Тарих • 28 Тамыз, 2018

Алты құлаш әулие қорымы имандылық орнына айналады

366 реткөрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 30 шілде күнгі санында «Алты құлаш әулие кесенесі – Ақтаудың Тәж-Махалы болса...» деген мақала жарық көрген болатын. Бұл «тырнақ астынан кір іздеп» мінеу мен сынау емес, болса деген ізгі тілек, ел мен жер берекелі, дала мен қала көрікті болса деген перзенттік-азаматтық пейіл және «өлі жебемей, тірі байымайды» дегендей, өткендер рухы алдындағы айтылуға тиісті парыз болатын. Оның үстіне, жуырда ғана, яғни тамыз айының 11-12-де алқалы жиын өткізіп, республика қалалары арасында алғаш рет бес мемлекеттің президенттерін төріне тоғыстырып, әлемге тараған маңызды жаңалықтың тұғырына айналған Ақтау – болашағы зор қала. Кешегі «түбек», бүгінгі дәліз – Маңғыстаудың бас қаласы, облыс орталығы, кемелер қалқыған көк теңіз жағасындағы Қазақстанның портты қаласының ажарлы болуы – баршамыз үшін мақтаныш.

Арада ай өткенде Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен жан жадыратар қуанышты хабар келіп жетті.

«Ақтау қаласының 17 шағын ауданында орналасқан «Алты құлаш әулие» қорымының маңынан жаңа заманауи үлгідегі мешіт салынады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары және бір топ ғалымдармен бірге аталмыш тарихи-мәдени нысанның басына барып, құрылыс жұмыстарымен таныс­ты. Жаңадан бой көтеретін ғибадат үйінің жобасы талқыланып, мамандар жан-жақты ұсыныстарын ортаға салды» делінген хабарламада.

Мамандармен қорым маңын барып көрген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов:

– Тарихы тереңде жатқан қорымның айналасы алдағы уақытта көпшілік зиярат етіп, рухани-имандылық азық алатын ортаға айналуы тиіс. Сондай-ақ қала қонақтары үшін қолайлы жағ­­дай жасалып, негізгі туристік нысан ретінде қызмет ететін болады. Ол үшін жамағаттың дем алуына ыңғай­ластырылып, мешіттің айналасы абаттандырылуы тиіс, деп тапсырма берген.

Алты құлаш әулие мазары сол қалпында сақталып, айналасындағы қоршаулары жаңартылып, халқымыздың тарихы мен тағылымын танытатын кесенеге айналмақ.

«Белгілі археолог Андрей Аста­фьевтің­ дерегіне сүйенсек, Алты құлаш әулие ескерткіші Х-ХI ғасырға жатады. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ламасы бойын­ша облыстық мәслихат шешімімен әулие ­мазарын мәдени орын қатарына кіргіз­ген. 1996 жылы Алты құлаш әулиенің сырты қоршалып, кейін ескерткіш-кесене салу ісі көтерілді. Бірақ аяқсыз қалған. Осылайша, Алты құлаш әулие мазарының мәселесі 20 жылдан астам уақыт шешімін таппай, қаланың қақ ортасында қараусыз қалған қоңыр­қай күйде болды. Талай рет ақсақалдар қауымы құзырлы мекемелерге хат жазып, қорымды қалпына келтіру туралы өтініш берген. Бүгіннен бастап аталған алаңда жылдар бойы жатқан күл-қоқыстар мен құрылыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Киелі қорым басына арнайы барған зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары батасын беріп, ақ тілектерін жеткізді» делінген одан әрі хабарламада.

Бұл маңғыстаулықтар көптен күткен жаңалық және талайдан бері айтып жүрген мәселе болатын.

Қазіргі таңда Ақтауда 1989 жылы ашылған шағын қалалық мешіт пен 2000 жылы салынған Бекет ата атындағы Маңғыстау облыстық мешіті бар. Ақтау қаласы тұрғындары санының артуы мешіттердің сыйымдылығы мәселесін туындататыны белгілі. Осы орайда, Алты құлаш әулие қорымы маңынан бой көтеретін мешіт және қала қонақтары мен тұрғындары барып зиярат ететін рухани-имандылық орнына айналатын әулие кесенесі – уақыт талабы.

Зиярат үшін барған жекелеген тұрғындар болмаса, қаланың ортасында қараусыз қалып келген қорым енді қайта жаңғырған кесене болып қала сәулетін асырып, сондай-ақ халыққа қызмет етіп, ұрпақ санасы мен тәрбиесіне имандылық сәулесін шашып, сіңіретін орынға айналса қандай қуаныш! «Егемен Қазақстан» газетінде көтерілген мәселе шешімін тауып жатса, ол да басылымның оқырманның көкейіндегі мәселені орынды қозғағаны деп айтуға болады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Үйретері көп үйірме

Аймақтар • Бүгін, 08:59

Медицина музейі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:57

Корей асханасы елордада

Қоғам • Бүгін, 08:55

Омыртқа – бүкіл ағзаның ұстыны

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Ұлы есімдер ұлықталады

Руханият • Бүгін, 08:35

Тектілік феномені

Руханият • Бүгін, 08:27

Ұлық жырдың ұзаны

Руханият • Бүгін, 08:25

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

Руханият • Бүгін, 08:10

Ұқсас жаңалықтар