Аймақтар • 28 Тамыз, 2018

Алматыда жүрегіне операция жасатқан баланың халі ауыр

2223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Редакциямызға Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылының тұрғыны Қанаят Әбдібекұлы есімді азамат хабарласқан болатын. Біз бауыр еті баласы үшін жанұшырған ата-ананың сөзіне құлақ түріп, мәселенің мән-жайына үңілдік. 3 жасар қызының ауыр халде екенін айтты.

Алматыда жүрегіне операция жасатқан баланың халі ауыр

Қанаяттың айтуынша, маусым айында тұмау тиіп ауырған баласын  Ұзынағаштағы ауруханаға апарып, өкпесін рентгенге түсірген. Рентген  нәтижесі бойынша Мыңбаев ауылы ауруханасындағы дәрігерлер жүрегін УДЗ-ға түсіруге Перинатология және балалар кардиохирургия орталығына жібереді. Ал ондағы дәрігерлер  баланың жүрегінде тесік бар екенін айтып, жедел операцияға дайындайды. Сөйтіп 11 шілде ауруханаға жатқызылған балаға 17 шілдеде Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында операция жасалады.

«Дәрігер операцияның сәтті өткенін айтып, баланы бір аптаға дейін ұйқы дәрі беріп оятпау керек екенін жеткізді. Балам 10 күн жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Дәріні тоқтатқан соң да 3-4 күнге дейін есін жимады. Балам көзін ашқанда екі көзі де көрмейтін, қол-аяғы жансыз, денесіне жаралар шыққан болып шықты. Невропатолог дәрігер ми қантамырына қан жетіспейді деген диагноз қойды. 25 тамызда Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырды. Бірақ балада оң өзгеріс жоқ», дейді Қанаят Әбдібекұлы.

Біз бұл мәселе бойынша Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында Нұрайым Қанаятқа жауапты болған дәрігер, балалар кардиохирургы Қайрат Қуатбековке хабарластық. Дәрігер операцияға кіріп бара жатқанын айтып,  телефон арқылы жауап бермейтінін жеткізді. «Операцияға кіргелі тұрмын... Ол бала қазір біздің ауруханада жатқан жоқ. Сондықтан да айта алмаймын. Тек туа бітті жүрек ақауы, жүрек ішіндегі қарынша аралық перде ақауы, өкпе тамырының гипертензиясы бар екенін ғана білемін. Нақтысын айту үшін ауру тарихына қарау керек», деді Қ.Қуатбеков.

Іле-шала Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына хабарласып, Нұрайымның қазіргі дәрігері Ғазиза Бисалиевадан науқастың қазіргі хал-жағдайын сұрадық. «Аурухананың әкімшілігінен рұқсат алған соң ғана жауап беремін. Рұқсат болмаса ешқандай ақпарат бермейміз. Ондай ақпаратты тек қана ата-анасына береміз», деді ол.

Баланың диагноздары жазылған анықтаманы Астанадағы кардиолог маманға оқытқанымызда «Балада жүректің қарыншааралық қалқанының кемшілігі бар деген диагноз қойылған.  Сол кемшілікті тігу үшін операция жасалған. Отадан кейін сіңір тарту эпизоды болған. Бөлім меңгерушісімен бірге қарау жүргізгенде баланың ми қан айналымы бұзылған деп диагноз қойылыпты. Окулист көз тамырларының зақымдалуы оттегінің жетіспеушілігінен екенін айтқан. Бұл анықтама бойынша барлық мәселе мидың қан айналымының бұзылуынан болып тұр. Консилиум жинап, бір шешімге келу керек», деді.

Редакция бұл мәселені егжей-тегжейлі анықтау үшін алдағы уақытта барлық жағдайды назарда ұстайды.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024