Әлисұлтан Мұқанәліұлы 1954 жылы 21 қаңтарда Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Үлкендиқан ауылында дүние есігін ашқан. 1961 жылы «Октябрь» орта мектебінің табалдырығын аттап, 1974 жылы оқуын тәмамдайды. 1972-1974 жылдары Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеген. Еңбек жолын Ұйғыр ауданындағы «Октябрь» колхозында колхозшы болып бастаған. 1978-1979 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті дайындық бөлімінің тыңдаушысы, 1979-1984 жылдары осы оқу орнының журналистика факультетінде білім алған.
1984-1991 жылдары республикалық «Еңбек таңы» журналында корректор, аға редактор болып қызмет атқарды. 1991-1995 жылдары «Ауыл» («Дала дидары») газетінде тілші, сектор меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы болды. 1995-1996 жылдары «Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның жаршысы» журналында жауапты хатшы, бас редактор қызметін абыроймен атқарды.
1996 жылдың 1 наурызынан бастап осы күнге дейін «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеген еді.
Қазір әлеуметтік желі деген жақсы хабарды да, жаман хабарды да сарт еткізіп көз алдыңа тастай салатын болды ғой. Қаннен-қаперсіз отырып, фейсбук парақшасын шола бастағаным сол, Дархан Қыдырәлінің «Дүние – жалған» деген... Бес күндік өмірден Әлисұлтан аға Құланбай да өтіпті. Қаралы xабарды естіп, есеңгіреп отырмыз... Отбасы мен жақын туыстарына, достары мен таныстарына қайғырып көңіл айтамыз», деген жазбасын оқып, жүрегіміз суылдады. Іле Қарашаш Тоқсанбайдың «Әлекемізден – Әлисұлтан Құланбай досымыздан қапияда көз жазып қалдық. Жақсының дүниеден озғаны орны толмас өкініш екен-ау...», деп егіле жазғанын жанарымыз шалды. Қаралы хабар жаныма қатты батты.
Әлисұлтанды біздің курстың ұл-қыздары баяғыда, 1979 жылы оқуға түскен уақытта-ақ еркелетіп «шал» деп атайтын. Осыны бірінші кім айтқаны есімде жоқ, бірақ Әлекеңнің көзінше де, былай да солай атап кеткендер көп. Бір ғажабы: Әлекең бұған ешқашан ренжіген емес, бір жымиятын әдемі күлкісіне басып, аса көп елең қылмайтын. Оған себеп – Әлисұлтанның басқа курстастардан ересек, оқуға өмірдің бірнеше сатысын көріп келгендігі.
«Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы былтыр ғана 63-ке келген Әлисұлтан Құланбайға құрмет көрсетіп, туған күнімен құттықтаған еді...
Әлисұлтан Құланбай журналистиканың жалына жармасқалы қаншама материал жазды. Оның бәрін жинақтаса, бірнеше кітап болады. «Қазақ, қашан миллиардер боласың?» деген тақырыппен шыққан шағын мақаласында үлкен мәселе көтерген болатын. Толғақты жазбалары аз емес. Қапелімде еске түскенін ғана тіл ұшына іліктіріп жатырмын.
Астанаға барғанда әркімнің өз тіршілігі бар, көп ұшыраса да бермейміз. «Жігіттер қалай, Әлекең қалай?» деп сұрап қойғаннан басқаға мойнымыз бұрылмайтын кез де көп. Достардың басқосуында, өзінің жеке қуаныштарында жүздесеміз кейде. Ақсия күліп, анау-мынау айтқан әзіл-қалжыңымызды көтере беретін. Жан баласына жамандығы, залалы жоқ еді.
Баспасөз саласындағы ірілі-ұсақты түрлі бәйгеде жүлделі орын алып, мерейі тасып жатқан күндердің өзінде аса көп асып-таспайтын, сабырлы қалпынан айнымайтын. Мемлекет басшысының шетелдерге жасаған ресми сапарларында ілесіп жүрді, жақсы репортаждар жасады. Қай тақырыпқа жазса да ойлы, мазмұнды етіп жазатын.
Ең бастысы – елдік мұраттарға адал жан еді.
Бір мақаласында «Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Оны қастерлеп, құрмет тұту, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – бүкіл қазақстандықтардың борышы және міндеті... Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз» деп жазыпты.
Сол насихатқа қаламының ұшымен, азаматтық күшімен үлес қосқан, әлі күнге дейін «Егеменнің» сапында жүрген курстас досымыздан мәңгіге айырылып қаламыз деп ойлаппыз ба?..
Ержұман Смайыл, Марат Аққұл, енді міне, Әлисұлтан Құланбай... Біртіндеп бақилық сапарға аттанып кетті.
Қысқа қайырласу сөзімізді жазудың өзі ауыр. Сөз реті келгенде, Әлекеңнің отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Алла тағала панасына алсын! Иманы жолдас болсын!
Курстас достары атынан
Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің бас редакторы