Президент • 29 Тамыз, 2018

Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ. Мемлекеттік құрылым негізі

235 реткөрсетілді

Егемен Қазақстанның дамуына 1995 жылғы жаңа Конституция үлкен ықпал етті. Елбасы 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуінде елге не үшін жаңа Конституция керектігін және оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігін халыққа жете түсіндіріп берді.

Сол кезде Әділет министрі На­ғашыбай Шайкеновтің бас­шы­лығымен жұмыс тобы құрылып, Елбасы оның жұмысын тікелей өз бақылауына алды. Мемлекет бас­шысы, оған қоса сарапшылар­мен бірге Конституция бапта­рын талқылауға бастан-аяқ қатыс­қан­дығын ел біледі. Оның үстіне Пре­зидентке әлем елдерінің конс­ти­туциялық құрылымы, билік тар­мақ­тарының өзара қатынасы, сая­си партиялардың жұмысы, адам құқығына, жекеменшікке бері­летін кепілдік және т.б. мәселелер жөніндегі көптеген әдебиеттерді қарап шығуға тура келді.

Елбасы заңгерлерге өзге мем­лекеттердің конституциясын құр көшіре салмай, керісінше, бас­қа елдердің тәжірибесін тал­дау негізінде Қазақ елінің сая­си дәстүрі мен құрылымына сай ке­летін Негізгі заң жобасын дайындау керектігін ұдайы ескертіп отырды. Осының нәтижесінде қазір Конституцияның барлық бап­тарынан біздің халқымыздың ұста­нымы мен дәстүрлеріне және бо­лашақтағы әлеуетіне сәйкес ке­летін өз болмысымыз байқалады.

1995 жылдың 22 мамырында Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының жобасын қарау жә­не заң тұрғысында бағалау үшін ол арнайы құрылған консультативтік кеңеске жіберілді, ал 30 маусымда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Қазақстандықтар өз­деріне елдің ең маңызды құ­жатын жасауға қатысу сеніп тап­сырылғанын түсіне отырып, мәселеге айрықша жауап­кершілікпен қарады. Бір айға со­зылған талқылаулар бары­сын­да олар бас құжатқа 30 мың­ға жуық өзгерістер мен толық­ты­ру­лар ұсынды. Осы ұсыныстар ес­керіле келе, Конституция мә­ті­ніне 1100 түзету енгізілді. Ал 1995 жылдың 30 тамызында жал­пыхалықтық референдум өткі­зілді. Жалпыхалықтық іс-шараға ел азаматтарының 81,1 проценті қатысып, олардың 90 процентке жуығы жаңа Конс­титуцияны мақұлдап дауыс берді.

Осындай жолмен Қазақ елінің мемлекеттік құрылысы сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жарияланды.

Президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын нақтылайтын ең жоғары лауазымды тұлға, халық пен билік бірлі­гінің, Конституцияның мызғы­мастығының, адам мен азамат­тардың құқығы мен еркін­дігінің кепілі болып табылады.

Ата Заңымыздың негізінде жоғары заң шығарушы орган – Сенаттан (жоғары палата) және Мәжілістен (төменгі палата) тұ­ратын Парламент болып бел­гі­ленді.

Республиканың Жоғары сот органы – жалпы юрисдикциядағы соттардың қызметін бақылайтын және сот практикасындағы кез кел­ген мәселені түсіндіретін Жо­ғар­ғы сот. Жоғарғы сот мүше­лерін Президенттің ұсынысы бо­­йынша Сенат сайлайды, ал жер­гі­лікті судьяларды Президент таға­йындайды.

Ел Президентінің талабы бо­йын­ша жаңа Конституцияның соң­­ғы мәтініне еліміздің базалық прин­циптері болып есептелетін қоғам­дық келісім, саяси тұрақ­тылық, бүкіл халықтың игілігі жо­лын­дағы экономикалық даму, қа­зақ­стандық патриотизм ұғымдары енгізілді.

Жалпы Парламент атқарушы және заң шығарушы билік тар­мақтары арасындағы тұрақты тепе-теңдік қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Парламенттегі екі палатаның әрқайсысы заңдарды дәйекті түрде талқылау жолымен заң жобаларын пысықтаудың тиімді ішкі тетігін жасауға қол жет­кізді. Парламент кәсіби және құ­зыретті заң шығарушы орган ре­тінде республикалық және ай­мақтық мүдделердің үйлесуін қам­та­масыз етуге, заңды жобалау жұмы­сында жоғары сапаға жетуге қабі­леттілігін көрсетті.

Мемлекеттік механизм жетілді және соған сәйкес аумалы-төк­пелі жағдайларға қарай, билік құры­лымының да үнемі жаңарып тұ­руын өмірдің өзі талап етті. Мә­селен, Президент 1998 жылғы Жол­дауында Конституцияға бұрын жария етілген сая­си ырық­тандыру арнасында бір­неше түзету енгізуді ұсынды. Бұл түзе­ту, атап айтқанда, сайлау жүйе­сін жетілдіруге, әділ жә­не ер­кін сайлауды қамтамасыз етуге, саяси партиялардың рө­лін арт­ты­руға, Парламенттің өкі­леттігін кеңейтуге, азаматтық қо­ғамды жан-жақты дамытуға, бас­па­сөз бостандығын қамта­ма­сыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін қа­лып­тас­тыруға, барлық билік орган­дарында әйелдердің өкіл­дігін арттыруға қатысты болды.

Қазақ елінің Ата Заңы 1995 жыл­дан бастап мемлекеттік құ­рылысты жаңартып, экономиканы реформалауда елеулі табыстарға жетуге септігін тигізді.

Осы арқылы Конс­ти­ту­ция­мыздың негізгі қағидаларына сү­йене отырып демократиялық қо­­ғамның негізін қаладық, әлем­дік нарықтық экономикадан өз ор­­нымызды таптық. Ең бастысы, демократияның ең маңызды институты – парламентаризмді да­мыту үшін барлық жағдай жасалды. Қос палаталы Парламент уақыт сынынан абыроймен өтті. Мұны Ата Заңымыздың игілігі мен шарапаты деп есептеймін.

 

Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ,

Қазақ-орыс халықаралық университеті «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Балқаш қол бұлғайды

Туризм • Бүгін, 10:55

Әділдіктің бағдаршамы

Қоғам • Бүгін, 10:26

Бұл – халқымыз үшін тарихи күн

Президент • Бүгін, 10:19

Зығыр өндіруден бірінші орында

Экономика • Бүгін, 09:49

Ұқсас жаңалықтар