Егемен ел атанғанымызға 20 жыл толып отыр. Бұл кезең тәуелсіз Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына дәйекті баға беруге азырақ болса да бет алған бағыт-бағдарымыздың оң-солын саралауға мүмкіндік беретін сияқты.
Қандай елдің де болмасын ауылшаруашылық өндірісі, экономикалық өркендеуінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып есептеледі. Ауылшаруашылық өндірісі ерекше күрделілігімен, нақтылығымен ерекшеленбегенімен, елдің табиғи жағдайында нарықтық экономика бәсекелестігіне лайықты ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде қабілетті, іскер, кәсіби сауатты мамандарды қажет ететіндігіне күмәндануға болмайды. Кеңестік жоспарлы ауылшаруашылық өндірісінде бүгінгі жағдаймен салыстығанда ғылыми жетістіктер, озық тәжірибелердің кеңінен қолданыс табуының, сауатты мамандардың қызметтерінің арқасында айтарлықтай жетістіктерге қол жетті дегенімізбен, өндірілген өнімдерінің 30 пайызға жуығы тұтынушыларға жеткенше түрлі себептермен ысырап болады екен. Бұған мал бастарының негізсіз шығындарын, өнімдерінің жиі қолды болуын қосақ, бұл саланың тиімділігі туралы айту қиын. Мен өз тәжірибемде де, мемлекеттік ауылшаруашылық құрылымдарына басшылық жасағанда да бұл келеңсіздіктерге қандай тосқауыл болар екен деп қиналатынмын.
Демек ауылшаруашылық өндірісіне жеке меншікті енгізу, біріншіден, нақты иелікті, ауыл еңбегінде еркіндікті қалыптастырып, басқа экономика салаларына қарағанда басымдығымен ерекшеленетін ауыл еңбегіндегі немқұрайлылық пен енжарлылыққа тыйым салғандай болды. Сонымен қатар, бұрында айлап-жылдап жасалатын азық-түлік бағдарламаларынсыз-ақ, тұтынушыларды қажетті тағамдармен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болды. Әзірге ішкі рыноктағы азық-түліктің 30-40 пайызға жуығы шетелдерден тасымалданады дегенімізбен, мұнда отандық өнімдер өндірушілердің үлес салмағының да еселеп арта беретініне, таяуда республикалық мал тұқымдарын асылдандыру орталығы – «Асыл түлік» АҚ атқарып жатқан жұмыстар аясында еліміздің солтүстік өңірлері ауылшарушылық құрлымдарында болғанымда көз жеткіздім. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы «Зеньченко и К», «Ильинское», «Тайынша-Астық», «Победа-Тайынша», Қостанай облысы «Викторовское», «Шеминовка», «Ақбидай-агро», «Фрунзинское» және «Боталинское» мал шаруашылығында сүтті ірі қара өсірумен айналысатын серіктестіктерде болдым. Ауыл реформасын еш өңірден қалыс қалмай атқардық деп жүрген Қарағанды, Жезқазған, аймақтарында біраз жылдар қызметтер атқарған мен үшін, бұл шаруашылықтарда көргендерім таңдандырғандай болды. Бұл шаруашылықтарда нақтыланған еңбек жауапкершілігі, оңтайландырылған басқару жүйесі қалыптасқан, әрқайсысында 2000-4000 басқа дейін ірі қара мал өсіріледі, жылдық сауын сиыр сүттілігі орта есеппен 4000-6000 кг. деңгейінде, көпшілігі 1,5 жылдық мал азығы қорын дайындаған. Кеңестік кезеңде аспиранттық жұмыстарымды жүргізген Алматы облысы, Қаскелең ауданы «Каменский», «Ақсай» асыл тұқымды ірі қара мал зауыттары еліміз бойынша әр сауын малға 4000-5000 кг. сүт сауатын бірегей шаруашылықтар болса, бүгінде олардың саны аталған облыстардың өзінде бірнеше ондықты құрап отыр.
Сонымен қатар, «Зеньченко и К» құрылымын өнімдер өндіретін шаруашылық қана емес, көп салалы, тұтынушыларға тікелей өңделген өнімдер ұсына алатын өндірістік комбинат деп атауға болады, тәуліктік сүт өнімі көлемі 30 тонна. Бұл шаруашылықтар орналасқан елді мекендер инфрақұрлымдары мейлінше тұрғындар қажеттілігіне сай қалыптастырылған, мысалы, «Зеньченко и К» серіктестігінде орталық елді мекен көшелері абаттандырылған, жас мамандарға салынған зәулім үйлер қатар түзеп тұр, орталықтандырылған жылу жүйесі қызмет етеді. Аталған шаруашылықтардың қайсысында болмасын, кеңседе, өндіріс алаңында бос жүрген адамдарды байқау қиын, бұл көрініс еңбек тәртібінің үлгісін көр-сеткендей.
Бұл шаруашылықтар ауыл шаруашылығы ғылымы мен мал тұқымдарын асылдандыру іс-шараларын өндірісінің негізгі арқауы етіп, бұл бағытта бір-бірімен бәсекелестікті де қалыптастырғанға ұқсайды. Ауылшаруашылық өндірісі, ғылымы, мемлекеттік басқару салаларында біршама тәжірибе жинақтаған маған, аталған шаруашылықтар басшылары, мамандарымен кездескенде, ойланбай сұрақтар қою немесе пікірлер айту оңай болған жоқ. Дегенмен де бұл шаруашылықтар тізгінін өзге ұлттар өкілдерінің иеленіп отырғанын да айтпауға болмайды. Осыған орай, Елбасымыздың ұлтымыз, тіліміз, дініміз туралы пікірталас туындағанда «маңайларыңа қарасаңдаршы» деген сөзінің мағынасын мен осында түсінгендей болдым.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылды реформалауға қатысты «бізге дейін еліміз тарихында тәуелсіз мемлекет құру тәжірибесі болған жоқ, сондықтан да бұл маңызды іс-шараны атқаруда кемшіліктер мен қиындықтардың болуы да ықтимал» деп атап көрсеткеніндей, бұл шаруашылықтарда да барлық жағдай ауыл реформасында болжанғандай деп айтуға болмайды.
Біріншіден, аталған шаруашылықтардың дені мал шаруашылығы өнімділігін жетілдіруде тікелей шетелдермен байланыс жасауға құлықтылықтарын байқатты. Әрине бұл нарық жағдайында құрылымдар иелерінің жеке құзырындағы мәселе. Дегенмен Үкіметтің импортты алмастыру, отандық өнімдер, қызметтер үлес салмақтары туралы бағдарламаларына сай, ауыл шаруашылығы отандық ғылыми-өндірістік құрылымдар қызметтерін пайдалануы қажеттігі сөз болғанда шаруашылық басшылары бұған түсіністік білдірді, осының арқасында «Асыл түлік» АҚ қызметтері ауқымын арттыруға мүмкіндік пайда болды. Екіншіден, бұл шаруашылықтарда мал мамандары жалақысының тым төмендігі де әңгіме болды. Дегенмен де шаруашылық иелері бұл жағдайды мамандарға жеңілдетілген бағада жем-шөп, ауылшаруашылық өнімдерін берумен толықтыратындарын айтты. Бірақ бүгінде мемлекет мал шаруашылығы шығындарын азайтуға арнайы қайтарымсыз қаражаттар (субсидия) беріп жатқанда, тікелей мал өнімдерін өндіруге қатысты қызметкерлердің жалақысын көтеру мүмкіндігі бар екенін де мойындағандай болды. Үшіншіден, бүгінде үлгілі де тиімді шаруашылық жүргізу жекелеген адамдардың кәсіби іскерлігіне, қабілеті мен беделіне байланысты екені жасырын емес.
Елбасымыз биылғы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық жиынында ауыл шаруашылығы саласын тұрақтандыру, іріленген шаруашылықтар маңайында шағын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді шоғырландыру қажеттігін, мал шаруашылығында субсидиялау іс-шарасының жалғасатынын, бұл бағытта ғылыми ізденістердің маңыздылығын нақтылы атап өтті.
Дегенмен мемлекет тарапынан тікелей ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан қамқорлыққа қарамай, бүгінде комбайндары мен мал бастарын үйлер ауласына қойып, бағатын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер санының азаймай отырғаны қынжылтады. Еліміз Кеден одағына еніп, келешекте Бүкіләлемдік сауда ұйымына өтуге талпынып жатқанда мұндай шаруашылық құрлымдарының келешегі шектеулі екенін түсінетін мезгіл жеткен сияқты. Әрине, енді кішігірім шаруашылық құрылымдарына бірігіңдер деп айтудың да қажеттілігі жоқ сияқты. Сондықтан өндірістік мүмкіндіктері бар шағын құрылымдардың мемлекет тарапынан қарастырылған түрлі қолдаулар мен көмектерді пайдаланып, шаруашылық ауқымын арттыруға бағыт алуы ең тиімді жол болса керек.
Кәкімжан САРХАНОВ, «Асыл түлік» АҚ-тың бөлім бастығы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.