Ол қолданысқа қосқан оқулық, теледидар, ғарыш, зымыран деген сөздерді аударма деуге аузың бармайды. Балқаймақтың үлгісімен жасалған балмұздағы ше, одан артық балама табу мүмкін емес шығар. Қысқасы, Жарылғапов қазақ тілін жарылқаған жаңа сөздердің қай-қайсысын алсаңыз да құлаққа қона кетеді, заттың, ұғымның сипатын дәл суреттейді, «тілге жеңіл, жүрекке жылы». Тәржіма емес, тап бір атам заманнан келе жатқан төл сөздеріміз сияқты. Өзінің есебінше қазақтың сөз қоржынын 5 мыңға тарта жаңа сөзбен байытыпты, әйтпегенде қазір қаптаған термин, атауларды қай тілде, қалай айтып жүретінімізді кім білсін?!
Бірнеше жыл бұрын қырғызстандық филолог ғалым Ташполат Садықовпен аударма төңірегінде сұхбаттасқанымыз бар. Қырғыз ғалымы «Радионы – үналғы, ұстараны – жүналғы» деп жүрген отандастары бар екенін айтып қапаланған-ды. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында екінің бірі өзін ғалым, аудармашы сезінген кезеңде мұндай ерсі «аудармалар» бізде де болған. І.Жарылғапов, М.Әлімбаев, Ә.Сатыбалдиевтер сияқты «бөтен сөзбен сөз арасын былғаудың» бетін қайтарып отырған тұлғалардың орны ойсырап тұрғаны сол кезде анық сезілді. Басқасын айтпай-ақ қояйық, І.Жарылғаповтың қазір қолданысқа дендеп енген тойхана, дәмхана сияқты қалтарыста қалған сөздерін жиып-теріп, баспасөз беттерінде, телеарналар мен радио эфирлерінде ерінбей-жалықпай насихаттаған еңбегінің өзі бір төбе еді ғой.
Бүгінде І.Жарылғапов және басқа да білгір аудармашылардың ерінбей-жалықпай ізденіп жүріп жасап берген балама сөздерін орнымен қолданудың орнына, әп-әдемі сөздерді бұзып айту, қате жазу белең алғаны байқалады. Басқа емес, журналистикада жүрген өзіміздің әріптестеріміздің арасында төлемақыны – төлем ақысы, сыйақыны – сый ақысы, жолақыны – жол ақысы, мұзайдынды мұз айдыны деп жүргенде, басқаларға не жорық?! Балталасаң бұзылмастай болып бекіген біріккен сөздерді бөліп тастау ондайлар үшін түкке тұрмайды екен. Ондаған жылдан бері халықтың санасына сіңісіп кеткен сөздер түгілі, атам заманнан бері қолданыстан шығып көрмеген қоныстой да «қоныс тойына» айналып барады.
Қазір ғой әлем елдері тілдерін заман талабына бейімдеуге тырысып, артық әріптерден құтылудың қамын жасап жатыр. Қазақстанда да латын әліпбиіне көшу үдерісі қолға алынды. Әліпбиімізді ықшамдауға, жаңадан қолданысқа қосылған сөздердің тиімді баламасын табуға талпынып жатқан тұста бұрыннан бар біріккен бір сөзден екі сөз жасау, артық әріп қосу ақылға сыя ма?!
Оны айтасыз, білгір аудармашылардың төрт аяғын тең басқан тәржімаларына шүйлігіп, перзентхананы – балахана деп алмастыруды ұсынатын білгішбектер де пайда болды. «Аялдама деген – аялдауға болмайды деген сөз» деп сынайтындар да бар. Жұлынды «артқы омыртақадағы ми» дейтін ақылгөйлердің әңгімесінің сипаты осы болып тұр.
Қара сөздің қаймағын қалқып, қаспағын қырған қаламгер Асқар Сүлейменов:
– Жақсыдан сөз шығады жан секілді,
Тамырдан атқылаған қан секілді» деп бағалаған терминтану ілімінің хас шебері жазушы, аудармашы Ісләм Жарылғаповтың туғанына биыл 100 жыл толды.
«Мен үшін ең жоғарғы награда оқырмандар мен тыңдармандардың маған деген ыстық ықыласы, қазақ тілінде жатық сөйлеткен аударма кітаптарым... Мұның бәрі мен үшін үлкен марапат» депті І.Жарылғаповтың өзі.
«Романға кірсе әр сөзім,
Романнан қалай кем дейін...» дейді тағы да.
Шындығында, І.Жарылғаповтың өз жанынан ойлап тапқан сөздері, жиып-теріп қайта тірілткен байырғы ұғымдары қолданылған шығармалар жоққа тән. Күн сайын теледидар мен радиоларда айтылып, баспасөзде жазылып, ауызекі әңгімеде қолданып жүрген сөздеріміздің талайын І.Жарылғапов сынды майталмандар көз майын тауысып жүріп тауып бергенін біле бермейміз. Оның бәрін білу де шарт емес, әрине. Тек сол дайын сөздерді бұзбай, бүлдірмей қолдансақ, бұл да суреткердің еңбегінің жанғаны болар еді. Тәржімашыға көрсеткен құрметіміз де, ана тілімізге көрсеткен құрметіміз де сол болар еді. Суреткер үшін шын бақыт сол емес пе! Айтпақшы, суреткер деген сөзді де ана тілімізге енгізіп кеткен І.Жарылғапов көрінеді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»