Еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК бас директоры Жайлаубай Жұбатов Алматыда журналистермен кездесуі барысында осы тұрғыдағы мәліметтерді ортаға салды. Белгілі маман қазақстандық ғарыш мекемесінің химиялық-сараптамалық зертхананың қызметі мен оның негізгі кеңсесінің қызметі туралы да айтып берді.
Кәсіпорынның міндеті – оқтай ұшқан зымыран тасығыштың кенет апатты жағдайға душар болып құлаған сәтінде аумақтағы экологиялық зардабына мониторинг жасап, оның қоршаған ортаға, адамдарға қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екенін айғақтау. Бұл экологиялық және әлеуметтік-гигиеналық сараптамалардың барлығы аталмыш кәсіпорынның геоақпараттық базасында мұқият сақталады. Мұнда қазірдің өзінде 200 мыңға жуық ақпараттар жиынтығы бар.
Қазақстандық «Ғарыш-экология» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ғылыми қолданбалы жобасының жүзеге асуы арқасында бірқатар әдістемелік бағдарламалар дүниеге келді. Зымыран отынының компоненттерін зерттейтін, трансформацияланған гептил мен Т-1 зымыран керосинінің гигиеналық өнім нормаларын тексеретін, топырақты детокцикациялаудың (залалсыздандырудың) технологиялық регламентттерін қадағалайтын нақты жұмыстар атқарылады.
Мәскеу түбінде өтіп жатқан «Армия-2018» халықаралық әскери-техникалық форумы аясында Қазақстан мен Ресей тараптары Байқоңыр аумағында қазақстандық «Бәйтерек» зымыраны кешенін салу туралы кезекті келісімге қол қойды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ