Аймақтар • 24 Тамыз, 2018

Батыс Қазақстан облысында алда­ғы жылыту маусымына дайын­дық басты назарда тұр

54 реткөрсетілді

Батыс Қазақстан облысында алда­ғы жылыту маусымына дайын­дық басты назарда тұр. «Қыстың қамын жаз ойлаған» коммуналдық мекеме қызметкерлері жаз бойы жылу құбырларын жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жаңа мау­сым қарсаңында әр ғимаратқа дайындық төлқұжаты берілуі тиіс.  

Өңірдің жылыту маусымына дайын­дығын облыс басшысы Алтай Көлгінов жеке бақылауына алған. Бүгінгі жағдай бойынша 2018-2019 жылғы жылыту маусымына 388 денсаулық сақтау нысанының 367-сі, 638 білім беру нысанының 601-і, 387 мәдени ғимараттың 373-і толық дайын болыпты. Орал қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 50 проценттен астамы гидравликалық сынақтан ойдағыдай өткен. Бұл олардың жаңа маусымға толық дайын екендігін көрсетеді. Жақын күндері жылу құбырларын қысыммен сынау Ақсай қаласында да жүргізілмек.

– Облыс бойынша 40 шақырымдық жылу желілерін жөндеп жаңғырту жоспарланған еді. Оның 11,5 шақырымы Орал қаласына, 28,8 шақырымы Ақсай қаласына тиесілі. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 32 шақырымнан астам желіні қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл үшін 2 млрд теңгедей қаржы көзделген. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында Орал қаласында 2 шақырым, Ақсайда 15,8 шақырым жылу құбырлары желісі жаңғыртылды. Осынау кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуы 51,6%-ке азайды. Ал Ақсай қаласындағы тозығы жеткен желілер 43%-тен 7%-ке бір-ақ азайды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар­масының басшысы Рүстем Зәкәрин.

«Жайықжылуқуат» АҚ жетекшісі Мұрат Бәйменовтің айтуынша, жергілікті жылу-қуат орталығының қазандықтары мен жылу құбырларының 72 процентіне жөндеу жүргізіліп, 6 шақырымға жуық желі жаңғыртылған. 

– Қазіргі таңда біздің мекеме құзы­рында 20 қазандық бар, одан шығатын жылу желілерінің ұзындығы – 21,88 шақырым. Бұл қазандықтарда 55 қазан бар, оның 51-і – сумен, төртеуі – бумен жы­­лытылады. 20 қазандықтың 9-ы жыл бойы, 11-і маусымда ғана жұмыс істейді. Дәл қазір 2018-2019 жылғы жылыту маусымына 80% дайынбыз. Яғни 20 қазандық­тың 16-сы сақадай сай тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы ұзынды­ғы 4804 метрлік төрт жылу магис­тралы жөнделді, – дейді М.Бәйменов.

Қысқа дайындық шараларын дер кезінде жүргізу халыққа көрсетілетін қыз­мет сапасын көтеріп, екі жаққа да тиім­ді ете түседі. Өйткені ашық-жарықта жа­салған сапалы жөндеу жұмыстары жылу желілерінде суды рәсуа қылмай, жылу шығынын азайтады, қосымша қон­­дыр­ғылардың тиімділігі артады. Сөй­тіп ха­лықты жылумен қамту сапасын көтереді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­да Орал қаласында жалпы құны 1 млрд теңге бөлініп, 10 шақырым су құбыр­лары жаңғыртыла бастады. Дәл қазір 1,5 шақырымдық желі жөнделіп үлгерді.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, өңірде электр желілерін жөндеу ісі де қызу жүруде. «Батыс Қазақстан РЭК» АҚ алдағы қысқы маусымға дайындық үшін 242,5 млн теңге көлемінде қаржы бөліп, 3 мың шақырымдық электр жүйесін тексеріп шықты. Дәл қазір 19 электрлік және 310 трансформаторлық стансаларда жөндеу жұмысы жүргізілуде. 80%-тен артық жұмыс орындалды.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ-тың Батыс Қазақстан облыстық филиалы да 7 мың шақырымнан астам газ тарату желілерін сынақтан өткізді. Қаһарлы қыста Ақ Жайық тұрғындарының суықты сезінбей, ұядай жылы жерде өткізу мәселесін облыс басшылығы қатаң қадағалап отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар