Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Заңдылықтың қайнар көзі

799 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құқық үстемдігін құрметтеуді және жаппай заңға мойынұсынушылықты мақсатты және жүйелі түрде қалып­тас­тыру – уақыт талабы. Ал Конституция талап­тарын нығайту құқық үстемдігін қамта­масыз еткен жағдайда ғана толық­қанды іске асырылмақ. Бұл адам­ның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тарына деген кепілдікті, құқықтық ашық­тықты, әділдікті, заң алдындағы теңдікті сақтап, өкілеттілікті асыра пай­да­­ла­нуға жол бермеуді және сот төрел­і­гіне қол­жетімділікті қамтиды. Бірақ осы қағи­­далардың орындалуы қалай жүзеге асырыл­­мақ?

Бұл біздің құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қоғамдық құндылықтарымызды орнықтырудағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Өйткені кез келген адамның құқы қорғалуы үшін, алдымен заңдылық сақталып, конституциялық құқық үстемдігі салтанат құруы тиіс. Бұл – бүгінгі өркениетті елдердің басты ұста­нымы. Мәселен, әлемде экономикасы озық, саяси мәртебесі биік, өркениетті елдердің басты көрсеткіші адам құқының қорғалу деңгейімен айқындалады. Мұндай елдерде барлық материалдық жақсылық, алдымен адамның өзіне, ал әділдік оның құқын құрметтеуге бағытталады. Осындай оң жағдай жасалған мемлекеттердің халқы да елдегі тәртіп пен талаптың жоғары болғанын қалайды.

Ал біздің елімізде қалай? Адамға алдымен жақсылық жасалуы үшін бір ғана мекеме, яки ұйым емес, мемлекеттің барлық саласы жұдырықтай жұмылуы керек. Әсіресе соның ішінде, құқық қорғау салалары заңдылықтың сақталуына аса мән бергені жөн. Олай дейтініміз, Ата Заң – Конституциямызда «Қазақстан Респуб­ли­касы өзін демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғаны белгілі. Демек Ата Заңымыздың бірінші бабында айтылған бұл қағида барлық мемлекеттік салалардың бірігіп қолға алар негізгі міндеті болып отыр. Алайда осы айтылған маңызды міндеттердің орындалуын Конституциямызға сай кім қамтамасыз ете алмақ? Міне, осы орайда Елбасының: «Конституциялық Кеңес конституциялық заңнаманы қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухына және әрпіне сәйкес келуінің берік кепілі» деген сөзі осы тәуелсіздік жылдары ішінде барлық мемлекеттік салалар жұмысының оң реформалануына жол ашып отыр.

Жалпы бұл орайда мемлекетімізде Конс­титуциялық Кеңес қызметінің сапасын жетілдіру жолына о бастан-ақ ерекше назар аударылып келеді. Президент Конститу­ция­лық Кеңестің Ата Заң үстемдігін қамта­масыз ететін мемлекеттік орган екеніне тоқта­лып, оның әлеуетін одан әрі арттыра түсу қажет­тігіне де назар аударып отыр. Сон­дық­тан Пар­­ламенттің, еліміздегі мемлекеттік органдар­дың қабылдаған бүкіл заңдары мен норматив­тік құқықтық актілері Конституция ереже­леріне және нормаларына толық сәйкес келуі тиіс.

Ендеше мемлекеттік салалардың қайнар көзі Ата Заңымыздың талаптарынан бас­тау алады десек, осы орайда Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев еліміздің сот жүйесін әлемдік стан­дарттарға сәйкестендіруде көпте­ген көшелі міндеттерді алға қойды. Ең бас­тысы адам құқы барлық жағдайда басты назар­ға алынуы қажеттігін қатаң тапсырды. Бұл айтылған ортақ мақсаттарды жүзеге асы­руда құқық қорғау органдарының және сот жүйесінің атқаратын міндеті зор. Мәсе­лен, тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемле­кеттің негізі болып табылады. Сондық­тан еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қата­рына қосылу үшін сот жүйесінің атқарар жұмыстарын Конституция талаптарымен үзбей сәйкестендіріп, жүйелі түрде жүргізу – заңдылықтың қайнар көзі. Осындай жүйелі де үлгілі атқарылған жұмыстар нәтижесінде тәуелсіздік жылдары ішінде құқық қорғау органдары мен сот жүйесі ғана жетіліп қоймай, елімізді әлем таныды. Қазақстан дүние жүзін мойындатты. 

Ендеше Елбасы алға қойған тапсырмаларды мүлтіксіз орындауда арқасүйер Ата Заңымыздың әлеуеті зор дейміз. Соған сай Конституциямызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі деп нақты белгілеуіне орай өрбіген заңдылықтарымыздың одан әрі өріс алуына сәйкес қызметін жүргізетін Конституциялық Кеңес мақсатының да маңызы арта бермек. Бұл орайда, жоғарыда айтқанымыздай, Конституция талаптарының жіті сақталуына аса көңіл бөлініп, азаматтарымыздың құқын қорғауда құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмысы соған сай жүргізілуі қажет. Сонда ғана адам құқының қорғалуы – заңдылықтың сақталуы деген қағида шын мәнінде жүзеге асып, әділдіктің тек соттарда ғана емес, мемлекеттің барлық саласында салтанат құра алатындығына көз жеткізе аламыз.

 

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»