Аймақтар • 23 Тамыз, 2018

Маңғыстауда  Қоғамдық кеңестер мүшелерінің бірінші съезі өтті

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен облыстық Қоғамдық кеңестер мүшелерінің бірінші съезі болып өтті. Жиынға Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызмет ардагерлері, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кең көлемде қатысты.

Маңғыстауда  Қоғамдық кеңестер мүшелерінің бірінші съезі өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Н. Жанназарованың айтуынша, съезд мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруда қоғамдық кеңестердің әлеуетін кең көлемде пайдалану мәселелерін талқылау.

Агенттіктің аумақтық департаменті тарапынан түрлі еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, әлеуметтік қорғау саласында, құқық қорғау органдарында, қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлер, басқа да мақсатты топтар арасында заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қоғам өкілдерінің белсенді атсалысуымен аумақтық департамент жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік және арнайы мониторинг топтары құрылып, жылдың басынан бері денсаулық сақтау, арнайы орта білім және темір жол көлігі саласында қоғамдық мониторинг жүргізілді. Тұрғындарға арыз-шағым түсіруді қолжетімді ету мақсатында арнайы 8707 170 1424 шұғыл желісі ашылып, әлеуметтік желілердегі аккаунттар ашылды.

 Аумақтық департамент басшысының айтуынша, Қоғамдық кеңестердің құрамында беделді, мемлекеттік қызмет, қоғамдық жұмыс, өндіріс саласында тәжірибелері бар қоғам қайраткерлері бар. Сол себептен, тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын көтеру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында, Қоғамдық кеңес мүшелері және ардагерлермен бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін баса айтты.

Бұдан басқа, жуырда «Қазақстан Темір Жолы» АҚ облыстық бөлімшесінде арнайы мониторинг тобымен жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстары теміржол көлігі саласында біршама мәселелердің бетін ашып берді. Әсіресе жолсеріктердің билетсіз жолаушыларды 25.000 теңгеге дейін көлемдегі ақыға  пойызға отырғызуы, техникалық қызметкерлердің жолаушылар мен жолсеріктер арасында байланыстырушы делдал қызметін атқарып жүргендігін, вагондардың элементарлық санитарлық-гигиеналық жағдайының төмендігі қоғам өкілдерінің назарына ілікті. Жалпы мониторинг тобының мақсаты тек қана кемшіліктерді анықтау ғана емес, сонымен бірге қоғамдық сананы қозғау арқылы ең өзекті әрі өткір деген мәселелерге биліктің назарын аудару.

Жиын барысында қозғалған тақырыптың бірі - әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері немесе блогерлер тарапынан мемлекеттік органдарға, әсіресе аудан, ауыл әкімдіктеріне қатысты сыни пікірлердің көп жазылуы. Әсіресе, аталмыш Түпқараған ауданына қатысты жұртшылықты дүрліктірген сыни көзқарастағы материалдар желіні толтыруда. Демек, жергілікті әкімдіктер резонанс тудыруға жол бермей, тұрғындардың арыз-шағымдарына дер кезінде әрі сапалы жауабын беріп, мәселелерін шешуге бар күшін салулары қажеттігі айтылды.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Т.Әміров  Мұнайлы ауданы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға  тоқталды.

Ал Қоғамдық және Әдеп жөніндегі кеңестердің мүшесі Қ. Ережепов болса, Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын мәселелердің Қоғамдық кеңестің қызметімен бірге ұштасатынын, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуына үлкен мән берілгендігін атап өтті.

Әдеп кеңесі жазалаушы орган емес, керісінше мемлекеттік қызметшілердің тәртібіне бақылау жүргізеді, соның ішінде жас мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға бағытталған ұйым екендігін еске салды.

Жиынды қорытындылай келе, департамент басшысы Н. Жанназарова Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ағалар, ақ жаулықты аналармен тұрақты түрде бейресми форматта кездесулер өткізіп, қоғамда болып жатқан түрлі жайттар, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп ережелерін сақтауына қатысты мәселелерді талқылап, бірлесіп ортақ пікірге келу қажет екендігін айтты.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы