23 Ақпан, 2010

СӨЗ БЕН ІСТІҢ ҚАБЫСПАҒАНЫ ҚАЛАЙ?

1048 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Мың болғыр Міржақып атамыздың: “Оян, қазақ!” дегеніне де ғасыр айналып барады. Бірақ, соған селт еткен қазақ кей жерлерде қадау-қадау, ал көпшілігі әлі ұйқылы-ояу. Сол самарқаулығымызды пайдаланған кейбір пысықайлар ұлттың мұң-мұқтажын ойлағансып, жеке басының шаруасын түгендеп жүр. Шындығы керек, қазір “Қазағым!” деп қақылдағандардан қорқатын болдық. Ондайлар Жезқазған аймағында да баршылық. Кейінгі бір-екі жылдың өзінде “Тілім!” деп тебіреніп, “Елім!” деп еңірегенде жұртшылықтың жүрегін елжірететін екі азамат өздері басқарып отырған мекемелердің қаржы-қаражатын талан-таражға салып, ақыры тайып тұрды. Енді, міне, “Қазақмыс” кор­порациясының қасынан құрылған “Қазақ тілі” қоғамынан “қылшық” шығып, қайран қалдырып отыр. Осындайда “қазақ тілінің жыр­тысын кім жыртып жүр” деп қайран қалады екенсің. Бұдан бір жыл бұрын “Қазақ­мыс” корпорациясының қасындағы “Қазақ тілі комитеті” қоғамдық бір­лестігі туралы жергілікті газеттер жапатармағай жазды. Бірі “Бітірген түгі жоқ” деп даттаса, екіншісі ара­ша түсіп ақтады. Сол қоғамдық бір­лестіктің бар-жоғын білмей, басын қатырғандар да болды. Ақыры ақ-қарасы ашылмай қалды. Түпкілікті төрелік айтатындар та­был­мады. Ондай ойдан біз де аулақ­пыз. Тек қолға түскен бір құжатқа қатысты қолға қалам алдық. “Қазақмыс” корпорциясының қасындағы “Қазақ тілі комитеті” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қойшыбек Тоқтамысов қария — бірнеше кітапшаның авторы. Со­лар­дың басын біріктіріп “Өнер” бас­пасынан шығарған “Дала даусы” тағы бар. Ашығын айтсақ, жазғандары өзін дәріптеген мақа­лалар мен өлеңге үш қайнаса сор­па­сы қосылмайтын дүниелер. Биліктің бишігін ұстағандардың бейнесі тағы бар. Мәселен, мынау да өлең бе: Уа ұлы тіл! Ұлтыңа не дейсің — Өзің біл, Мен, сені қорлап, Өзін қазақпын дейтіндерден қорқам. Осы кітаптағы “Қазақша сөйле­мейтін қазақты заң болса атар едім, риза боп өзіме, шалқиып үйімде жатар едім” деген қысқа қайы­рымды оқығанда ана тіліне алаңда­ған ақсақалдың бұл сөзіне қайран қаласың... Таяуда қолымызға бір құжат түсті. Ол — “Қазақмыс” корпора­циясы ішкі бақылау департа­менті­нің Жезқазған өндірістік алаңы бойынша басқармасы “Қазақ тілі комитеті” қоғамдық бірлесті­гінің 2005-2008 жылдардағы қаржылық-шаруашылық қызметіне жүргізген ішінара деректі тексеруінің актісі. Оқып, таныстық. Жемқорлықтың жағымсыз иісі мүңкіп тұр екен. Енді актіден үзінділер келтірейік: “Қоғамдық бірлестіктің Жарғы­сына “Қазақмыс” корпора­циясы өкілдерінің келісімінсіз бір жақты, тек төраға Қ.Тоқтамысов қол қойған. Комитет тіркелген сәттен, дәлірек айтқанда 2002 жылғы 10 желтоқсаннан бастап жеке мүлкі, “Центркредит” банкінде есеп-шоты, аты-жөні жазылған мөрі мен бланкілері бар заңды тұлға саналады. “Қазақмыс” корпорациясы қасындағы “Қазақ тілі комитеті” ҚБ қызметінің негізгі түрлері: қазақ және басқа тілдердің еркін дамуына ықпал ету, басқа халық­тарға қазақ халқының тұрмыстық дәстүрлерін таныстыру, ғылыми-көпшілік басылымдар шығару, қоғам аясында лингвистикалық білім беретін “Тіл білімі” халық универ­ситетін ұйымдастыру... Комитеттің есеп-шотынан алынған қолдағы қаржыны кассир Б.Ж.Молдабаева үйінде сақтайды... Ж.К Жайлаубаевтың “Ғалым” дүкенінен 20 000 теңгеге сатып алынған кеңсе сейфі өз мақсатында пайдаланылмаған... 2005 жылғы кассалық кітап, кіріс және шығыс кассалық ордерлерін тіркеу жур­налы, кассалық есеп-қисап тексеруге берілмеді... 2003 жылы 3 қаңтарда жұ­мысқа қабылданған кассир Б.Ж.Мол­­дабаевамен қолдағы ма­териалдық игіліктердің сақталуына толық материалдық жауапкершілігі туралы келісім-шарт жасалмаған... Кассалық есеп тоқсанына бір рет жасалады. Тексерілген кезеңдегі барлық кассалық есептерге кассир мен бас есепші қол қоймаған... Кіріс және шығыс кассалық құжаттары 2006 жылы журналға тіркелмеген, 2007 жылы 25 маусымда басталып, 2008 жылы 25 қазанда аяқталған. Тек­серілген кезеңде ордерлерді нөмірлеу реті дұрыс сақталмаған, немесе таза нөмірленбеген. 2006 жылғы шығыс кассалық ордерлердің басым бөлігінде қоғамдық бірлес­тіктің кассасынан берілген күні көрсетілмеген. Барлық шығыс кассалық ордерлерінде ақшаны алған адамның жекебас куәлігінің мәліметтері жоқ. 2006-2008 жылдардағы шығыс кассалық ордерлеріне кассадан қаржы босатуға рұқсат беруге бас есепші қол қоймаған. Кіріс кассалық ордерлерінде де бас есепшінің қолы жоқ. Жалақы мен сыйлықтар бас есепші қол қоймаған төлем ведо­мостары арқылы берілген, кейбіреу­лерінде ақшаның берілген күні көрсетілмеген... Ж.И.Молдабаева 2004 жылғы 3 қаңтардан бері бірлестіктің бас есепшісі болып істегенімен, тексеріс жүргізілген барлық кезеңде (2005 жылдан 2008 жылғы қазанға дейін) төлем тапсырыстарына кассир Б.Ж.Молдабаева қол қойған... 2005 жылы бірлестіктің банк­тегі есеп-шотынан қызмет­керлердің еңбек ақысы үшін — 538 000 теңге, “басқа шығындарға” деп 1 222 000 теңге қолма-қол қаражат алынған. 2005 жылғы кассалық кітап, кіріс және шығыс кассалық ордерлерін тір­кеу журналы жоқ болғандықтан, жоғарыдағы қаржының қайда, қалай жұмсалғанын анықтау мүмкін емес. Қаражаттың қалай, қайда жұмсалғанын дәйектейтін құжат­тар қолда болмаған жағдайда, оны келтірілген материалдық зиянға жатқызып, 1 760 000 теңге кінәлі адамдардың есебінен орнына салынуға тиіс. 2006 жылдан 2008 жылдың қыркүйегіне дейін “Центркредит” банкіндегі есеп-шоттан қолма-қол 3 899 000 теңге алынған. Мұның 3 356 223 теңгесі қызметкерлердің еңбекақысына, 231 997 теңгесі іс­сапарлар (бұйрық шығарылмай-ақ) шығындарын өтеуге, 7 835 теңгесі кеңсе заттарын алуға жұмсалған. Қалған 302 945 теңге кассада жоқ бол­­ғандықтан, қайтарылуға жата­ды. “Қазақ тілі комитеті” ҚБ төрағасы Қ.Тоқтамысов пәтеріндегі телефоннан сөйлескені үшін “Каспийский” банкі арқылы “Қазақ­телеком” АҚ-на 5010 теңге төленгені анықталды. Бұл 5010 теңге қайтарылуға жатады... Мем.№М927СҒ “ВАЗ-21070” жеңіл автокөлігі 2006 жылы 1 қарашада бірлестіктің балансынан алынып, Қ.Тоқтамысовтың жеке­меншігіне көшкен... Соған қарамас­тан, 2007 жылғы 11 мамырдан 21 маусымға дейін жеке меншік автокөлікке 31 000 теңгенің жанар-жағармайы алынған... 2006 жылдан 2008 жылдың қыр­күйегіне дейін бірлестік қызмет­керлеріне жалақының сыртында күнтізбелік мерекелерде (Жеңіс күні, 8 наурыз, Наурыз, Республика күні, Тәуелсіздік күні, Конституция күні, Мемлекеттік тіл күні) 607 451 теңге сыйлық берілген. Бірақ, сыйлық беру жөнінде бірде-бір бұйрық жоқ. 2008 жылы қыркүйекте қоғам­дық бірлестіктің қызмет­­керлеріне жалақы екі есе жоғары мөлшерде төленген. Ол жөнінде де бұйрық шығарылмаған. Сөйтіп, 2006 жылдан 2008 жылғы қыркүйекке дейін жалақы қорынан 577 623 теңге артық жұмсалған... “Қазақ тілі комитеті” қоғамдық бірлестігінің 2005-2008 жылдардағы қаржылық-шаруашы­лық қызметіне жүргізген ішінара деректі тексеруде анықталғаны: 1. қоғамдық бірлестікке кел­тіріл­ген 1 760 000 теңге мате­риал­дық зиян кінәлі адамдардың есебі­нен қайтарылуға жатады. 2. заңсыз қолды болған 302 945 теңге қайтарылуға тиіс. 3. жанар-жағармайға заңсыз төленген 31 000 теңге қайтары­луға тиіс. 4. телефон байланысы қыз­метіне заңсыз төленген 5 010 теңге қайтарылуға тиіс”. Екі мыңыншы жылдардың басын­да “Қойшыбек қария кор­пора­цияның қасынан “Қазақ тілі” қоға­мын ұйымдастырғалы жүр екен” дегенді естігенде “Көпті көр­ген қария ғой, қазақтың кенжелеп қалған тілінің тағдырына алаңдап шыдап жата алмаған шығар, шына­йы жаны ашитын адам” деп қуан­ған­быз. Артынша “Мысты өңір” газетінен корпорацияның қасынан “Қазақ тілі” қоғамы құры­лып, оған Қойшыбек Тоқтамысұлы төраға бол­ғаны туралы қысқа хабар оқыдық. Бүгінде қоғамды құруға қатысты құрылтай жиналысы өткеніне күмәнмен қарай бастадық. Керек құ­жат­тарды кеңседе отырып-ақ туралап алып, тиісті жеріне тіркетіп алғандай көрінеді. Өйткені, қоғам­ның жоғары органы болып табыла­тын жалпы жиналыс өткізу, қоғам­ның негізі болып саналатын бас­тауыш ұйымдармен байланыс орна­ту, қаржы жағын қадағалайтын тек­серу комиссиясы­ның есебін тың­дау, тағы басқа толғақты мәсе­ле­лерге бай­ланысты жүргізілетін толып жат­қан жұмыстар атқарыл­мады. Тіл жана­шырларымен бірде-бір жиналыс өткізілмеді, төр­ағаның не істеп, не қойып жүр­гені­нен қоғам мүшелері бейхабар қалды. “Тілім!” деп тебіренген, “Қаза­ғым!” деген ақсақал ана тілінің “көсегесін көгертуді” естен шыға­рып алған сияқты. Оның орнына әкелі-балалы адамдарды, бәлкім өзінің сенімді таныстары немесе туысқаны шығар, бас есепші және кассир қылып жұмысқа қабылдап, қоғамдық бірлестікті туған тілді тұғырына қондырудың құралы ретінде қолданудың орнына, оны күнкөрістің көзіне айналдырған. Кеншілер, байытушылар мен метал­лургтер, корпорацияның құрамын­дағы басқа да кәсіпорын­дарда еңбек ететіндер бала-шаға­сының ауызы­нан жырып төлеген жарнадан жинал­ған қаржыны талан-таражға салуға қалай дәті барды екен? Бір айта кететін жайт, қоғамдық ұйым­мен қоса Қойшекең “Қазақ тілін дамыту қорын” да ашып алыпты... Еліміз егемендік алды, тәуел­сіздіктің туын желбіреттік. Бірақ, көп­шіліктің көзіне тілдің тағдырын ойлағандай болып көрініп, айнала беріп жең ұшынан жалғасатындар жүргенде, туған тіліміздің тұғырына қонуы қиын. Жоғарыда келтірілген мәліметтерден кейін Қ.Тоқтамы­совтың тірлігін тілдің тағдыры тол­ғандырған тұлғаның ісі деп баға­лау­ға бола ма? Төрелікті “патша көңіл” оқырманның үлесіне қалдыр­дық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында сөйлеген сөзінде тіл мәселесіне де тоқталды. Мем­лекеттік тілді одан әрі дамытуды этносаралық келісімнің әлеуетін нығайта түсу үшін болашаққа ар­нал­ған нақты міндеттердің қатары­на жатқызған Президент: “Біздің қоғам, интеллигенция мемлекеттің қазақ тілін дамытуға көңіл бөлмеуі жөнін­дегі ұсақ, ызалы және попу­лис­тік пікірлерден жоғары тұруы тиіс...Әсіресе, егер олар артында нақтылы ісі жоқ, барлық жауап­кершілік тек мемлекетке ғана жүк­теле салған, әншейін бос сөздер бол­са одан бетер орынсыз” деп қадап айтты. Осыдан “Қазағым!” деуден жалықпайтын, бірақ сөзі мен ісі қабыспайтындар қоры­тынды шы­ғар­са жөн болар еді. Қабыл ӨМІРТАЕВ, Оңтүстік Жезқазған  кенішінің бригадирі, үшінші дәрежелі “Кенші даңқы” белгісінің иегері, Әріпжан САЛҚЫМБЕКОВ, Жезқазған байыту фабрикасының бюро бастығы, Құрметті байытушы, Ленин орденінің иегері, Шамхан РАХМЕТОВ, Жезқазған мыс қорыту зауытының қызметкері, Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы  сыйлығының иегері. Жезқазған. АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕРІ Қазақстан Ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Сәмит ДАЛДАБАЕВПЕН әңгіме – Өзіңізге мәлім, Елбасы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, оның өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға, ауылды өркендету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық деңгейін көтеру мәселелеріне баса көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты өз ойыңызды баян етсеңіз? – Елбасының жаңа экономикалық өр­леуге негізделген Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ерекше мән беріліп, оның негізгі бағыттары белгіленді. Ең бас­ты­сы, ауыл шаруашылығында еңбек өнімді­лігінің төмен­дігін атап көрсетіп, оны 2014 жыл­ға қарай кемінде екі есеге арттыру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, со­ны­мен қатар бұл салада экспорттық бағдар­ла­маны іске асыру жөнінде нақты тұжырым­дама жасалды. Бұл тапсырмалар агроөнер­кәсіп кешеніне күрделі де жауапты міндеттер жүктейді. Жер басты байлығымыз екенін түсінуіміз керек. Астық, дәнді дақылдар өнген жерде мал шаруашылығының да мұқтажы шешіліп, соның нәтижесінде ет, сүт өнімдеріне деген тәуелділіктен арылуға болатынына сөз жоқ. Рес­публикамыздың аймақтық, табиғи-климат­тық ерекшеліктері көкөніс, картоп, жеміс-жидек, бақша, күріш, қызылша, мақта, басқа да дақылдарды молынан өндіруге мүм­кіндік береді. Кешегі уақытта Қызылорданың қауы­ны Кеңес Одағының 29 облысына тарай­тын. Қауын дайындау үлкен науқанмен жүретін, темір жол жүйесінің вагоны жетпей жататын, елдің табысының үлкен бір көзі еді. Міне, осы жағдайлардың өзі елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның бірқа­та­рын сыртқа шығаруға да бола­тынын көрсетеді. Өкінішке орай, республикада ауыл ша­руашылығы өнімдерін өндірудің орасан зор мүмкіндіктері бола тұра оларды ысырапсыз, қалдықсыз пайдаға асыру, ұқсату, яғни өңдеу өнеркәсібі дамымай келеді. Демек, қаншама қосымша тағамдық, өнеркәсіптік өнімдер қосылмай, қанша жұмыс орны ашылмай, қаншама табыс көзі түспей жатыр. Жолдауда көрсетілгендей, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді арттырумен қатар аграрлық өнеркәсіпті жолға қою, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді қолға алу, жаңа технологиялар мен жаңа көзқарасқа көшу талабы көңіл қуантады. Алайда, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке кәсіпкерлеріне сала өндірісін дамы­туға қажет саналатын айналым ресурстарын, яғни айналым қорын толықтыру үшін несие қаржы алу мәселелері үлкен қиындықтарға тіреледі. “Аграрлық несиелеу корпорациясы” және “Азық-түлік келісім-шарт корпора­циясы” акционерлік қоғамдары арқылы бөлінетін несиелік қаржы ресурстары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тікелей жетпейді. Өйткені, ол несие қаржылардың 2-ші деңгейлі банктер арқылы кепілдіктермен қамтамасыз етілуі талап етіледі. Ал, кепіл­дікке қоятын дүние-мүлкіңіз болмаса, онда несие берілмейді. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге кепілдік дүние табу күрмеуі қиын мәселе. Банктер жеріңді, ауылдағы үйіңді кепілдікке алмайды, техника ескі. Біздегі қаржы институттары жүйесінің ережелері мен инструкцияларының кедергісі мен тосқауылдарын айтып жеткізудің өзі қиын. Олар, ауыл шаруашылығындағылар үшін тіпті Үкімет тарапынан бөлінетін қаржы көздерін де пайдалануға мүмкіндік жаса­майды, қайта қиындата түседі. Агроөнеркәсіп кешені саласында инвес­тициялық жобаларды қаржыландыру мәсе­лелерінің “ҚазАгроҚаржы” АҚ, “Агронесие корпорациясы” АҚ арқылы шешілуі де оңай емес. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы несиелеу ұйымдарының, ауылдық несие серіктестік­терінің жарғылық қорлары тым аз, жетімсіз болып келеді, орташа жобаларды да қар­жыландыра алмайды. Сондықтан да ауылдық несие серіктестіктерінің қаржылық қорларын ұлғайтып, мәртебелерін көтеріп, агро­өнер­кәсіп кешендерін қаржыландыратын орта­лық­тар құру жөн болар еді. Сонымен қатар шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарына даму институттары арқылы ауыл шаруашылығына қажетті техника мен өңдеу жабдықтарын алуда да елеулі қиындықтар бар. Олардың талаптары бойынша тапсырыс берушілер ала­тын техникалары немесе өңдеу жабдықтары құнының 15 пайызын алдын ала төлеулері қажет және лизингке беру мерзімі 5 жылға дейін ғана. Міне, осы алғашқы төлем пайы­зын барынша төмендетіп, лизингке беру уақытын ұзарту ауыл шаруашылығы тауар өңдірушілеріне үлкен қолдау болар еді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қар­жыландыруға олардың өздерінің шашы­раң­қылығы, яғни агроөнеркәсіп кешендерінің ұсақ­талып кетуі барынша кері әсер етуде. Бұл ретте соңғы уақытта Үкімет пен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі қолдап отырған ауыл­дық тұтынушылар кооперацияларын құруға, олардың қызметін ірілендіріп заңдастыруға мән беру қажет. Тіпті, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен байланыстыру керек сияқты. Ал енді осыншама көптеген ауыртпа­лықтармен өндіріліп жатқан өнімді, нақтырақ айтсақ, Қызылорда облысының жағдайында күрішті тиімді нарықтық бағамен мезгілінде өткізу, сату мәселесі де шаруаға оңайға түспейді. – Республикада жармалық азық-түлік саналатын бағалы күріш дақылының 80 пай­ыздан астамы Қызылорда жерінде өндірілетін болғаннан кейін осы салаға қатысты бірқатар жағдаяттарды айта кетсеңіз? – Дұрыс айтасыз. Сыр аймағының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі кәсібі де, сыртқа шығаратын өнімі де осы күріш өндірісінің дамуына байланысты. Еліміз үшін 2009 жыл астық өндіруде айтарлықтай жақсы жыл болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда күріш егісінің де көлемі ұлғайып, өнімділігі артты. Республикада 86 мың гектар күріш егіліп 35 центнерден өнім алынған болса, оның ішінде Қызылорда облысында 71,5 мың гектар көлемнен 36,5 центнерден таза өнім жиналды. Алайда, жалпы астық жөнінде ауыз тол­тырып айтарлықтай көрсеткіш болды деге­німізбен, күріш жөнінде олай дей қою орын­ды болмас еді. Өйткені, күріш дақылының берері мол, оны өсіруге, өндіруге деген мем­ле­кеттік талап пен көзқарас қаншалықты жоға­рылап жатса, одан соншалықты нәтиже күтуге болады. Айталық, Ресейде күріштік жерді инженерлік жүйеге келтіру арқылы көлемін арттыру, өсіру технологиясын көте­ру, жаңа, өнімді тұқымдар өндіруге деген жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқа­сын­да соңғы 5-6 жылда бұл дақылды өндіру үш есеге жуық өскен, аймақтар бойынша 2009 жылы гектар өнімділігі 65-70 центнерге жет­кен. Жапонияда азық-түлік қауіпсіздігі талап­тарына сай елдегі шаруалардан барлық кү­ріш­ті рентабельді бағамен келісім-шарт ар­қы­лы қабылдап, тұтынушыларға одан төмен бағамен сатады екен. Бізде республика халқының қажетін то­лық қамтамасыз етерліктей күріш бола қой­мағанымен азды-көпті өнген өнім мезгілінде өтпейді, ауылдағы ағайындар уақытылы ең­бек­ақы алмайды, несиелер дер кезінде өтел­мейді, келер жылғы тіршіліктің қамы жасал­майды, басқа да қажеттіліктер атқарылмайды, мұқтаждықтар алынбайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл тұрғыда болысатын ешкім жоқ деуге болады. Кейінгі жылы мемлекет тарапынан күріш өндіруге аздаған субсидия, облыс әкімдігі тарапынан күріш тұқымын жа­ңартуға қолдау көрсетіліп жатқаны бол­маса, айналайын күрішші ағайындар өзімен-өзі. Бұрынғыдай жылдары күріш жинау кезінде аздап та болса мемлекеттік қорға деп күріш сатып алу да қазір тоқтап қалды. Күріш өндірісін дамытуда мемлекеттік дәрежеде ескерілетін мәселенің ең бастысы сол – облыста 1990 жылдары болған 290 мың гектар инженерлік жүйедегі күріштік жердің айналымнан шығып қалған 40 пайызын қалпына келтіру болмақ. Елбасы саясаты негізінде ауыл шаруашы­лығы саласын, агроөнеркәсіпті дамыту арқылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық бейнесі мен күш-қуатын өркендетуде тиісті мемлекеттік басқару, жоспарлау, қаржылық құрылымдармен қатар жергілікті мәсли­хаттар, қоғамдық ұйымдар белсенді үн қосып қызмет атқаруға, жанашырлық, қамқорлық танытуға тиісті. – Айтқандай, елімізде осындай қоғамдық ұйымдардың негізгілерінің бірі, бірі емес-ау бі­регейі деңгейінде 2009 жылдың соңғы уақы­тында “Қазақстанның ұлттық агроөнеркә­сіптік палатасы” заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығы құрылып, өмірге келді. Осы қауымдастықтың шұғылданар шаруасы жайлы айтсаңыз? – Палатаның басты мақсаты Қазақстан аумағында агроөнеркәсіптік кешен сала­сындағы субъектілердің, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың қызметтерін біріктіру және өзара іс-әрекетін қамтамасыз ету, бағыт-бағдарын үйлестіру, агроөнер­кәсіптік саланы дамыту және қолдау бағы­тындағы бағдарламаларды әзірлеуге, жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсету болып табылады. Палата Қазақстан Республи­касы­ның қолданыстағы заңнамалары мен өз жарғысына сай агроөнеркәсіптік саладағы түрлі экономикалық бастамаларды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байла­ныс­ты басқа да шараларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен, жергілікті жерде облыстық, аудандық әкім­дік­термен, ауыл шаруашылығы органдарымен ке­лісім бойынша саладағы мемлекеттік, са­ла­лық өңірлік, оның ішінде мемлекеттік бюд­жеттен қаржыландырылатын бағдарла­маларды жоспарлауға және іске асыруға қатысады. Қорыта айтқанда, Елбасының мақұл­дауы­мен, республика Үкіметінің, ауылшаруа­шы­лығы органдарының қолдауымен ұйымдасып отырған Қазақстанның Ұлттық агроөнер­кә­сіптік палатасы мүшелері болып есептелетін ауыл шаруашылығы саласындағы құрылым­дар мен кәсіпкерлердің, өңдеу кәсіпорын­да­рының, сондай-ақ осы саламен тікелей бай­ла­нысты ұйымдар мен қоғамдық бірлес­тік­тер­дің қайсыбір ортада болмасын заңды құ­қық­тары мен мүдделерін қорғауға атсалысады. Қазақстан аумағында облыстар мен ау­дандарда өз филиалдары мен өкілдіктерін ашады. Олар ең алдымен аумақтағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының, кәсіпкер­лерінің, бұларға қатысы бар басқа да ұйым­дар мен ұжымдардың тыныс-тіршілігін зерт­тейді, ауыл шаруашылығын дамыту, оларды мемлекеттік қолдау субсидияларын бөлу ко­мис­сияларының, республика Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысына сәй­кес құрылған кәсіпкерлік мәселелері бойын­ша сараптама кеңестерінің жұмыс­тарына қатысып отырады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ.