау салу негізінде жүзеге асырылады және мәдени көзқарас тұрғысынан өте маңызды,– дейді Орталық Азия бейнеқызмет көрсету кеңселерінің бас директоры Нұрлан Шоқыбаев. «Соңғы жылдары қазақстандық киноөнім әлемнің назарын аудара бастады. Біздің де оларға ұсынатын туындыларымыз жеткілікті. Фильмдеріміздің барлығы дүниежүзінің кинотеатрларына шыға алмаса да каталогқа енгізілген мол ұсыныс онлайн көруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Н.Шоқыбаев.

«Қазақфильм» киностудиясы ұсынып отырған отандық киномұрағат 150 фильмді қамтып отыр. Оның ішінде  – 148 көркем фильм, 1 – деректі фильм («Мәдени мұра» атауымен 10-сериялы цикл), 1– сериал («Астана, махаббатым менің» 12-сериялы). Кең ауқымды кино алаңына «Менің атым Қожа», «Қыз бен жігіт», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек», тағы басқа фильмдер жинақталған. MEGOGO мен киностудия арасында биылғы 11 маусымда бекітілген келісімшарт талабына сәйкес,  контент тек ақылы негізде ғана қызмет көрсетеді. 

– Біз өз контентімізді MEGOGO алаңына шығарған себебіміз, Қазақстан киностудиясының өнімдеріне сұраныс жоғары. Фильмдер қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі. Бұл жоба отандық киноны насихаттау жолында үлкен рөл атқармақ,– дейді «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева. 

MEGOGO-ның бір айдағы аудиториясын 40 млн қолданушыны құрайды. Каталогта 77 мыңнан аса бейнетаспа бар. Оның 5 мыңнан артығы көркем фильм мен сериал, 1500-ден аса анимациялық фильм, 45 мың телевизиялық шоу, концерттер мен музыкалық бейнежазба, сондай-ақ 20 мыңнан аса ақпараттық бағдарлама бар. Халықаралық ең ірі бейнеқызмет көрсету орталығы FOX, Universal, SONI, WaltDisney, MGM, Miramax, Warner, Broters, Paramount Pictures, BBS, Euronews, DiscoweryCommunications, Viacom секілді әйгілі студия­лармен келісімшарт жасасқан. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ
 

Соңғы жаңалықтар