![Ақмолалық диқандар астық үшін арпалысып жатыр](/article_photo/1534995547_article_b.png)
Биыл облыс диқандары 4316,6 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар тұқымын еккен болатын. Ерте көктемде диқандардың көңілінде үміт пен күдік арбасып тұрды. Бұлай болатындығы, биылғы көктем, жаздың басы салқын болды. Тіпті көпті көрген көнекөз диқандар да дәл осы жылдағыдай ауа райының ерекшелігін естеріне түсіре алмады. Шілденің өзінде күндіз ауаның температурасы 25-28 градус ыстық болса, түн күрт салқындап, 10-15 градусқа дейін төмендеп жүрді. Ал өсімдік атаулы түнде ғана бой салып өседі емес пе?!
Маусым, тамыз айлары жауын-шашынды болды. Салқын көктемде булығып өсе алмаған дәнді дақылдар осы айларда күрт көтерілді. Олқылықтың орны толған соң кейбір алқаптардың масақтары кереқарыс болып көз қуантып тұр. Құтты қарсақтың құйрығы тәрізді басындағы дәнді көтере алмай иіліп тұрғанын көргенде биыл қамбамыз ақық дәнге толатын-ақ шығар деп іштей тәубе етесің. Мамандардың алдын ала болжауына қарағанда, барлық егістік алқаптың 82 процентінің шығымы өте жақсы. Өткен жылы дәл осындай көзқуантарлық көрініс 45 процентті құраған болатын. Ал 18 проценті қанағаттанарлық.
Ақмолалық диқандар гектар берекесі 13 центнерден айналатын болса, 5,5 миллион тонна астық жинаймыз деп дәмеленіп отыр. Майлы дақылдар 279 мың гектар жерге егілді. Оның да шығымы жақсы. Барлық алқаптың 78 проценті немесе 218,3 мың гектары жап-жақсы өніп тұр. 21 проценті немесе 58,3 мың гектарының шығымы қанағаттанарлық. Үстіміздегі жылы көктен тілегенімізді жерден берсе, майлы дақылдардың әр гектарынан 8,3 центнер өнім жинап, жалпы көлемін 202 мың тоннаға жеткіземіз деп үміттенуде.
Жаз жауынды болған соң егістік алқаптарын арамшөп басып кету қаупі туған-ды. Ылғал мол жылдары бой бермей кететін арамшөппен күрес оңайға түскен жоқ. Әйтсе де, диқандар тарапынан осы бір сойылдай салмақты мәселеге жеткілікті назар
аударылды. Барлық егістік алқап химиялық өңдеуден өткізілді. Шығыны көп болғанымен шығымдылығы тәуір.
Ендігі мәселе, жерде өнгенді жерде қалдырмай, ысырапсыз жинап алу. Бұл үшін ең басты қажеттілік – техника. Облыста машина-трактор паркін жаңалау туралы мәселе жыл сайын көтеріліп келеді. Әйтсе де көңіл көншітерлік көрсеткішке қол жетер емес. Осы жерде сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер дерек келтіре кетелік. Дәл қазір ақмолалық диқандардың қолында 15270 трактор, 8463 астық жинайтын комбайн, 1201 егіс кешені бар. Былай қарағанда, қыруар күш тәрізді. Дегенмен жыл басынан бері 6252 ауылшаруашылық техникасының іске жарамсыз екендігі анықталып, есептен шығарылғандығы ойландыратын-ақ жайт. Қаусаған техника әр жылдағы егін орағы кезінде қатты жұмысқа шыдас бермей келеді. Оған өкпелей де алмайсың. Пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан тракторлардың үлесі 66,7 процентті құрайды. Ал астық жинайтын комбайндардың жартысы ескірген. Демек, саны көп болғанымен, жапырып жұмыс істеуге қауқарсыз.
Облыс диқандарының әр жыл сайын егін орағын белгіленген уақытта аяқтай алмай, науқанның соңы күзгі қара жаңбырға ұрынып жататындығының ең басты себебі – осы. Қарашаның соңында жауған қардың астында да астық жинап жүрген диқандарды көзіміз көрген.
Кейбір жеке шаруа қожалықтары әупірімдеп ат төбеліндей жерге егін еккенімен, өзімдікі деген астық жинайтын комбайндары жоқ. Олар көршілес шаруашылықтар қашан өз егінін жинап болғанша күтеді. Оған дейін Арқаның ақ жауыны да басталып кетеді. Бұл қиындықтан шығатын ең төте жол – ауылдық кооперативтерге бірігу. Бірақ оның да аздаған қиындығы бар екен.
– Бұл өзі өте дұрыс мәселе, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруашылығының жетекшісі Біржан Болатов, – Көкшетау қаласындағы «Вектор» комбайн зауытынан шығатын «Вектор 410 КZ» астық жинау комбайнының құны 44 миллион теңге шамасында. Бірақ оны шағын шаруашылықтар ала алмайды. Алу үшін еккен егістік көлемі 500 гектардан кем болмауы керек. Алдымен 15 процент алғашқы жарнасын төлейсіз, он жыл мерзімге жылына 10,9 проценттік үстемемен, кепілге комбайнның өзі қойылады. Бұл, әрине, диқандар үшін тиімді. Бірақ кішкентай қожалықтарда мұншалықты егістік алқаптары жоқ қой. Сондықтан көпшіліктің қолы жетпей отыр. Жері аз диқандар комбайнды сатып алғаннан да бірер күнге жалдағанды тиімді көреді. Өйткені 44 миллионға алған комбайның бар болғаны бір аптаға ғана керек. Қалған уақытта ешқандай табыс бермейтін техника. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша таппай, босқа тұрады.
Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуына қарағанда, жылдағы әдетінен жаңылмай дизель отыны тағы қымбаттап кеткен. Көктемде әр литрін 120 теңгеден алса, дәл астық үшін арпалыс басталар сәтте қымбаттап, әр литрінің құны 166 теңгеге жеткен. Қожалық басшысының айтуына қарағанда, бір мың гектар егістік алқабына 15 миллион теңгенің көлеміндегі химиялық тыңайтқыш жұмсалған. Егер тұқымын, жанар-жағармайын, еңбекақыны, қажетті құрал-жабдықтарды қосып есептегенде, осынша егістік алқапқа 40 миллионға жуық қаражат жұмсалады екен. Ал қайтарымы ше? Бұл енді күздегі астықтың бағасына байланысты.
– Баға саясаты бізді қатты алаңдатады. Бір көзіміз жыл сайын ойнап тұратын бағада болса, бір көзіміз егістік алқапта, – дейді шаруашылық жетекшісі Біржан Болатов, – былтыр 4-класты астықты 35 мың теңгеден саттық, ал үшінші класты астық 42-43 мың теңгеге өтті. Негізінде, әр гектардан 7 центнерден өнім алсақ, өз-өзін ақтап шығады. Онда да бидайдың бағасы жақсы болса.
Астық орағындағы шешуші мәселенің бірі комбайншыларға да байланысты. Соңғы жылдары комбайншылардың жетіспеушілігі қатты білініп тұр. Ескікөз әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Өтпелі кезеңде комбайншыларға дұрыс еңбекақы төленбеді де, жастар жағы бұл мамандыққа қызығушылық таныта қоймады. Әрі бұл науқандық жұмыс, жылына әрі кетсе бір ай ғана жұмыс істеуі мүмкін. Шалғайдағы шағын ауылдарда комбайншылар түгілі бесаспап механизаторға да науқандық жұмыстардан басқа жұмыс табыла бермейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы дәл қазір қанша комбайншының қажет екендігінен бейхабар. Ондай есеп жүргізілмейтінге ұқсайды. Рас, кәсіптік-техникалық колледждерде механизаторлар мен комбайншылар даярлануда. Осы саланың тізгінін ұстап отырған облыстық білім басқармасы да нақты қажеттілікті біле бермейді. Істің қожырауы да міне осы үйлестірудің жоқтығынан болып отыр.
Облыстағы 67 астық қабылдау кәсіпорны қазір соңғы даярлық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 4,4 миллион тонна астық қабылдай алады. Одан өзге ауылшаруашылық құрылымдарында екі миллион тоннаға жуық астық сақтауға мүмкіндік бар. Биыл ауа райы жауын-шашынды екендігін ескерсек, астық кептіретін құрылғылардың жылдағыдан көбірек қажет болатын түрі бар. Дәл қазір тәулігіне 100 мың тонна астық кептіруге қуаты жететін 240 құрылғы әзір. Алдын ала болжамға қарағанда, 2,5 миллион тонна астық ылғалды күйінде түсуі әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз қыруар жұмыс.
Сөз соңын түйіндей келе, облыстың бар байлығы алтын астық екендігін ескерсек, алдағы уақытта біз айтқан қадау-қадау мәселелер кең отырып кеңесетін, кешіктірмей шешетін шаруа.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»