Аймақтар • 25 Тамыз, 2018

Оралда Х «Атамекен» халықаралық ән фестивалі өтті

53 реткөрсетілді

Орал қаласында Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың Х халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтті.  

Батыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен өтетін «Атамекен» ән фестивалі ең алғаш 2000 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұған дейін екі жылда бір мәрте өткізіліп келген өнер байқауы енді жыл сайын өтетін болды. Бұл шешімді өңір басшысы Алтай Көлгінов байқаудың салтанатты ашылуында жария етті.

Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресейден 30-ға жуық жас әнші қатысты. Ресей Федерациясының Астрахань облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылынан келген Диана Жиенәлиева Құрманғазы Сағырбаев атындағы аймақтық мәдени орталықта қызмет етеді екен. Ескендір Хасанғалиевтің «Келші, келші, балашым!» әнін бала күнінен сүйіп айтады екен. Жас әнші болашақта тарихи отанында өтетін өнер байқауларына тұрақты қатысып тұру үшін қазақстандық әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанына қуанышты.

Құрамында Ескендір Хасанғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Марат Сарбөпеев пен Жаскелең ғайсағалиев, І халықаралық «Атамекен» фестивалінің бірінші орын миегері, белгілі әнші Таңат Жексенбаевтар болған қазылар алқасы биылғы мерейтойлық байқаудың бас жүлдесіне Алматы қаласынан келген Бекзат Абитов лайық деп шешті. Оған 750 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде бұйырды. І орынға Түркістан облысынан келген «Сарын» тобы шықты. ІІ орынды оралдық Дамир Сатыбаев пен атыраулық Мұратбек Жұмашев бөлісті. Атыраулық Ержан Мырзахметов, тараздық Фариза Досболова, шығысқазақстандық Нұрбол Черубаев жүлделі ІІІ орын иегері атанды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар