Әдебиет • 28 Тамыз, 2018

Ойсыздықтан қорыққан ақын

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының ең шалғай жатқан Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылын­да ақын Жанғали Мырзалиевтің «Асау» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Ойсыздықтан қорыққан ақын

«Осы да оқиға болып па?! Қазір кім кітап шығармай жатыр?» дерсіз. Бірақ Жанғали ақынның жөні бөлек еді. Біздің қазақта тасжарарлық таланты болса да, танылмай кеткен тұлғалар өте көп қой. Солардың бірі – жәнібектік ақын Жанғали Мырзалиев еді. Оқушы кезінен жас тілшілер құрамында аудандық газетте жұмыс істеп көзге түскен ақын ҚазМУ-дің журналис­тика факультетінде оқыған. Жанғали Мырзалиевтің өлеңдері, мақалалары кезінде республикалық «Қазақ әдебиеті», облыстық «Орал өңірі» және аудандық газет беттерінде жиі жарияланатын. Талайлы тағдыры талқыға түсіп, өкінішті өмірі 44 жасында үзілген ақынның соңында жоқтаушы да болмай, мүлдем ұмытылып кеткендей еді.

Бірақ жәнібектік жанашыр жігіттер бірнеше жылдан бері архив кезіп, газет тігіндісін ақтарып, ақынның мұрасын жинастырды. Бұл істің басында белгілі мәдениет қайраткері Дәулеткерей Құсайынов, журналистер: Нұрлыбек Рахманов, Нұртай Текебаев та жүрді. Ақыры осы істің нүктесін Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов қойып­ты. «Туған жер» бағдарламасы аясында жерлес­терін жұмылдырып, ақынның туған жері Ақоба ауы­лында «Жырдың шамын маздатып...» атты облыс­тық ғылыми-шығармашылық конференция ұйымдастырған.

Ақын кітабының тұсаукесеріне арналған кеште замандастары мен ауылдастары небір әсерлі әңгімеге куә болды.

«Жастық өтті жалын жүзден әр тайып,

Күннен күнге келеміз ғой қартайып.

Біз қорықсақ, жаудан емес, бауырым,

Ойсыздықтан қорқайық!

Бұл өмірдің әр сағатын, әр сәтін,

Шақтай келген қарсы алайық аңсатып.

Кейде бізді мадақтаса несі айып,

Бедел сатып жүрмегенге,

Ар сатып...» деп жырлаған ақынның әр жерде шашылған жырларын жинақтап, жеке кітап етіп бастырған Ахмедияр Батырхановқа жерлестері алғыс айтты.

– Жетпісінші жылдары қазақ поэзиясына жеке лек болып келген Темірхан Медетбеков, Кеңші­лік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Күләш Ахметова сынды замандастарымыздың қатарында Жанғали Мырзалиев те болды. Ол ҚазМУ-де оқыған жылдары қазақ поэзиясын аспандатқан ақын қыз-жігіттермен бірге өсті. Жарыса жыр жазды. Жатақхананы күңірентіп өлең оқыды. Жанғали сол керемет талантты топтан бөлініп, туған жерге оралуға мәжбүр болды. Егер Жанғали үлкен ортадан ажырамаса, қазақтың аса көрнекті ақыны болып қалыптасар еді. Оған жырлары куә, – дейді ақын Айтқали Нәріков.

Осы кешке қатысқан Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов та ақын аруағын аспандатқан құрметті қонақтарға ел атынан алғысын айтып, ақын Айтқали Нәріков пен ғалым Зейнолла Мүтитегінің иығына шапан жапты.

Конференция соңынан меймандар Ақоба ауылы көркемөнерпаздары қойған концертті тамашалады.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы