Өскемен қаласындағы Металлургтердің мәдениет үйінде «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттармен кездесу өтті. Үміткерлерден Ж.Кәрібжанов, Ж.Жарасов, С.Ферхо, Н.Кузьмин болды.
– Өскемендіктермен кездескеніме қуаныштымын. Облыс әкімі қызметінде болған кезімде сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеп, әрқашан қолдауларыңызды сезініп отырдым. Қазақстан өсіп-өркендеп келеді. Тек биылдың өзінде елімізде 350 жаңа кәсіпорын іске қосылып, ондаған мың жұмыс орны ашылды. Кенді Алтайдың өзінде индустрияландыру картасы бойынша 15,9 миллиард теңгенің 9 жобасы өндіріске енгізілген. Тоғыз айда ғана 722,4 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған. Облыста «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің саны жыл сайын артып келеді. Елбасы бастаған партия келер жылғы сайлауда да жеңіске жетеді деген сенімдеміз, – деді Жәнібек Кәрібжанов.
– Мен осы өлкеде туып-өстім, білім алдым. Қазақстан алға батыл жылжып келеді. Шырайлы Шығысты Елбасы еліміздің экономикасының алтын тәжіне тегін теңемесе керек. Демек, алдағы сайлауда жерлестеріміз бізді қызу қолдайды деген ойдамыз, – деді Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Николай Кузьмин.
Жанат Жарасов, Светлана Ферхо кездесуде партияның тұғырнамасымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
С.Ферхо сондай-ақ Өскеменде бірқатар кездесулер өткізді. Ол партияның сайлауалды штабындағы және бірқатар жоғары оқу орындарындағы кездесулерде жиналғандарды «Қазақстан-2017 жыл мақсаттары. Жаңа іс-қимыл жоспары» атты партия тұғырнамасымен таныстырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.