Қазақстан • 23 Тамыз, 2018

Жалған бағдарламалар жарға жықпасын

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кезде «7 – 20 – 25» бағдарламасына ұқсас атты жамылып, жарнамасын жасап жатқан түрлі бағдарламалар көбеюде.  Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымының сыртқы коммуникациялар қызметінің өкілдері хабарлап, халықты абай болуға шақырды. 

Жалған бағдарламалар жарға жықпасын

Осындай жарнамаларды таратып отырған құрылыс компа­­ния­лары мен тұрғын үй коопера­тивтері ғаламтор мен әлеуметтік желі­лерде «0-20-25», «5-19-25», «5-10-25» сынды түрлі акция­лар ұйым­дастырып жатыр. Алай­да олар­дың баспаналы болу­ды арман­даған халыққа ұсы­нып отыр­ған талаптары мүлде басқаша. Мысалы, атауы айқайлап тұр­ға­­ны­­мен, несиені 25  жылға емес, 25 айға ғана беруі мүмкін. Не­­ме­се «20» саны алғашқы жарна емес, несие бойынша үстеме мөл­шер­леме болуы әбден ықтимал.

Мұндай санда бар да, санатта жоқ акциялардың аты жер жарып тұрғанымен, ертең талай­ды сазға отырғызып кетуі бек мүмкін. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені бұған дейін де тұрғын­дар мен құры­лыс компания­лары және тұр­ғын үй кооперативтері ара­сын­да түсін­бестік орын алып, со­ңында атал­ған мекемелер жауап­кер­шіліктен жалтарып, қарапа­йым халық жиған-тергенінен қағылған оқиғалар кездескен-ді. Осындай жайттарды ескерген  «Баспана» ипотекалық ұйымы кейін келеңсіздіктер туындамауы үшін халықты мұндай акция­лар мен жарнамаға сақтықпен қарауға шақырды. 

Бірден айту керек, аталған акцияларда көрсетілген шарттар «7 – 20 – 25» бағдарламасының шарт­тарынан мүлде бөлек. Бұл бағдар­ламада үй бағасы мен несие мер­зіміне сәйкес, ай сайынғы төлем­дердің кестесі әзірленген. «Бас­пана» компаниясының өкіл­дері кез келген жағдайда артық тө­лемдерге ұрынбау үшін кестені пай­далануға кеңес береді. Бұған қоса, ипотекалық несиені тек қана бағ­дарламаның екінші деңгейлі се­ріктес-банктері бере алады. Қа­зіргі таңда тізімде «Центр­кре­дит», АТФБанк, Цесна­банк, Bank RBK және Еуразия­лық банк бар. Ал құрылыс компа­ния­сы немесе тұрғын үй коопе­ратив­тері еш уақытта «7 – 20 – 25» бағдар­ла­масымен несие бере алмайды.

− Бүгінгі таңда «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасының шарттары нарық­тағы ең тиімді ұсыныс болып отыр. Тиісінше, осы нарықтағы түрлі компаниялардың «7 – 20 – 25» бағдарламасының атын жамы­лып, өз өнімдерін өткізуге ұмты­ла­тындары да байқалады. Біз нарықтың дамуын қолдаймыз, алайда халықты алдауға түбегейлі қарсымыз, – дейді «Баспана» ипо­текалық ұйымының басшысы Қай­рат Алтынбеков.

Жалпы, бүгінгі таңда халық­тың баспана алуға деген құл­шынысы өте жоғары. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, шілде айында тұрғын үйлердің бағасы 0,1 процентке төмендесе, жалға беру құны 0,5 процентке қымбаттағаны анықталып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»