Аймақтар • 26 Тамыз, 2018

Кеншілер астанасы Шахтер күнін атап өтті

689 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тамыз айының соңғы жексенбісі қарағандылықтар үшін басты мереке күндерінің бірі. Кеншілер астанасы Шахтер күнін атап өтеді. Дәстүрлі мерекеге соңғы күндері жиілеген жауын-шашын бөгет бола алмады. Бұл жолы да негізгі думан Қарағандының Орталық саябағында басталып, шахтерлер көптеп тұратын қанаттас Саран, Абай, Шахтинск қалаларында да ерекше салтанатпен мерекеленді. Ал облыс орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында атаулы күнге орай жиын болып, шахтерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Кеншілер астанасы Шахтер күнін атап өтті

– Сіздерге жасап отырған орасан еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығымен келісімге қол жеткізіп, ресми құжатқа сәйкес, компания өндіріс нысандарына үш жыл ішінде 305 млрд теңге инвестициялайтын болды. Бұл қаражат шахталарды дамытуға, еңбеккерлердің қауіпсіздігін арттыруға жұмсалмақ. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтайсын, –деді салтанатты жиынның кіріспесінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Шахтерлер мен еңбек ардагерлерін «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның атқарушы директоры Вадим Басин де компания басшылығының атынан арнайы құттықтады.

–Бүгінгі күн Қарағанды үшін ерекше, өйткені бұл осы өңірдің негізін қалаушы шахтер еңбегінің мерекесі, –деді ол.–Осындағы мыңдаған адамдардың өмірі шахтердің үлкен құрметке лайық ауыр еңбегімен байланысты. Осы өңірдің игіліктері тікелей сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Әсіресе, ардагер шахтерлерге алғысымыз шексіз, сіздердің арқаларыңызда қазір біздің қалыптасқан еңбек дәстүрлеріміз, сіздердің жолдарыңызды қуған ізбасарлар бар.

Осыдан кейін бірқатар кеншілерге түрлі марапаттар табыс етілді. «Тентек» шахтасындағы конвейерлік көлік учаскесінің басшысы Р.Валеев; тазарту кенжарының жұмысшылары Г.Виговский (Ленин атындағы шахта), Л.Котов («Шахтинск» шахтасы), Б.Махамбетов ( «Абай» шахтасы), С.Чернышов (Т.Күзембаев атындағы шахта); проходчиктер О.Проскурнин (Костенко атындағы шахта) мен Қ.Мұрынбаев («Қазақстан» шахтасы), «Саран» шахтасының жер асты электрслесарі И.Свиридов І дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар, осы белгінің екінші дәрежесімен 17 шахтер, үшінші дәрежесімен 25 шахтер наградталды.

Ал үш дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісінің әр дәрежесімен он екі адамнан, барлығы 36 шахтер марапатталды. Сондай-ақ, ондаған кеншілердің еңбегі мереке үстінде Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен аталып өтті.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Шахтерлер алдында белгілі өнерпаздар Арайлым Жүкенова мен Ершат Қонақбаев, Тәттімбет атындағы Академиялық ұлт аспаптары оркестрі, «Мерей» ансамблі және осы мерекеге орай Алматыдан арнайы шақырылған танымал әнші Әли Оқапов өнер көрсетті.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ