– Жайылымдық мал шаруашылығын өркендету мәселесі Мемлекет басшысының 5 жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған-ды. Алайда менің ойымша, ауыл шаруашылығы министрлігі, өзге де жергілікті өкілетті органдар бұл мәселеге орай тиісті іс-шараларды жүргізбегені көрінеді де тұрады. Өйткені далада жайылып жүрген мал көрінбейді. 2017 жылдың 20 ақпанында «Жайылым туралы» Заң қабылданған кезде де әжептәуір бетбұрыс болатын шығар деп күткен едім, бұл үмітім де ақталмай келеді. Отандық мал шаруашылығын өркендетудің тиімді тәсілінің бірі – жайылымдарды бір жүйеге келтіру мәселесі созылып барады, – дейді ол.
Оның айтуынша, кең-байтақ еліміздің далалық алқабы жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Бұған Түгел Оспанұлы туып-өскен, еңбек етіп жүрген Шалқар ауданынан тиісті дәйектер келтірді.
– Шалқар жер көлемі ауқымды, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын өңір. Оның бір шеті Ырғызбен жалғасса, екінші қапталында Қызылорданың Арал ауданы орналасқан. Үстіртке қарай Байғанин, батысында Мұғалжар аудандары. Ал өңірдің оңтүстік-шығысы Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстан Республикасымен шектеседі. 62 мың шаршы шақырым аймақты алып жатқан өлке төрт түлік мал өсіру үшін таптырмайтын қоныс. Алайда осы мүмкіндік тиімді пайдаланылмай жүр, – деді бұдан әрі Т.Мәнбетжан.
Елден келген азамат малды жайылымда бағудың артықшылықтарына тоқталды. Бұл жерді тоздырып, шаңын шығарып, табиғатты бүлдіру емес. Керісінше, шөптің малға жұғымды азық болатын кезін қалт жібермеу деген сөз. Жазда шауып алып, қажет кезінде малға беретін жем-шөптің көлемі де шектеулі. Оған қоса, алдын ала әзірленген азық малдың қарнын тойғызар, алайда нәрлі де сапалы бола бермейді. Ауыл шаруашылығы ғылымында мал жайылымда жүріп жейтін өсімдіктің 123 түрі болатыны дәлелденген. Яғни жайылған кездегі қоректі бордақылау кешенінде берілетін рацион айырбастай алмайды. Ең дәмді, ең құнарлы ет кешенде тұрған емес, жайылған малдың еті. Міне, малды жайылымда бағудың артықшылығы осында.
Әр өсімдіктің белгілі бір өсіп-жетілу мерзімі, оны жайылым ретінде пайдаланатын кез болады. Соны зая кетірмеген жөн, әйтпесе, құнары жойылып кетеді.
– Жоғарыда айтқанымдай, сан түрлі өсімдік пен шөптің өсіп-жетілу кезеңдері бір-бірімен сәйкес келе бермейді, мұны да ескерген жөн. Мысалы, қоңырбас пен түйежапырақтың өсіп-өнуі бір айға да жетпейді. Уақыты келгенде тез қурап кетеді. Демек, оны шұғыл пайдаланып, пайдаға асыру керек деген сөз. Ал бұлардың азықтық қасиеті 1 жылға татырлық десем қателесе қоймаспын. Басты айтайын дегенім, осы мәселелер еді, – дейді кейіпкеріміз.
Әңгімесінің аяғында Түгел Мәнбетжан арнайы кешен мен қорада қимыл-қозғалыссыз, алдына тасталған қоректі күйсей берген малдан алынған ет пен сүттен гөрі, жайылған малдың өнімі әлдеқайда дәмді әрі қуатты болатынына тағы да екпін түсірді. Малды мүмкіндігіне қарай жайылымда бағудың артықшылығы мен тиімділігі өте көп деп түйіндеді.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы